Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ жігіті махаббат үшін Америкаға дейін барады": Қоянбаев өтірікшілерді "ақтап" фильм түсіргені туралы

Танымал продюсер, тележүргізуші, актер Нұрлан Қоянбаев отандық көрермен назарына "My Love is Aisulu" атты махаббат пен шытырман оқиғаларға толы кезекті кинокартинасын ұсынды. Қазақстан мен Америкада түсірілген фильмнің жарық көруіне еліміздің үздік актерлерінен бөлек, Кэри-Хироюки Тагава сынды Голливуд жұлдыздары атсалысты, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Фото:Instagram/koyanbayevnurlan

"Бизнес по казахски" атты фильмдер желісімен көрермен көңілін тапқан продюсер Нұрлан Қоянбаев журналистерге  "My Love is Aisulu" кино туындысының қандай еңбекпен жарық көргенін айтып берді. Актердің сөзінше, фильмнің сапалы болып шығуына түсірілім тобынан бөлек, басты рөлді сомдаған актриса Әсел Сағатова үлкен үлес қосқан. 

"Біз Әселге сценарийді айтып бергенде ол бірден келісті. Бірақ сосын мен Сағатованың кім екенін түсіндім (күлді). Бір алаңда жұмыс істеп оның өз ісінің нағыз шебері екенін түсіндім. Сценарийімізді, кейіпкерлерімізді де өзгертті. Осы жобаға бар еңбегін салды", - деді Қоянбаев. 

Өз кезегінде актриса дәл осы фильмде басты рөлді  ойнауға мүмкіндік бергені үшін оған алғыс айтуды ұмытпады. "Маған мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын. Өзімде бар дерек бойынша, бұл менің жеті жылда алғаш рет сомдаған басты рөлім екен. Фильм көрермендердің үмітін ақтайды деген үміттемін", - деді ол. 

Фильм желісі бойынша Санжар (Нұрлан Қоянбаев) есімді қарапайым қара жұмыскер режиссер болып, өз фильмін түсіруді армандаумен түрлі киностудияларға барып бағын сынайды. Кино әлемінде жолы болмаса да берілмей, мүмкіндік туған соң  Нұр-Сұлтан қаласына барып,  тағы да бір компанияға өз сценарийін ұсынады. Тағы да "жоқ" деген жауапты естіп, Алматыға қайтар жолда Айсұлу (Әсел Сағатова) деген арумен танысып, оны бірден  ұнатып қалады.

Балалар дәрігері болып жұмыс істейтін бойжеткен жігіттен мамандығы жайлы сұрағанда Санжар Америкада фильм түсіретін режиссер екенін айтып өтірікшіге айналады. Міне айтамын, ертең айтамын деумен оңтайлы сәтті күтіп жүрген азамат, әрине, өтірігінен опық жейді. Нұрлан Қоянбаевтың айтуынша, көркем туынды өтірікші болуға шақырмайды, өтірікшілердің іс-әрекетін ақтамайды. Керісінше, қазақ жігіттерінің махаббат үшін қандай тәуекелдерге баруға дайын екенін көрсетеді. 

"Жігіттер қыздарды алдауды көздемейді. Бірақ  ерлер қауымының арулардың көзіне жақсы болып көрінгісі келетін рас. Сондықтан кей кездері "Мен мынадай жерлерде жұмыс істеймін", "Мені Астанаға (Нұр-Сұлтан) жұмысқа шақырып жатыр" деп қызға ұнау үшін өзімізге образ береміз. Менің ойымша, бұл алдау емес, романтиканың басы. Біздің кинода қызды алдау, өтірік айту болса да,  фильм арқылы айтқымыз келетін дүниеміз бөлек. Жігіттің жақсы көретін қызына қарым-қатынасы, сезімі шынайы болу керек. Махаббат үшін қазақ жігіті Америкаға, Лос-Анджелеске дейін бара алады, көп нәрсені дәлелдейді",- деді Нұрлан Қоянбаев. Осы сөздерімен ол сүйіктісінің соңынан Лос-Анджелеске барған кейіпкерінің де іс-әрекетін түсіндіріп өтті. 

Сонымен қатар, продюсер соңғы шыққан  "Бизнес по казахски в Корее" фильміне қарағанда My love is Aisulu фильмі өзіне көбірек ұнағанын жасырмады.

"Біз бұл киноны былтыр ақпан айында бастағанбыз. Жобамен жұмыс істеу оңайға түсті деп айта алмаймын.Түсірілімдер Қазақстаннан бөлек, шетелде болды. Кішкентай рөл болса да, Кэри Тагава сынды үлкен актерлер ойнады. Олармен келісу,  бір площадкада ойнау — маған уайым еді. "Сценарий оларға ұнамай ма қалса, қайтем?"- деп қобалжығаным рас. Түсіріп келдік, монтаждадық, монтаждан кейін кейбір жері болмаған соң, қыркүйек айында қайта түсірдік. Барлығы көрерменге ұнасын деген оймен жасалды",- деді ол. 

Әйтсе де, продюсер голливудтық фильмдерді басып озып, Қоянбаевты миллиардер атандырған кино туынды үшін қазақстандықтарға үлкен алғыс білдірді. 

"Бұл фильм отандық кино әлемінің тарихында алғаш рет Голливудтың дәуірін тоқтатты. Біздің көрермендер америкалық емес, шетелдік фильмдерді көргісі келеді. Соны сезе отырып,  барлық қазақстандық продюсерлер жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен қарауы қажет. Егер көрермен қазақстандық киноны қолдаса, біз қазіргі деңгейді көтеруіміз керек", - деп сөзін түйіндеді актер. 

Қазақстандықтар фильмдерін ерекше ықыласпен күтетін продюсердің жаңадан шыққан туындысында Сағатова мен Қоянбаевтан бөлек Жахан Отарғалиев, Жанель Мақажан және Еркен Ялгашев ойнайды. 

Талқылау