"Қазақша сеанстың бәрі жұмыс уақытына қойылған": "Моана 2" анимациялық фильмі Алматыда көрсетілмей тұрып, сынға ұшырады
28 қарашадан бастап қазақстандық кинотеатрлардан қазақ тіліне дубляждалған "Моана 2" анимациялық фильмі көрсетіледі. Дегенмен қазақ тіліндегі сеанстардың аз болуы, олардың қолайсыз уақытқа қойылуы тіл жанашырларының ашуын туғызып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: culture.ru
Қоғам белсендісі Бэлла Қасымқызының айтуынша, “Моана 2” анимациялық фильмінің қазақша сеансы тек жұмыс уақытына қойылған. Жұмыстан соң баруға мүмкіндік жоқ дейді.
"Disney кинокомпаниясының қазақ тіліне дубляждаған "Моана 2" анимациялық фильмі 28 қарашадан бастап кинопрокатта көрсетіледі. Алайда көптен күткен фильмді қызым екеуіміз жұрт қатарлы премьера күні көре алмаймыз. Себебі қазір 28 қараша күні кинотеатрларда Моананың қазақша сеансына жұмыстан кейін өзіміз қалаған уақытта бара алмаймыз", – деп жазды ол.
Kino.kz сайтына жүгінген оның мәліметінше, "Моана 2" анимациялық фильмінің 28 қараша күнгі Алматыдағы кестесі төмендегідей:
- Lumiera Cinema (ЦУМ): 16 сеанстың үшеуі ғана қазақша (кешкі соңғы сеанс 17.15-те);
- Kinoplexx 7 Sary Arka: 14 сеанстың 14-і де орысша;
- Kinopark 8 Moskva: 8 сеанстың 8-і де орысша;
- Kinoforum 10 (ТРЦ Forum): 14 сеанстың 14-і де орысша.
Kino.kz сайтына мультфильмнің үш күнгі (28-30 қараша) кестесін ғана жарыққа шығарған. Дегенмен, үш күнде де "Моана 2" анимациялық фильмінің қазақша дубляжына үш сеанс қана берілген.
Айта кетейік, бұған дейін 2024 жылы Disney компаниясының қазақ тіліне дубляждалған тағы бір жобасы Қазақстан көрермендеріне ұсынылған еді. Ол маусым айында көрсетілген "Ойжұмбақ 2" анимациялық фильмі. Оның да қазақша дубляжы көрермендер арасында сынға ұшыраған.