Қазақстан 2027 жылдан бастап бірыңғай сақтандыру моделіне көшеді
Фото: freepik.com
Премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев Мәжілістің пленарлық отырысында денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер туралы сөз қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, бұл өзгерістер медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға бағытталған. Ол міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен бері саланы қаржыландыру үш есеге өскенін айтты.
“Биыл “Бірыңғай медициналық көмек пакеті туралы” заң қабылданды. Ол 2027 жылдан бастап Бірыңғай сақтандыру моделіне кезең-кезеңімен көшеді. Бұл модельде міндеттемелердің 35%-ы – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) есебінен, ал 65%-ы – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы қаржыландырылады. Саланы цифрландыру аясында E-Densaulyk экожүйесі дамып, 17 ақпараттық жүйе оңтайландырылып жатыр. Цифрландыру жұмыстарының нәтижесінде қағаз рецептерге қажеттілікті жоятын “Дәрі-дәрмек таңбалау” және “Әлеуметтік әмиян” жобалары жүзеге асырылды”, – деді вице-премьер.
Сондай-ақ ол денсаулық сақтау инфрақұрылымының бүкіл ел бойынша қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
“Үш жыл ішінде Ұлттық онкологиялық орталық, Жедел медициналық жәрдем орталығы, Жұқпалы аурулар орталығы және басқа да нысандар салынды. Қызылорда мен Риддер қалаларында көпсалалы ауруханалардың, Өскеменде гематология орталығының құрылысы аяқталып келеді. "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында биыл жыл соңына дейін 655 бастапқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу жоспарланған. Олардың 637-сі бүгінгі күнге дейін аяқталды”, – деді Бозымбаев.
Бозымбаевтың айтуынша, келесі жылы көпсалалы аудандық ауруханаларды жаңғырту жалғасады. Бұл шамамен төрт миллион ауыл тұрғынын сапалы медициналық қызметпен қамтуға мүмкіндік береді.
"Ақыл-ойы кемістігін пайдаланып алдаған": Жамбыл облысында зорланып, жүкті болып қалған оқушының анасы 6 айдан бері әділдікке қол жеткізе алмай жүр