Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстан АҚШ-тың саяси ойынының ішінде": Саясаттанушылар Блинкен елімізге не үшін келе жатқанын болжады

28 ақпанда АҚШ-тың сыртқы саясат басшысы, мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен Қазақстанға келеді. Саясаткер содан кейін Өзбекстан мен Үндістанға баратынын мәлімдеді. Stan.kz тілшісі қазақстандық саясаттанушылардан Блинкеннің Қазақстанға келудегі мақсатын сұрап, мұның елімізге әсері қалай боларын анықтады.

блинкен

Бұл туралы америкалық саясаткер өзінің Twitter парақшасында хабарлады. Блинкен Орталық Азиядағы серіктестік қатынастардың дамуын асыға күтетінін атап өтті.

"Бүгін Қазақстанға, содан соң Өзбекстан мен Үндістанға сапар шегемін. Бұл – менің Қазақстан мен Өзбекстанға министр ретіндегі алғашқы сапарым,  Орталық Азиядағы серіктестік қатынастарымыздың дамуын асыға күтемін. Сол жерден Үндістанға G20 СІМ басшыларының министрлер кездесуіне аттанамын", – делінген хабарламада.

“Қазақстанға консультация алу маңызды”

Саясаткер, Мәжіліс парламентінің экс-депутаты Ерлан Сайыров Блинкеннің сапарына оң көзқарас білдіріп, осының арқасында Қазақстанға жаңа инвестициялар тартылатынын атап өтті.

“Қазақстан көпвекторлы саясатты ұстанады. Әрі соңғы саяси жағдайларға сәйкес, қарым-қатынасты нығайту және кеңес алу маңызды. Ресей мен Украина арасындағы жағдайда еліміз бейтараптығын білдіріп, Украинаның тұтастығының мойындайтынын мәлімдеген еді. Осы тұрғыда сыртқы саясаттағы бағыттарымыз анықталады деп ойлаймын. Әрі инвестициялар көлемін арттыру мәселесі қарастырылады”, – деді Сайыров.

“Ресейге қарсы санкция мәселесі талқыланады”

Қазақстандық саясаттанушылар бұл ресми кездесудің астарында басқа да мәселелер бар екенін айтады. Саясаттанушы Қазыбек Бейсебаев мұны Ресейдегі жағдаймен байланыстырды.

“Ресейге қарсы санкциялар мәселесі басты назарда болады деп ойлаймын. Қазір Батыс елдері тарапынан Ресейге қарсы санкциялар шарасы күшейтілуде. Соған қарамастан көптеген жарнамалық тауарлар Ресейге біз арқылы, Армения арқылы келіп жатыр. Сол үшін елімізге бұл істі тоқтатуға талаптар қойылады. Егер бұған келіспесек, бізге қарсы санкциялар болуы мүмкін. Қазақстан оған мүлдем дайын болмағандықтан, жағдай қиын болады”, – деді Бейсебаев.

“Достық қатынасты нығайту керек”

Журналист, блогер Оңғар Қабден Блинкен санкция салу үшін, қорқыту үшін келе жатыр дегенді жоққа шығарды. Оның пікірінше, АҚШ өкілі Ресейден іргені аулақ салу үшін достық көңіл білдірмекке келе жатыр.  Ол өз Facebook парақшасына АҚШ-тың қазіргі қадамы Ресейдің қасындағы оған астыртын қолдау білдіріп отырған елдерді өзінің қасына тарту екенін атап өтті.

“Әлемдегі ең ірі мұнай орнының бірі Қашағанда америкалықтардың ширек пайыз үлесі бар. Батыстың бірнеше компаниясы жер асты байлығының қызығын көріп отыр. Алғаш рет келіп тұрып, сендерге санкция салу үшін келдім демейтін шығар. Достық қатынасты нығайту деп ойлаймын. Сөйтіп Ресейді экономикалық тұрғыда тақырға отырғызуды мақсат етіп отыр”, – деп жазды журналист Қабден.

“Қазақстан – қақтығыс ареналарының бірі”

Саясаттанушы Ислам Кураевтың айтуынша, АҚШ-тың Ресейден де маңызды көздегендері бар. АҚШ негізгі қарсылас ретінде Ресей Федерациясын емес, Қытайды қарастыратынын және Қазақстан ірі көлемді саяси ойынның ішінде екенін атап өтті.

“Ресей-Украина қақтығысынан туындаған геосаяси аласапыранға байланысты Блинкен Қазақстанды АҚШ-тың жағына тартуға келген сияқты көрінуі мүмкін, бірақ мүлдем олай емес. Қытайдың ауқымды инвестициялық жобалары мен несиелеу саясатының кеңеюі Вашингтонды алаңдатуда. "Бір белдеу – бір жол" жобасы Астанада 2013 жылы басталғаны белгілі. Мұны Нұрсұлтан Назарбаев қос қолдап мақұлдады. Америка тарапы үшін Қытайдың бұлай күшейіп, одақтастарының көбеюі қауіпті”, – деп жазды Кураев әлеуметтік желісінде.

Кураевтың айтуы бойынша, Қазақстан – АҚШ пен Қытай арасындағы қарсыласу ареналарының бірі. Саясаттанушы осы кездесуде АҚШ Қазақстанды Қытайға қарсы қою мәселесін қарастырады деп санайды.

“Еліміз санкциялар шарасын бұзған жоқ...”

Саясаттанушы Замир Қаражанов бұл кездесуде астыртын тақырыптар, әсіресе Ресейге қатысты мәселе жоқ екеніне сенімді. Ресми кездесуде талқыланатын жайттар алдын ала қарастырылды. Оның айтуынша, бұл өткен жылы жоспарланған. 

“С5-1 форматындағы кездесулер тұрақты түрде әр елде өтеді. Былтыр карантинге байланысты онлайн өткен еді, келесі кездесу Қазақстанда болатыны айтылды. Мұнда гуманитарлық, экономикалық, аймақтық қауіпсіздік саласындағы мәселелер қамтылады, ал геосаяси тақырыптар қозғалмайтыны анық. Қазіргі таңда транзит мәселесі өзекті, сол себепті инвестиция көлемін арттыру мәселесі қарастырылады”, – деді саясаттанушы.

Оның айтуынша, АҚШ-тың Ресейге салынған санкция мәселесін қозғауына негіз жоқ. Өйткені еліміз санкцияларды бұзбады деп санайды. Қаражановтың пайымы бойынша, санкцияларды бұзып жатқан жекелей компаниялар болғандықтан, бұл шаралар Қазақстанның өзіне емес, бизнес саласына айтылады.

Талқылау