Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан дұрыс тамақтанбаудан зардап шегетін 10 елдің қатарына кірді

Қазақстан дұрыс тамақтанбау салдарынан өлім-жітім деңгейі жоғары елдердің ондығына енді. Шетелдік дәрігерлердің айтуынша, қазақстандықтар тұзды және майлы тағамдарды шамадан тыс тұтынады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап.

Газдалған сусындар, фастфуд пен құрамында түрлі қоспа, дәмдеуіштері шамадан тыс көп өнімдер бүгінгі күні тамақтанудың тұрақты мәзіріне айналған. Еліміз дұрыс тамақтанбаудан 10 елдің арасында 9-орында тұр. Неміс ғалымдары қазақтардың тұз бен қантты өте көп мөлшерде тұтынатынын айтқан. Еліміздегі нутрицолог мамандар да мұны жоққа шығармайды.

“Егер біз күрішті тұзын аз етіп дайындасақ, адам оны мөлшерімен жеп, тойымдылық сезінеді. Ал оған тұзды көбірек қоссақ, керісінше адам тағы да қосымша жегісі келіп тұрады. Қант та да солай. Тұз бен қант адамның дәм рецепторлары мен тәбетін одан әрі ашады. Сондықтан шамадан тыс артық тамақтану салдары туындап жатады”, – деді нутрицолог Нұршуақ Нұрсадықова.

Елімізде артық салмақтан зардап шегетін ер азаматтар 50%-ды құраса, әйелдер саны бұл көрсеткіштен де жоғары.



Орал қаласының тұрғыны Альбина Халелова 18 жасынан бастап артық салмақтан зардап шеккен. Айтуынша 32 жасында оның салмағы 130 келіге дейін жеткен.

“Балам 3 айлық болғанда мен тіпті төсектен тұра алмай қалдым. Аяқтарым артық салмақтан бастырмай қалды. Оның үстіне түрлі ауру қосылып, жағдайым мүлде нашарлады. Үлкен  қызым 7 жаста, кішісі 3 айлық болды. Жұбайым бар, үй тіріліктері мен міндеттерімді артық салмақтың кесірінен атқара алмай қалдым. Кейін бұл тығырықтан шығудың жолын іздедім.

Бірінші кезекте қант, нан, шұжық өнімдерін мәзірден мүлде алып тастадым. Оның орнына диетамды жемістермен, кептірілген жеміс-жидектермен, жаңғақтармен, дәнді дақылдармен әртараптандырдым”, –  дейді Альбина.

Осылайша Альбина бір жарым жыл ішінде 55 келі салмақ тастаған. Иммунологтар артық салмақтан арылу үшін тек дұрыс тамақтанудың жеткіліксіз екенін айтады. Дұрыс ұйқы режимі мен күйзелістен аулақ болып, спортпен шұғылдану да үлкен рөлге ие.

“Ұйқының қанбауы көп калория жинауға сеп болады. Мысалы, шамамен бір сағаттық қанбаған ұйқы 280 калория, екі сағаттық ұйқысыздық 600 калория жинайды. Егер адам аз ұйықтаса, оның организмі қажетті энергияның тағамнан алуға тырысады. Осылайша аз ұйықтаған адам көп тамақтана батайды”, – деді аллерголог-иммунолог Рафаил Розенсон. 

Талқылау