Қазақстан "бэби-бум" кезеңінен шығып, туу көрсеткіші күрт төмендеп жатыр
Фото: pixabay.com
2022 жылдан бері жаңа туған сәбилер саны азайып келеді. Бір кездері демографиялық өсіммен ерекшеленген еді. Сарапшылардың айтуынша, жас буын отбасын құру мен ата-ана болуды саналы түрде кейінге қалдырып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Социология магистрі Асия Шеридің айтуынша, саналы ата-ана болу, мансап пен өзін-өзі дамытуға ұмтылу, болашаққа деген алаңдаушылық осындай факторлар олардың шешіміне әсер етіп жатыр.
"Қазіргі кезде неке тұрақтылықтың кепілі деген түсінікпен байланысты емес. Бұл – ер мен әйелдің саналы түрде қабылдайтын шешімі. Олар отбасы құрудың үлкен жауапкершілік екенін түсінеді", – деді Асия Шери.
2022 жылдан бері Қазақстанда туу көрсеткіші тұрақты түрде төмендеп жатыр. Бұл әлем бойынша байқалып отырған үрдіс. Көптеген ел демографияны түрлі жәрдемақылар мен төлемдер арқылы қолдап көреді. Алайда қаржы сарапшысы Арман Бейсембаевтың айтуынша, мұндай шаралар әрдайым нәтиже бермейді.
"2020 жылдан бастап жағдай қиындап кетті. Әуелі пандемия басталды. 2021 жылы да соның салдары жалғасты. 2022 жылы пандемия біршама ұмытылғандай болды, бірақ оның орнын соғыс, ұлттық валюта құнсызданып, инфляция болып жатыр", – деді қаржы сарапшысы.
Сарапшылардың айтуынша, елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздыққа қарамастан, туу көрсеткіші біраз уақыт жоғары деңгейде сақталды. Әсіресе 2021 жылы – пандемия кезіндегі шектеулер нәтижесінде дүниеге келген "карантин сәбилерінің" арқасында көрсеткіш шарықтады. Алайда саясаттанушылар қазір қазақстандықтардың көбі жинақсыз өмір сүріп жатқанын және болашаққа алаңдайтынын айтады. Сонымен қатар туу көрсеткішінің төмендеуі қалыпты әрі заңды құбылыс. Себебі қазіргі репродуктив жастағы азаматтар 1990-жылдары дүниеге келген, саны жағынан аз буын өкілдері.
Ұлттық аналитикалық орталықтың саясаттанушысы Расул Қоспанов бұл жағдайға бола алаңдаудың қажеті жоқ екенін айтады.
"Бұл демографиялық шұңқыр, яғни табиғи процесс. Кәсіби демографтар да қазіргі буыннан бэби-бум күтудің қисынсыз екенін айтады", – деді Расул Қоспанов.
Мамандардың пікірінше, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары маңызды болғанымен олар жастардың өмірлік құндылықтарын түбегейлі өзгерте алмайды.
Қазақстандық әйелдерге жүктіліктен сақтайтын таблеткаларды тегін беру ұсынылды
Еске салайық, бұған дейін Қытайда туу көрсеткішін жақсарту үшін үш жасқа дейінгі баласы барларға 500 доллар төленетінін жаздық. "Синьхуа" агенттігінің хабарлауынша, Қытайда туу көрсеткішін көтеру мақсатында жаңа мемлекеттік бала күтімі бойынша субсидия жүйесі енгізіледі. Ұлттық бағдарлама аясында ҚХР билігі үш жасқа толмаған әр балаға жылына 3,6 мың юань (шамамен 503 АҚШ доллары) көлемінде төлем жасауды көздеп отыр. Bloomberg-тің жазуынша, бұл төлемдерді 20 миллионнан астам отбасы алуы мүмкін. Бағдарламаның мақсаты – бала тәрбиесіне кететін шығындардан қауіптенетін жас отбасыларды қолдау және оларды бала сүюге ынталандыру.

"Денесін күйдіріп, саусағын сындырып, тиын жұтуға мәжбүрлеген": Балқашта ер адам 8 жасар баланы соққыға жықты деп айыпталды
