Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан әйелдер құрамасы Азия кубогының жүлдесіне таласу мүмкіндігінен айырылды

Фото: FIBA

2025 жылы Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтіп жатқан баскетболдан Азия кубогының В дивизионында өнер көрсетіп жатқан Қазақстан әйелдер құрамасы жүлде үшін күресті тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жартылай финалға жолдама беретін шешуші кездесуде жерлестеріміз Моңғолия құрамасына қарсы ойнады. Қазақстандықтар алғашқы кезеңде айтарлықтай ұтылып, ойын барысында есепті өз пайдасына өзгерте алмады. Нәтижесінде матч 78:70 есебімен (33:17, 17:18, 16:11, 12:24) моңғолиялық спортшылардың жеңісімен аяқталды.

Қазақстан құрамасынан ең көп ұпай жинаған ойыншы — Анастасия Алишаускайте. Ол алаңда 21 ұпаймен көзге түсіп, команда ішіндегі ең нәтижелі баскетболшы атанды.

Осы жеңілістен кейін қазақстандықтар жартылай финалға шыға алмады және медаль үшін күресті аяқтады. Енді құрама 19 шілде күні турнирдегі соңғы кездесуін Үндістан құрамасына қарсы өткізіп, бесінші орын үшін ойнайды. Айта кету керек, топтық кезеңде Қазақстан осы қарсыласынан жеңілген болатын.

Айта кетейік, жартылай финалда Қытай Тайбэйі мен Моңғолия, сондай-ақ Иран мен Таиланд құрамалары өзара кездеседі. Аталған жарыстың жеңімпазы келесі маусымда Азия кубогының А дивизионына өтеді.

Абылайхан Палмағанбет
Жұма, 18 Шілде, 2025 19:35
Талқылау