400-ге жуық студенттің дипломы жарамсыз болып қалған: Қазақстанда танымал жоғары оқу орны лицензиясынан айырылды
Қызылорда қаласындағы "Ақмешіт" гуманитарлық-техникалық институты бас лицензиясынан айырылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мұндай шешім БҒМ білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті жүргізген тексеріс кезінде анықталған заңбұзушылықтардан кейін қабылданды.
Қызылорда қаласындағы "Ақмешіт" институтына барлық заңбұзушылықты жоюға уақыт берілген. Алайда жоғары оқу орны берілген уақытты білім беру қызметтерінің сапасын жақсарту үшін емес, комитеттің іс-әрекетіне шағымдануға және сот талқылауына жұмсаған.
"Біз жоғары оқу орындарында тексерісті білім беру сапасы мен кадр даярлауды жақсарту үшін жүргіземіз. Бұл ретте біз жоғары оқу орындарын лицензиядан бірден айырмаймыз және бірден жаппаймыз. Жоғары оқу орындарына заңбұзушылықтарды жоюға уақыт бердік, бірақ ешқандай әрекет болған жоқ. Осыған байланысты біз қатаң шара қабылдауға мәжбүрміз", – деді білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.
Айтуынша, "Ақмешіт" институтында соңғы тексеріс осы жылдың маусым айында жүргізілді. Заңбұзушылықтар жойылмаған.
"Бұл жерде материалдық-техникалық базаның әлсіздігі және оқу процесін ұйымдастырудағы елеулі кемшіліктер туралы сөз болып отыр. Университетте кейбір пәндерден тиісті білімі мен дәрежесі жоқ оқытушылар сабақ берген. Тіпті оқу процесі мерзімінен бұрын аяқталып, студенттер білім бағдарламаларын толық игере алмаған. Қазір институт оқу орнын лицензиядан айыру туралы қабылдаған шешімімізге наразылық білдіруге тырысып жатыр", – деді ол.
Бүгінгі таңда "Ақмешіт" институтының білім беру қызметіне аккредитациясы жоқ. Алайда дипломдардың жарамсыз болғандығына қарамастан, институт оларды БҒМ-де тіркелген сериялар мен нөмірлерсіз берген.
Университет студенті Асхат Мұқанов "Ақмешіт" институтында екі ай бұрын қолына дипломын алған. Алайда оның бұл қуанышы ұзаққа созылмады.
“Осы дипломды алып басқа екінші ЖОО-на түскім келген еді. Қабылдау комиссиясы тексерді. Дипломды қабылдамай жіберді. Сол жерде бұл базаға тіркелмеген деген диплом деді. Номері жоқ деді. Енді мен басқа оқу орнына түсе алмаймын, жұмысқа да тұра алмай жүрмін осы дипломмен. Бір айдан асты, әлі жауап жоқ”, – дейді студент.
Мұндай диплом институттың 400-ге жуық түлегіне табысталған. Енді олар бұл құжатты қайда жаратарын білмей сенделіп жүр.
“4 жыл уақыт өтіп кетіп тұр. Бұдан кейін екінші жоғары білімге тапсыруым керек. 2 жыл уақыт кетеді оған. Ал колледждікімен тапсыратын болсам маған 3 жыл уақыт кетеді. Оның суммасы бар 280 мың. Ал осы жақта 215 мыңнан 4 жыл оқыдық қой енді. Қанша жылмен мен ақша босқа кетіп тұр”, – деп налып отыр тағы бір университет студенті Жанар Аймұрат.
Биылдан бастап жоғары оқу орындары жеке үлгідегі дипломдар беретін болды. Әр дипломда білім және ғылым министрлігі жасаған бірегей сәйкестендіру нөмірі болуы тиіс. Институттың оқу бөлімінің меңгерушісі Ақмарал Омарова бұл жағдайды былай түсіндірді.
“Мемлекеттік немесе өзіндік үлгідегі бланкілердің заңнамасы 7 маусым 2021 жылы шықты. Ал күшіне 10 күннен кейін енді. Яғни 17 маусым күні енді. Ал біз 30 мамырға дейін барлық құжаттарымызды рәсімдеп, академиялық күнтізбедегі кестемізге сәйкес біз таратып жібердік. Рұқсат берсе, олар тіркейтін болса, біз оны қайтып тіркей аламыз. Сайтымызда Қазақстанда кез келген жерде ашылады. Биылғы оқу жылының бітірген түлектерінің дипломдарын сканерлеп, салып қойдық. ЖОО-да платонус деген бағдарлама бар. Соның ішінен де қарай алады. Сондықтан ешқандай жалған диплом деген қауөсет сөздерге ермеуіміз керек”, – дейді ол.
Бірақ білім және ғылым министрлігінің өкілі барлық жоғары оқу орындарына дипломдарды заңнамадағы өзгерістерге сай ресімдеу бойынша ұсыныстар алдын ала жіберілгенін айтады.
“Өкінішке қарай, үстіміздегі жылы "Ақмешіт" гуманитарлық-техникалық институты аккредитациясы болмағандықтан өз түлектеріне диплом беруге құқығы жоқ болды. Бірақ бүгінгі күні кейбір түлектерге диплом берілді деген ақпарат түсіп отыр. Талаптарға сәйкес келмейтін дипломдар. Сол себепті тексеру жұмыстарын жан-жақты талдау жүргіземіз, нәтижесінде тиісті шаралар қабылданатын болады”, – дейді білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.