Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әуелі қауіпсіздік, сосын білім": "Қазақстан балалары" бағдарламасы балаларға қандай мүмкіндік береді

Фото ЖИ көмегімен жасалдыФото ЖИ көмегімен жасалды

Биыл елімізде "Қазақстан балалары" тұжырымдамасы қабылданды. Бұл бағдарлама 1926-1930 жылдары еліміздегі 18 жасқа дейінгі барлық баланы негізгі құқықтар – қауіпсіздік, денсаулық, білім және отбасы бойынша қорғап, түрлі іс-шаралармен қамтымақ. Сонымен қатар осыған дейін балаларға қатысты жүзеге асқан негізгі құзіреттер осы бағдарламаға бірігеді. Stan.kz Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төраға орынбасары Юлия Русланқызымен сұхбаттасып, бағдарлама балалардың өмірін қаншалықты жақсартатынын сұрады.

Қазақстан балалары мемлекет басшысының 2025 жылғы Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы бойынша әзірленген. Бағдарлама өз ішінде балалардың құқықтарын қорғау саласындағы барлық қолданыстағы шаралар мен бағдарламаларды біріктіреді. Ол негізгі төрт бөлімнен тұрады. Бұл төрт бөлім – баланың негізгі базалық құқықтары:

  • баланың қауіпсіздікке құқығы
  • білім алуға құқығы
  • денсаулық сақтауға құқығы
  • отбасыға және әлеуметтік қорғауға құқығы.

Бұл тұжырымдаманың ерекшелігі – ел тарихында алғаш рет барлық шараларды толық біріктірген құжат болып отыр. Сонымен қатар тұжырымдаманың іс-қимыл жоспары 158 іс-шара мен 10 индикаторды қамтиды. Ал 2026 жылға 48 іс-шара жоспарланған.

"Бұған дейін балаларды зорлықтан, буллингтен, суицидтен қорғауға арналған жеке тұжырымдамалар болды. Денсаулық сақтау саласында да, жауапты ата-ана институтын нығайтуға бағытталған да шаралар болған. Ал "Қазақстан балалары" осының бәрін біріктіріп отыр, яғни бұл – барлық бағытты қамтитын, біріктіруші құжат. Мұнда бірлесіп орындаушылар ретінде 17 орталық мемлекеттік орган қатысады. Шаралар да тиісті мемлекеттік органдарға бөлінген. 2026 жылға жоспарланған іс-шараларға келсек, 48 іс-шара көзделген. Бағдарлама негізгі шаралар 2026 және 2027 жылдары жүзеге асатындай етіп құрылған, яғни ең ірі, ауқымды жұмыстар осы кезеңде атқарылады", – деп түсіндірді Юлия Русланқызы.

Іс-шаралар екі бағытта құрылған: бір үлкен бөлігі балалардың құқықтарын қорғау саласында стандарттарды қалыптастыруға бағытталған. Яғни нақты әрекет алгоритмдері мен әдістемелік ұсынымдар әзірленеді. Ал екінші бөлігі – балалар нақты сезіне алатын практикалық шаралар. Мысалы, "Баланың отбасыға және әлеуметтік қорғауға құқығы" бағыты бойынша 2030 жылға дейін мектеп жасындағы балаларға автобустарда тегін жүруді енгізу қарастырылған.

"Қазір бұл шара кейбір өңірлерде ғана жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, Астанада бар, басқа өңірлерде жоқ. Ал біз барлық өңірде балалар автобуспен тегін жүруін көздеп отырмыз", – деп қосты министрлік өкілі.

Қауіпсіздік бағыты

Ал "Қауіпсіздік" бағытында іс-шаралар екі бағыт бойынша құрылған: физикалық қауіпсіздік және инфрақұрылымдық қауіпсіздік. Баланың физикалық қауіпсіздігі санатына мысалы, баланы зорлық-зомбылықтан, буллингтен, суицидтен қорғау жатады. Ал инфрақұрылымдық қауіпсіздікте балаларды суға батып кетуден қорғайтын нақты іс-шаралар қарастырылған.

