Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстан, барынша тырыстым": Земфираның Алматыдағы концерті өтпейтін болды

Фото: zemfiraworld желідегі парақшасынан

Танымал әнші Земфира Instagram парақшасында хабарлама жариялап, көптен күткен Алматыдағы концерттің болмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengri Life порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Земфира бұл жаңалықты Instagram-дағы парақшасында бөлісті.

"Сәлеметсіздер ме. Жаман жаңалығым бар, Алматыдағы концерт болмайды", – деп жазды ол.

Бастапқыда концерт 6 шілдеде Қонаев қаласында өтуге тиіс болған, кейін ол Алматыға ауыстырылған. Әншінің айтуынша, бәрі басынан-ақ дұрыс болмаған: ұзаққа созылған келісімдер, орын ауыстыру, соңында "Хан-Тәңірі" стадионында концерт өткізуге ресми түрде рұқсат берілмеген.

"Концертке екі апта қалғанда. Мен үшін афиша маңызды нәрсе, сондықтан осы жағдайды түсіне алмай тұрмын..." – деді Земфира.

Әнші Алматыдағы шілдедегі концерттің өтпейтініне өкініш білдірді.

"Қазақстан, барынша тырыстым. Соңғы кездесудің ыңғайсыз сәтін жұмсартуға, әдемі қоштасуға тырыстым. Қалай болғанда да, қазақ көрермені керемет. Ал сіздерге бұрынғы концерттер мен естеліктер үшін ризамын", – деп қосты ол.

Концертке қатысты пікірді билет сату қызметі де білдірді.

"Өкінішке қарай, бізден, әртістен және ұйымдастырушылардан тыс себептерге байланысты Земфираның Алматыдағы концерті өтпейтін болды. Концертке сатып алынған билеттерді 2025 жылдың 4 шілдесінде Ереванда өтетін концертке ауыстыруға болады. Егер сіз билетіңізді айырбастағыңыз келсе, 27 маусымға дейін [email protected] поштасына тапсырыс нөміріңізді көрсете отырып, өтініш жіберіңіз. Билетті айырбастауға өтініш жасамасаңыз, қаражат билет сатып алған төлем тәсілі арқылы 14 күнде қайтарылады", – деп хабарлады сервис.


Қазақстанда тағы бір әлемдік жұлдыз концерт өткізеді


"Димашпен кездесіп, онымен дуэт орындауды қалайды": Қазақстандықтарды әнімен сүйсіндірген 8 жасар алматылық арманын айтты


Еске салайық, бұған дейін танымал әнші Төреғали Төреәлінің Астана мен Алматы және Шымкент пен Тараз қаласында жоспарланған концерті өтпегенін жазған едік. Іс-шараның өтпейтіні туралы өнер иесінің әріптесі Мақпал Жүнісова хабарлады.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 18 Маусым, 2025 17:45
Талқылау