Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан бойынша ең дәмді су қай өңірде – Су ресурстары министрі Нұржігітовтің жауабы көптің көңілінен шықпады

Нұржан Нұржігітов - су ресурстары және ирригация министріФото: gov.kz

Үкімет отырысы қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында БАҚ өкілдері су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтен "Крандағы суды ішу қауіпсіз емес пе?" деп сұрады. Сұраққа жауап беру барысында министр елді аралағанда өңірлердегі судың дәмін татып көретінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Крандағы суға қатысты сұраққа ведомство басшысы "орталықтандырылған сумен жабдықтау суды күнделікті өмірде пайдалануға болатынын білдіретінін" айтып жауап берді.

Осы тұста журналистер министрден: "Өзіңіз крандағы суды ішесіз бе?", – деп сұрады.

Министр өңірлерді аралағанда судың сапасын тексеру үшін үнемі крандағы судың дәмін татып көретінін айтты.

"Мен өңірлерді аралағанда үнемі суын ішіп көремін. Кейде менен "Ең дәмді су қай жерде?" деп деп сұрап жатады. Бұл сұраққа жауап беру үшін мен үнемі су ішемін", – деді Нұржан Нұржігітов.

Дегенмен министр Қазақстандағы ең дәмді су қай өңірде екенін айтқан жоқ.

"Айтпаймын. Әлі (бүкіл Қазақстанды – ред.) аралап біткен жоқпын", – деп жауап берді министр.

Еске салсақ, бүгін үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев еліміздегі сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғыртуға қосымша 161 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді.

 

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 01 Шілде, 2025 14:04
Талқылау