Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан ауылдарындағы медициналық инфрақұрылымның 50%-дан астамы тозған - Денсаулық сақтау министрлігі

Ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің медициналық инфрақұрылымы 50%-ға тозған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

медициналық құрылым

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәжілістегі үкіметтік сағатта Қазақстан ауылдарындағы медицина жағдайы туралы айтты. Сондай-ақ ауылдарда мыңнан астам дәрігер жетіспеушілігі байқалады.

"Ауылдарда динамикалық бақылау сапасының төмендігі, консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімсіздігі байқалады. Сонымен қатар созылмалы аурулары бар науқастарды қымбат дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету қалаға қарағанда екі есе аз. Кейбір ауылдарда дәріхана пункттері жоқ. Ауылдағы кадрлық қамтамасыз етуді талдау 1700-ден астам медицина қызметкерінің, оның ішінде 1000-нан астам дәрігерлердің тапшылығын көрсетеді", –  деді министрлік басшысы.

Оның айтуынша, 200 елді мекенде медициналық нысандар жоқ, 400 ауылда олар жалға алынған және апатты ғимараттарда орналасқан.

Ажар Ғиният ауыл тұрғындары арасында жиі кездесетін ауруларды да атады:

тыныс алу органдарының аурулары – 42,7%;
ас қорыту жүйесі – 9%;
несеп-жыныс жүйесі – 6,3%;
қан айналымы жүйесінің аурулары – 5,4%;
жазатайым оқиғалар, жарақаттар және улану – 4,6%;
онкологиялық аурулар – 1%.

2023-2025 жылдарға арналған ауылдық денсаулық сақтауды қаржыландыру 2,6 триллион теңгені құрайды.

"Өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарын, оның ішінде 253 медициналық пункт, 160 дәрігерлік амбулатория және 242 фельдшерлік-акушерлік пункт салу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде", – деп атап өтті министр.

Ауылдарда барлығы 7,8 миллион адам тұрады (мемлекет халқының 41%-ы).

Талқылау