"Қазақстан 1 млн доллардың көмегін жіберген": Алматыда Украинаны демеу үшін шот ашқан азаматтар жиналған қаражаттың есебін берді
Қазақстандық HAQ ("Халыққа адал қызмет - түсініктеме) азаматтық қозғалысы Ресей әскері Украина жерінде соғыс қимылдарын бастағалы бері украин халқын қолдау мақсатында халықтан ақша жинап, гуманитарлық көмек жіберумен айналысып келеді. Қозғалыстың басты жетекшілерінің бірі Тоғжан Қожалиеваның мәліметінше, халықтан осы күнге дейін 180 млн теңге жиналған. Алайда соңғы уақытта көпшілік арасында Қожалиеваны алаяқтыққа барды деп айыптап, ақшаны өз пайдасына жаратты деген сөздер тараған. Бүгін, 28 наурызда аталған қозғалыс мүшелері Алматыда жиналып, жаратылған ақшаның есебін берді. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Қожалиева алаяқтық жасады"
Тоғжан Қожалиева Украинаға алғашқы гуманитарлық көмекті артқан 6 ұшақтың 6 наурыз күні жеткенін жеткізген. Дәл осы күні Алматыда Украинаны қолдау мақсатында өткен бейбіт митингте қозғалыс жетекшісі халықтан 150 млн теңгенің жиналғанын көпшілік алдында айтқан. Ал бүгінгі өткен баспасөз мәслихатында Қожалиева халықтан бас-аяғы 180 млн теңгенің жиналғанын айтты. Сондай-ақ ол ақша жинау әлі де жалғасып жатыр және жалғаса береді, деп қосты.
Антон Бударов есімді азамат Қожалиеваның жөнелтілген көмек туралы ешқандай есеп бермегенін айтып, оны алаяқтыққа барды деп айыптайды. Сонымен қатар ол Қожалиеваның ақшаны жеке картасына жинағанына күмәнмен қарайды.
"Ол жүк тиелген ұшақтардың әлі жеткізілмегенін айтып, көмек қолын созам деушілерден WhatsApp арқылы қолма-қол ақша сұраған. Ақшаны жеке картасына жинаған. Сонымен қатар ол есеп беру үшін бөтен біреудің суреттерін пайдаланған. Тағы да қайталап айтамын, Қожалиева ешкімге ешқандай құжат көрсеткен жоқ", - деген ол жақында Тоқаевтың қолынан медаль алған әйелді дебат өткізуге шақырған.
Тоғжан Қожалиева баспасөз мәслихатында Алматы қаласы бойынша қанша қаражат жиналғанын айтты. Сөзінше, өзінің жеке картасына 92 млн теңге жиналған. Ал Алматы қаласы бойынша 131 млн теңге жиналса, бүкіл аударылған қаражаттың жалпы сомасы 180 млнға жеткен.
- "Ұлым мен жолдасым Киевте қалып қойды": Украинадағы қандасымыз елдегі жағдай туралы айтып берді
- "Шыңжаңнан қашып, соғысқа тап болдым": Еркіндік іздеген Қытай қазағы Украинадағы қақтығыстар мен Қытайдағы қыспақ жөнінде айтты
"Біз бұл ақшаның барлығына заттар сатып алдық және оның әрбір тиынының есебі бар. Оның 75 млн теңгесін дәрі-дәрмекке жұмсадық. Тек LS PHARM компаниясы ғана 18 млн теңгеге тегін дәрілер берді. Ал 25 млн теңгесіне ауыруды басатын және қан тоқтатын дәрілер алынды. Сондай-ақ барлығы ашық болуы үшін Kaspi қосымшасының көмегімен "Қайырымдылық" бөлімі арқылы 4 млн 200 мың түсті. Сбер банктегі заңды тұлғаға ашылған аударымға 12 млн теңге түсті. Kaspi gold арқылы барлығы 95 млн 745 мың теңге түсті", - деген Қожалиева әрбір сатып алынған заттың түбіртектері бар екенін айтып, үлкен сары папканы көрсетті.
"Бұл Ресейдің бізге ашқан ақпараттық соғысы"
Ал Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жиналған қаражат жөнінде Рахымбек Әбдірахманов айтты. Сөзінше, елорда бойынша 51 млн теңге жиналып, оның 37 млны Украина елшілігіне аударылған.
"Қаражат жинау басталған күннен бастап барлық мәліметтер менің әлеуметтік желідегі парақшамда жарияланып тұрды. Аударылған ақшалар туралы барлық құжаттар бар, елшілік те оны растай алады. Ал қалған 13 жарым млн теңгені біз сауда-саттыққа жұмсадық", - деп түсіндірді Әбдірахманов.
