Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан ішкі нарықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен 80 пайызға да қамтамасыз ете алмай отыр

КөкөнісФото: freepik.com

Жоғары аудиторлық палата Қазақстан ішкі нарықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен 80 пайызға да қамтамасыз ете алмай отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

2024 жылы 8 триллион теңгеден астам сомаға ауылшаруашылығы өнімі өндірілді, бұл 23 жылмен салыстырғанда 9 пайыз артық. Сонымен бірге 179 миллион теңгеден астам сомаға қаржыландыру тиімсіз деп танылды.

"Азық-түлік қорына мониторинг жеткіліксіз. Негізгі өнімдермен өзін-өзі қамтамасыз ету әлі де 80%-ға жетпей отыр. Бұған қоса аудит барысында азық-түлік қорын есепке алудың автоматтандырылған жүйесі жоқ екені атап өтілді, бұл тауарлардың бар-жоғы мен қозғалысы туралы деректердің дәйексіздігіне әкеледі", – дейді жоғары аудиторлық палатаның ресми өкілі Динара Әлімова.

Қазақстанда өз алмасы, қант, құс еті, балық, шұжық, ірімшік, сүзбе жетіспейді. Фермерлер қауымдастығы елде ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу әлсіз деп есептейді. Бірақ негізгі мәселе – шаруаларға айналым қаражатының жетіспеуі. Дотациялар бөлініп жатқанымен, ол көбіне тек ірі агрохолдингтерге тиеді, ал шағын және орта шаруашылықтар одан тыс қалады. Ал кейбір шаруалар субсидияларын 2023 жылдан бері ала алмай жүр.

"Біз бәрін өндіре аламыз. Осының барлығын экспорттай аламыз. Тек шаруаға көмектесуіміз керек, өнімін сатуға көмектесуіміз керек. Ол субсидияға жүгіріп, қағаз жинап жүрмеуі керек. Ол жай ғана өнім өндіруі керек, болды. Мемлекет өнімдерді сатуды қамтамасыз етуі керек", – дейді Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Әкпар Мәуленов.

Жергілікті әкімдіктер азық-түлік қорын қосып көрсетеді, өйткені әкімдердің рейтингі осыған байланысты дейді қауымдастық өкілдері. Ел көлеміндегі азық-түлік қорын дұрыс есепке алмау осыдан шығады. Ауыл шаруашылығы министрлігі ел өзін-өзі қамтамасыз ете алмайды дегенмен келіспейді. Өйткені ең қажет тауарлар тізіміндегі 29 тауардың 5-еуі ғана 80 пайызға жетпейді.

"Біз 2028 жылға дейін 2 жыл ішінде жалпы құны 1 триллион теңгеден асатын 289 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл жобаларды жүзеге асыру өндіріс көлемі мен азық-түлік өнімдерінің физикалық қолжетімділігін арттыру арқылы импортқа тәуелділік мәселесін шешуге мүмкіндік береді", – деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігі агроазық-түлік нарықтары департаменті директорының орынбасары Нариман Ілиясов.

Мысалы, Алматы облысында араб компаниясымен бірлескен жоба бойынша қант зауыты ашылады. Ал мемлекеттік аудит талап ететін азық-түлік қорын есепке алудың автоматтандырылған жүйесіне келсек, Ауыл шаруашылығы министрлігі оған ақша бөлу орынды ма деген мәселені әлі де қарастырып жатыр. Өйткені олар есептерді жыл сайын өз порталында жасайды. Сондай-ақ олар қазан айының соңында аяқталуға тиіс ауылшаруашылығы санағының қорытындысын күтіп отыр.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 05 Тамыз, 2025 10:05
Талқылау
`