"Балалардың терезеден құлап кету жағдайының көбеюіне байланысты 1 сәуірден бастап "Қазақстан балалары" аясында "Терезе – SAFE" атты республикалық акцияны іске қосамыз. Бұл акция көп іс-шарадан тұрады: тұрғын үй кешендерін, пәтерлерді тексеру, қауіпсіздік торларының бар-жоғын анықтау, ата-аналармен түсіндіру жұмысын жүргізу, қауіпсіздік құлпын орнатудың маңызын жеткізу. Мұнда өңірлерде белгілі бір санаттағы отбасыларды меценаттар қаражаты есебінен, қайырымдылық аясында қауіпсіздік құлыптарын тегін орнату акциясын да өткізу жоспарланып отыр", – деп түсіндірді төраға орынбасары.

Жол қауіпсіздігіне қатысты іс-шаралар да бар. Министрлік өкілінің сөзінше, қазір балаларға қатысты жол-көлік оқиғаларының саны, олардың қай жерлерде жиі болатыны зерттеліп жатыр. Кейін соған қарай жол инфрақұрылымын күшейту, жол қауіпсіздігін арттыру туралы ұсыныстар енгізілмек.

"Қазақстан балалары" аясында күшейтілетін бағыттардың бірі – жағымсыз жағдайлардан зардап шеккен балаларға көмек көрсету. Министрлік барлық өңірлерде зорлық-зомбылық құрбаны болған балаларға арналған көмек кабинеттерін ашуды жоспарлап отыр.

"Ведомствоаралық алгоритмдер күшейтіледі, өйткені, балалар үшін жаңа қауіп түрлері, жаңа қатерлер пайда болып жатыр. Біз осы қауіптерді жан-жақты ескеріп, ең әуелі балаларымызды барынша қорғауымыз керек. Ал, өкінішке қарай осындай жағдайлардан балалар зардап шеккенде оларға барынша көмек көрсетуіміз қажет. Суицидтің алдын алу аясында педагог-психологтардың мәртебесін арттыру бойынша көп жұмыс атқарылады. Ірі іс-шаралар жоспарланған, диагностикалық әдістемелер жаңартылады, яғни тәуекел тобындағы балаларды, буллинг, зорлық-зомбылық және алаңдаушылық қаупі бар балаларды қалай анықтау керек екені жетілдіріледі", – дейді маман.

Министрлік осы бағытта әлемде қолданылып жатқан ең үздік халықаралық әдістемелерді зерттеп, оларды Қазақстан қоғамына бейімдемек. Сонымен қатар бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп, барлық білім беру ұйымдарында бірыңғай диагностикалық платформаны іске қосу, педагог-психологтарды соған оқыту жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау бағыты

Жалпы денсаулық сақтау бағытындағы іс-шаралар екі бағытқа бөлген. Біріншісі – денсаулық сақтау инфрақұрылымы. Іс-шаралар жоспарында жаңа перинаталдық орталықтар, жаңа ауруханалар ашылатыны, балалар ауруханалары жаңғыртылатыны, әлеуметтік қорғау бағыты бойынша оңалту орталықтары, аутизмі бар балаларға арналған орталықтар ашылатыны көрсетілген.

"Сонымен қатар екіншісі, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан скринингтерді жетілдіру, яғни ауруларды ерте анықтау, паллиативті көмекке мұқтаж балаларға, сирек кездесетін (орфандық) аурулары бар балаларға көмек көрсету алгоритмдерін әзірлеу бойынша іс-шаралар да жүзеге асырылмақ", – дейді Оқу-ағарту министрлігінің өкілі.

Білім бағыты

Министрліктің дерегінше, бұл іс-шаралардың барлығы мектептер мен балабақшаларға да тікелей әсер етеді. Бағдарламада баланың білім алуға құқығына қатысты үлкен блок бар. Осы блок аясында баланың білім алуы қаншалықты қауіпсіз әрі қолжетімді екеніне назар аударылмақ.

Мысалы, инклюзивті білім беруге ерекше көңіл бөлінеді. Мақсат – ерекше қажеттіліктері бар балаларды мектеп ортасына барынша тарту. Мәселен, жүзеге асырылып жатқан іс-шаралардың бірі – ерекше қажеттіліктері бар балаларды мәдени-көпшілік шараларға барынша тарту. Бұл балалар концерттерге қатысып, мектеп парламенттерінде, балалар өкілдіктерінде белсенді болуы тиіс. Яғни олардың жалғыз қалмауы және мектеп өміріне толыққанды араласуы өте маңызды.