Қожалиева сонымен бірге шотында тұрған әлі жаратылмаған қаражат жөнінде айтты.
"Бізде Kaspi gold картамызда 54 мың теңге, Kaspi заңды тұлғасына ашылған шотта 14 млн теңге және Сбер банкте 1 млн 700 мың теңге қалды. Сондай-ақ 10 мың доллар қолма-қол ақша бар", - деген ол сатып алулар тоқтамағанын әлі де жалғасатынын қосты.
Қожалиева сондай-ақ Антон Бударовтың айыптауларына да жауап беріп өтті. Ол бұл әрекеттің артында қозғалыстың жасап жатқан қайырымдылық шарасын қаралау мақсатындағы ақпараттық шабуылдың тұрғанын айтты.
"Қазақстанда қайырымдылық шарасын жасап жатқандарға алаяқ деп жала жапқандар өз дегендеріне жетті. Бұл ақпараттық шабуыл үш апта бұрын басталса, екі аптадан кейін біздің қорға аударылған қаражаттар бірден тоқтап қалды. Сонымен қатар көмек сұрап келгендердің қарасы да азайып кетті. Бұл әрине өте өкінішті. Өйткені Украинаға біздің көмегіміз әлі де қажет. Бударовқа келетін болсақ, оның айыптаулары негізсіз. Менде барлық құжаттар толық, ақиқат менің жағымда. Алдағы уақытта сотта кездесеміз деп айтқым келеді. Бұл Ресейдің бізге ашқан ақпараттық соғысы", - деді HAQ қозғалысының жетекшісі.
"Қазақстан 1 млн доллардың көмегін жіберген"
Арман Шораев сөзінің басын Украинаға басып кірген Ресейдің әрекетін айыптаумен бастады. Оның сөзінше, қазір Ресей атқылап жатқан Мариуполь, Харьков пен Бердянск қалаларында 70% этникалық орыстар тұрады. Және бұл қалалардағы халықтың 90% орыс тілінде сөйлейді, деп қосты ол.
- "Ресей әскері перзентхана мен балабақшаларға оқ атты": Украинадағы соғыс ошағынан аман оралған қазақстандық студент елге қалай жеткенін айтып берді
- "Путин Қазақстан әскерін бейбітшілік күш есебінде енгізгісі келеді": Ресей ҰҚШҰ шартын не себепті өзгертуді ұсынды?
"Біздің басты мақсатымыз Украинаға қол ұшын созу болатын. Мен алдымен барлығына алғыс білдіргім келеді, себебі бір аптаның ішінде 20 мыңға жуық қазақстандық көмектесуге дайын екенін көрсетті. Біз наурыз мейрамында Украинаның елшісімен тілдескен болатынбыз, сонда қазақстандықтардың көрсеткен барлық көмегінің жалпы сомасы 1 млн теңгеге жуық болғаны белгілі болды. Ал біздің барлығымызды алаяқ етіп көрсеткен Антон Бударов сөзсіз Ресейдің қолынан нанын жеп, солардың сойылын соғып отырған азамат. Мен Алматыда болған күнімде көптеген кәсіпкерлермен сөйлестім, сондықтан көмек әлі де жалғасады деп сеніммен айта аламын", - деді Шораев.
Ол сондай-ақ Украинаның Қазақстанның болашағы үшін де күресіп жатқанын атап өтті.
Белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев бұл көмектің тікелей Украина елшілігімен бірлесіп жүргізілгенін алға тартып, бұл акцияның жеке адамның мүддесі үшін жасалмағанын керісінше оның халықаралық шара екенін айтты.
"Біз 2014 жылы Қырымды жаулап алған Ресей агрессиясын кінәлаған сәттен бастап ақпараттық шабуылдың астында қалдық. Еуразиялық одақтың құрылуына қарсы болған кезде де үлкен ақпараттық майдан болған. Ал біз қазір Ресейдің бұл соғыста жеңіліп жатқанын көріп жатырмыз. Сол себепті олар ақпараттық соғыстарын күшейте береді. Бүгін Украинаға басып кірген олардың ертең Қазақстанға қарсы қару кеземейтініне ешкім кепілдік бере алмайды", - деді Досым Сәтпаев.
Баспасөз мәслихатының соңында жиналғандар қордың жұмысы ары қарай жалғаса беретінін айтты. Жиналған қаражаттың әрбір тиынына жауап береміз деген Тоғжан Қожалиева, құжатпен танысқысы келетіндерге кеңсесіне келуді ұсынды.