Қазақ тіліндегі онлайн-диктант: Қалай қатысуға болады?
Stan.kz ақпарат агенттігі осымен үшінші жыл қатарынан онлайн-диктант ұйымдастыратынын хабарлаған едік. Жазба жұмысы 26 сәуірде өтеді.
Жазба жұмысына қатысу үшін интернет пен компьютер немесе ноутбук, телефоныңыздың болғаны жеткілікті. Дегенмен диктантты компьютер немесе ноутбукпен жазу әлдеқайда ыңғайлы болады.
Диктант қалай өтеді?
26 сәуірде dictant.stan.kz парақшасында мәтінді оқитын спикердің видеосы жарияланады. Таңғы сағат 08:00-ден бастап сайтқа кіріп, мәтінді тыңдап диктант жаза бере аласыз. Ол үшін спикердің айтқандарын мұқият тыңдап, мәтінді теру керек.
Жазба жұмысына кешкі 20:00-ге дейін қатысуға болады. Диктантты қатесіз жазып, ең жақсы нәтиже көрсеткен қатысушылардың арасында үш iPad Air сыйлықтары ойнатылады.
Жобаның басты демеушісі – Jusan Bank. Диктанттың тақырыбы қазақтардағы қаржы жоралғыларының мәні туралы болады және жазба жұмысы Jusan Bank-тың туған күніне орай ұйымдастырылып отыр.
Жазба жұмысын орындауға берілетін уақыт шектеулі. Жазбаны бірнеше рет тыңдауға шектеу қойылады.
Ескерту: Ұтысқа шынайы атын-жөнін жазғандар ғана қатыса алады. Бұған қоса диктантты бірнеше рет жазған қатысушылар ұтыс ойынына жіберілмейді.
Диктанттың басталу уақытын қалт жіберіп алмас үшін біздің Stan.kz Play Market және AppStore-дан жүктеп алуға кеңес береміз.