Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ардагерлердің қанша жәрдемақы алатыны белгілі болды

Былтыр Қазақстанда арнаулы мемлекеттік жәрдемақы аясында 16 миллиард теңгеден астам қаржы төленді. Қаражат Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, соғыс ардагерлеріне және тыл еңбеккерлеріне бағытталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: ortcom.kz

Биыл елімізде 85 203 ардагер тұрады, оның ішінде  Ұлы Отан соғысының 120 ардагері, жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 16 983 ардагер, 26 506 басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагері, 41 594 ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккері бар. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, былтыр ардагерлердің аталған санаттарына 16,7 миллиард теңге сомасында арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленді. Биыл осы мақсаттарға 17 миллиард теңге қарастырылған.

Республикалық бюджеттен берілетін ай сайынғы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы ардагерлердің барлық санатына, өзге де әлеуметтік төлемдерді алуына қарамастан, мынадай мөлшерде төленеді:

  • ҰОС ардагерлері – 16 АЕК (2025 жылы – 62 912 теңге);

жеңілдіктері бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, олардың ішінде:

  • ҰОС кезеңінде жарақат алуы, контузия алуы, мертігуі немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдарға жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдар – 7,55 АЕК (2025 жылы – 27 875 теңге);
  • жеңілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген тұлғалар – 6,19 АЕК (2025 жылы – 24 339 теңге);

басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, оның ішінде:

  • Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушылар – 6,19 АЕК (2025 жылы – 24 339 теңге);
  • Тәжік-Ауған учаскесінде ТМД шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі міндеттерді орындаған, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға, Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер – 4,8 АЕК (2025 жылы – 18 874 теңге);
  • ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері – 2,13 АЕК (2025 жылы – 8 376 теңге).


Еске салайық, бұған дейін Астанада Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 5 миллион теңгеден төленетінін жазған едік. Қазір елордада 6 ардагер тұрады. Олардың әрқайсысына 5 миллион теңгеден төлемақы беріледі. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендерге (ЧАЭС қатысушылары мен мүгедектерінен басқа) де жеңілдіктер қарастырылған. Аталған азаматтарға 45 АЕК (176 940 теңге) мөлшерінде төлемақы беріледі. 

Талқылау