Қазақстан алғашқы АЭС құрылысына Ресей қатысады деп үміттенеді
Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысына Ресейдің де қатысатынына үміттенетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ТАСС басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Сыртқы істер министрі бұл туралы Ресейдің СІМ басшысы Сергей Лавровпен кездесу кезінде айтты.
"Инвестициялық жобаларға келсек, бізде ресейлік бизнеспен бірлескен ірі жобалар өте көп. Олардың ішінде жақын арада іске асырылатыны 170-тен астам кәсіпорын. Әрине, маңызды жобалардың бірі – Қазақстандағы АЭС құрылысы. Салалық министрліктердегі әріптестеріміз тиісті жұмыс жүргізеді деп үміттенемін", – деді Нұртілеу Лавровқа.
Құрылыс бойынша қысқа тізімге төрт компания кірді. Бұл қытайлық CNNC, оңтүстік кореялық ICHNP, ресейлік "Росатом" және француз EDF.
Энергетика Вице-министрі Сұңғат Есімханов болашақ атом электр станциясының мердігері маусым айында белгілі болатынын айтты.
Еске салайық, бұған дейін энергетика министрлігі еліміздегі АЭС құрылысы шетелдік несиелер есебінен салынатынын жеткізді. Айтуынша, АЭС салуға Ұлттық қор мен зейнетақы қорындағы ақша жұмсалмайды. Ведомство жеткізушілерге АЭС салу жобасын қаржыландырудың түрлі нұсқасын ұсынатынын айтты. Яғни экспорттық несие мен халықаралық қаржы институттарын қаржыландыруды тартатынын атап өтті. Сонымен қатар атом электр станцияларын салу жобасын қаржыландырудың әртүрлі нұсқалары ұсынылмақ. Энергетика министрлігі 1 шілдеге дейін АЭС салатын компанияны анықтайды.