"Балабақшаларда басты назар қауіпсіздікке қойылады. Тәрбиешілер балаларға қол көтерген жағдайлар жиі кездесетінін байқаймыз. Осыған байланысты оларды бақылау шаралары енгізіледі, яғни агрессивті мінез-құлқы бар адамдардың мектепке дейінгі балалармен жұмыс істеуіне жол берілмейді. Бейнебақылау камераларын да кезең-кезеңімен енгізу жоспарда. Қазір мектеп пен балабақшалар 100% қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілген. Енді осы жүйелердің нақты жұмыс істегені, пайда әкелгені қажет. Оқиға болғаннан кейін емес, алдын ала анықтай алатын проактивті жүйе болуға тиіс. Бұған ЖИ технологиялары мүмкіндік береді. Мысалы, егер тәрбиеші балаға қол көтерген жағдай тіркелсе, ақпарат бірден жедел басқару орталығына жіберіледі", – дейді.

Оқу-ағарту министрлігі бағдарлама аясында атқарылатын жұмыстардың бәрі балабақша мен мектепке, яғни білім орындарына, ондағы күн тәртібіне тікелей қатысты екенін түсіндірді.

Ата-ана институтына ерекше назар аударылмақ

Соңғы бағыт – баланың отбасыға және әлеуметтік қорғауға құқығы аясында жауапты ата-ана институтына ерекше назар аударылмақ. Мемлекет, педагогтер, қоғам тарапынан көп жұмыс атқарылады, алайда болашақ ұрпақты тәрбиелеу және қауіпсіз жағдай жасау ата-аналардың белсенді қатысуынсыз мүмкін емес екенін түсінеміз дейді Юлия Русланқызы.

"Сондықтан "Қазақстан балалары" аясында жуырда "Ата-аналар академиясы" жобасы іске қосылды. Ол барлық өңірлерге кеңейтіліп жатыр және жауапты ата-ана болу бойынша интерактивті курсты іске қосу жоспарланып отыр. Осы бағыт аясында, яғни баланың отбасыға және әлеуметтік қорғауға құқығы шеңберінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғауға ерекше назар аударылады. Былтыр қабылдаушы кәсіби отбасы институтын енгіздік, бұл болашақта балалардың балалар үйлеріне түсуін барынша азайтуға мүмкіндік береді", – дейді төраға орынбасары.

Алайда балалар үйлері жабылмайды, керісінше "Қазақстан балалары" аясында олардың материалдық-техникалық базасы нығайтылып, тәрбиешілер оқытылады.

"Олар тек балаларды қамқорлыққа алатын ұйымдардан болашақта жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына алған жанұяларды сүйемелдейтін ұйымдарға айналуға тиіс", – дейді министрлік өкілі.

Сонымен қатар министрлік осы шаралардың есебінен үйде оқитын балалар санын азайтуды жоспарлап отыр. Егер үйде оқуға нақты медициналық көрсеткіштер болса және бала жалпы білім беру процесіне қатыса алмаса, бұл бөлек. Бірақ мүмкіндігінше балаларды мектепке тартып, ұжымда, қатарластарының арасында білім алуын қамтамасыз ету қажет деп есептейді мамандар.

Интерактивті курс әзірленіп, ата-аналарды оқыту қарастырылған. Бұдан бөлек, баланың отбасыға құқығын жүзеге асыру аясында некеге тұратын азаматтар үшін міндетті некеге дейінгі кеңес беру енгізу жоспарланып отыр.

"Бұл шаралар болашақта ажырасу санын азайтып, ата-аналардың бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді деп ойлаймын. Жұмыс істейтін ата-аналарға қатысты да шаралар қарастырылған. Қазір біз жұмыс орындарында ата-ана уақытша баласын әкеліп қалдыра алатын арнайы бөлмелер құрудың халықаралық тәжірибесін зерттеп жатырмыз. Жалпы елімізде 6,9 миллион бала бар. Кейінгі 10 жылда балалар саны 1,5 миллионға артты. Жоғарыда атап өткенімдей, осы шаралардың әрқайсысы әр балаға әсер етеді. Олардың құқығына, сол құқықты жүзеге асыруға, әр баланың әл-ауқатына ықпал етеді", – дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төраға орынбасары Юлия Русланқызы.
Еңлік Сақтан
Жұма, 20 Наурыз, 2026 11:48