Қазақша үйрен: Бес минутта 100 шақты сөз жаттаймыз
Stan.kz Jusan-мен бірге ұсынған жаңа танымдық "Қазақша үйрен" бағдарламасының үшінші бөлімі жарыққа шықты. Бұл бөлімде біз бар болғаны 5 минуттың ішінде 100 шақты сөз жаттап, сөзжасам ұғымымен танысып, мағыналас сөздердің мәнін түсінеміз. Сонымен қатар эмоция білдіретін, пікірталас кезінде қажет болатын сөздерді қолдануды үйреніп, мағынасын түсініп, жаттаймыз. Бағдарлама жүргізушісі Айгүл Дәден әңгіме-дүкен құру кезінде қажет болатын сөзжасамдар мен мағыналас сөздердің мәнін түсіндіреді.
"Қазақ тілінде 2 жарым миллионнан көп сөз бар. Қазақ тілінің сөздік қоры әлемдегі ең бай тілдердің қатарына жатады. Алайда сөздік қорымыздың байлығы туралы естігенде, біз бұл сөздердің барлығын қалай жаттайтынымызды ойлана бастаймыз. Тілімізде "Сөзжасам" деген түсінік бар. Ал сіз бір уақытта бірнеше сөзді қатар жаттауға болатынын білесіз бе? Ендеше, дайындалыңыз, қолыңызға қалам алыңыз. Кеттік!", – дейді жүргізуші.
Қазақ тілінде мағынасы бөлек жаңа сөздер жасауға көмектесетін жұрнақтар бар. Бұл сөздерді жаттау үшін алдымен біз зат есімдердің мағынасын білуіміз шарт. Оған қосылған жұрнақ немесе бүтін бір сөз түбірге ұқсас жаңа сөз жасап шығады.
Үшінші шығарылымда біздің сабағымызға Александр қатысады. Онымен бірге біз достардың арасында болған әңгіме арқылы “ақы” сөзінің мағынасын түсініп, онымен жасалған жаңа сөзжасамдарды жаттап алып, оларды күнделікті өмірде қалай қолдануға болатынын екі достың әңгімесінен ұғынамыз.
· Ақы – плата
· Шәкіртақы – стипендия (шәкірт – студент, ученик)
· Жалақы – зарплата (жалдау – нанимать)
· Қаламақы – ганорар (қалам – ручка)
· Зейнетақы – пенсия (зейнет жасы – пенсионный возраст)
· Төлемақы – оплата (төлем – плата)
· Жәрдемақы – пособие (жәрдем – помощь)
· Еңбекақы – заработная плата (еңбек – труд)
· Жолақы – оптала за проезд (жол – дорога, проезд)
Қазақ тілінде көп сөздерді ассоциациялық жолмен жаттап алуға болады. Мәселен, "лас, лес, тас, тес, дас, дес" жұрнақтарын қолданып, сөз жасауды үйренейік. Бұл жұрнақтар бір іспен айналысатын немесе қандай да бір өзара байланысы бар адамдар тобы туралы бір сөзбен айтуға мүмкіндік береді.
Мысалы, "қандас" сөзі – "қан – кровь", "қандас – кровные люди". Қазір біз "қандас" деп өзге елден тарихи отанына көшіп келген этникалық қазақтарды айтамыз. Бұрын оларды "оралман" деп атайтынбыз, "орал – возвращайся", "оралман" – "возвращенцы". Яғни түбірдің мағынасын білсеңіз, оған жалғанған жұрнақты көріп, екінші сөздің мағынасын да ұғына аласыз.
Қазақ тілінде "қыстырма сөздер" бар. Бұл тілді әрлендіріп, қосымша эмоция беріп, ойыңызды нақты әрі дәлелді жеткізуге көмектеседі. Мысалы, өз ойыңызды ретімен жеткізуді қаласаңыз, "алдымен" – "сперва", "біріншіден" – "во-первых", "екіншіден" – "во-вторых", "үшіншіден" – "в-третьих" сөздерін қолдана аласыз.
Пікіралмасып тұрған адамның ойымен келісетін болсаңыз, "әрине" - "конечно", "сөзсіз" – "бесспорно", "күмәнсіз" – "без сомнения" сөздерін жаттап алыңыз. Оның пікірі сізге толыққанды сенімді көрінбесе, "мүмкін" немесе "бәлкім" – "может быть" сөздерін қолданып, өз пікіріңізбен эмоцияңызды жеткізе аласыз.
Осылайша, бес минуттың ішінде біз жүзге жуық жаңа сөз жаттап үлгердік. Бұл сөздер күнделікті әңгімелесу кезінде сіздің тіліңіздің бай, ой-өрісіңіздің кең екенін көрсетіп, пайдаңызға жарайды!
Жобаның негізгі мақсаты – қазақ тілін оңай және қызықты үйрену. Бағдарлама қазақ тілінің бай әрі күрделі сөздік қорын жеңіл түрде ұғынуға мүмкіндік беріп, күнделікті өмірде қолдану жолдарын үйретіп, пайдаңызға жарайды. "Қазақша үйрен" бағдарламасын Stan.kz YouTube арнасынан көре аласыз!