"Kazakhmys Energy" мен Ұлытау облысының әкімі бу-газ қондырғысын салу туралы меморандумға қол қойды
16 тамызда Жезқазған қаласында "Kazakhmys Energy" ЖШС Бас директоры Темірлан Өтегенов пен Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жезқазған ЖЭО алаңында қуаты 100 МВт-қа тең бу-газ қондырғысын (БГҚ) салу жөніндегі жобаны іске асыру туралы меморандумға қол қойды.
Бұдан бөлек дәл сол күні Темірлан Өтегенов "Sinohydro" Қазақстандағы өкілі Ли Тенгпен және оңтүстік-шығыс және Орталық Азиядағы "Sepco" корпорациясының бас директоры Уанг Гуанжонгпен бу-газ қондырғысын салу және қондырғының жобалық құжаттарын дайындау туралы шарттарға қол қойған.
Аталған жобаны іске асыру бойынша қытайлық "Sinohydro Corporation Limited" (power China концернінің құрамына кіретін) компаниясы негізгі әріптес атанды. Ал жоба 2023-2026 жылдары іске асырылады деп жоспарланған.
Ауқымды жобаның жалпы өңірдің дамуына оң әсер етері сөзсіз. Мәселен, бу-газ қондырғысы нысандарын іске асыру және пайдалану кезеңінде де жаңа жұмыс орындары құрылады.
Пайдалану басталғаннан кейін қондырғы Жезқазған энергия торабының электр жүктемесінің тапшылығын 104 МВт-қа дейін қамтамасыз етіп, бұл қосымша маневрлік қуат күшін қосуға мүмкіндік бермек. Оның үстіне жобаны іске қосу облыс бюджетіне қосымша түсімдерді жүзеге асыруға жол ашып, халықаралық инвесторларды тарту бойынша мүмкіндіктерді кеңейтеді.
Жаңа жоба іске қосылған соң қосымша қуатты өндіру кезінде табиғи газдың жанып кету әсерінен экологиялық жағдайдың жақсарады деп болжанып отыр.
Жобаның жалпы құны 80 миллиард теңгеге тең.