Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның әрбір аймағындағы еріктілер ашық қалған құдықтарды тексерді

Бүгінгі күні Қазақстанда еріктілер көше бойында ашық қалған құдықтарды іздеуге кірісіп кетті. Бұзақылардың темір құдықтың қақпағын ұрлап, оны саудаға сатуының кесірінен адамдар опат болуда. Оған мысал ретінде былтыр көз жұмған 13 жастағы Бақдаулет Өмірханды айтуға болады. Жеткіншек көмек келіп жеткенше үсіп өлген. Қалаларда қақпақсыз қалған құдықтарды саны жетерлік екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Қазақстанның әрбір аумағында еріктілер тобы құрылып, қар астында ашық қалған құдықтарды торуылдауда. Мұндай құдықтар жергілікті тұрғындардың өміріне үлкен қауіп төндіретіндігін айтпаса да белгілі.  Жиналған еріктілер мектептер мен тұрғын үйлердің маңайында ашқы қалып кеткен бірнеше құдықты тауып үлгеріпті. Әсіресе сабақтан кеш қайтып келе жатқан оқушылар мен ойнап жүрген балалар осындай құдықтардың құрбанына жиі айналатын көрінеді. 

"Кейбір құдықтардың бетіне темір тор орнатып қойған. Алайда бұл торлар ауыр салмақты көтере алмай түсіп кетеді. Ең сорақысы, осы секілді құдықтар мектептің айналасында көптеп орналасқан. Ал оның ішіндегі қатпаған суы да бар екен", - деді еріктілердің бірі. 

Нұр-Сұлтан қаласында ашық қалған құдықтар мәселесі өте өзекті тақырыптардың бірі. Өткен жылдың ақпан айында осындай жабылмай қалған құдықтың ішіне байқаусызда 13 жастағы Бақдаулет Өмірхан есімді оқуышы түсіп кеткен еді. Баланы біраз уақыт іздепті, ал баланың өмірін жалмаған құдық оның үйінен 150 метр қашықтықта орналасқан екен. Құдыққа түсіп кеткен бала үсіп өлген. 

"Қауіпсіз қала" шеруі аясында екі күннің ішінде еріктілер 700-ден астам құдықтарды тексеріпті. Олардың 100-ден астамы жабылмақ тұрмақ, айналасына белгі мен қоршау орнатылмаған. Ашық қалған құдықтар жайлы хабар жергілікті атқарушы органдарға жіберіліпті. 

Елорданың өзінде 100 мыңнан астам құдық тіркелген. "Iкөмек" ұйымына ашық қалған құдықтар жайлы күніне мыңнан астам хабар келіп түседі екен. Заң бойынша аудандық билік өздерінің аумағында орналасқан ашық қалып қойған құдық анықталған жағдайда бірінші күні оны қоршап, екінші күні мәселенің толыққанды шешімін табуы шарт. 

Еріктелердің сөзінше, өздері анықтаған заңбұзушылық жағдайларды әкімдікке жіберетін көрінеді. Өз кезегінде шенеунік арнайы шара қолдану керек болады. Десек те еріктілер тұрғындарға абай болуды ескертті. Бұған қоса балаларды аяқтарының астына мұқият жүруді үйрету керек дейді олар. 

Бұған дейін Нұр-Сұлтанда құдыққа құлап, опат болған баланың ісі қайта тексерілетін болатыны айтылған еді.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 13 Қаңтар, 2020 08:32
Талқылау