Қазақ журналисі 60-қа келген әкесінің жалаң қолмен қасқырды тірідей ұстап әкелгенін айтты
Журналист Жарас Ниязбек 60-қа келген әкесінің қалайша қасқыр алғанын айтып берді.
“Жұрттың таңғалуы қиын ғой қазір. Ешкімді еш нәрсемен селт еткізе алмайсың. Не бір сұмдықты, неше түрлі ғажапты көріп жүр. Бірақ екі күн бұрын әкем мені шок қылды. Еш қарусыз, жалаң қолмен екі жасар арланды ұстап алды. 20 шақырымдай атпен қуып, тазылары да, өзі де болдырып жақындап келіп үстіне секірген. Аузын, аяғын буып өңгеріп келіпті үйге. Екі күн тірі тұрып, бүгін өліпті бейшара. Ауылдағы малшылар қуанып рахметтерін жаудырыпты.
Біреу 5 қойын, біреу танасын, біреу тайын алдырған. Жалғыз жортатын тағыны таныпты бәрі. Кеше телефонмен сөйлессем аздап шаршап қалдым дейді. Астындағы атын мақтайды, сыр бермеді деп. Жыл бойы жарап тұратын Бесқасқа ғой. 4 тазысы да мықты. Алла денсаулық берсін, әкеме. Мамырда 60-қа толады бұйырса. Әлі күнге көкпар тартып жүр жастармен жағаласып. Әке болудың үлгісі ғой ол кісі мен үшін. 100 жасағын жан әке! Оның айтылмаған қыры көп, кітап жазам кейін ол туралы”, – дейді журналист желідегі парақшасында.
Тағы да оқыңыз:
Өтірік өліп жатқан қасқыр өзін тепкен ер адамды талап тастады (видео)