“Орыс халқының дәстүріне қарағанда, қазақтардікін жақсы білемін”: 23 жастағы орыс қызы қазақ тілін үйретіп жүр
23 жастағы Юлия Лагуткина – қазақ тілін қазақстандықтарға үйретіп жүрген орыс қызы. Ата-анасы орыс ұлтынан болса да, орыс сыныбында оқыса да, мемлекеттік тілді мектеп табалдырығанан-ақ еш қиындықсыз меңгерген. Оның сөзінше, қазақ тілін төрт ай ішінде үйреніп шығуға болады. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында Юлия тілді қысқа мерзімде меңгерудің әдістемесі, шәкірттерінің шынайы тәжірибесі және қазақ дәстүрлерін ұстануы жайлы айтып берді.
Юлия Лагуткина, жеке архивтен
Юлия Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Лавровка атты кішігірім ауылда дүниеге келген. Бүгінде Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия Ұлттық университетінің 2-курс магистранты. Онлайн курс авторы.
Мемлекеттік тілді жетік меңгерген арудың айтуынша, қазақ тіліне қызығушылығы мектеп қабырғасынан басталған.
“Мектепте орыс сыныбында оқыдым, бірақ қазақ тілі сабақтары мен үшін ерекше қызық болатын. Қазақ тілі ана тілім болмағандықтан, маған “қ”, “ң” деген дыбыстарды айту қиын болды. Бірақ ұстазымның еңбекқорлығымен, қолдауымен қызығушылығым оянды. Тіпті 5-6-сыныптарда Абай, Мағжан оқуларына, мектепшілік, аудандық олимпиадаларға қатысатын болдым. Ұстазым әрқашан “сенің қолыңнан бәрі келеді” деп ынталандырып отыратын”, – дейді Юлия.
Қазақ тілінен бөлек Юлия тағы бірнеше тілді қатар меңгеруде. Олардың ішінде ағылшын, түрік тілі бар.
Юлия Лагуткина, жеке архивтен
Тіл үйренудің тиімді жолы
“Тілді оңтайлы үйренудің жолы ретінде мынандай методиканы бөліскім келеді. Әрине, біріншіден тілді үйрене бастаған кезде нақты мақсат керек. “Үш айдың ішінде ағылшын тілінен не қазақ тілінен мынандай деңгейге жетемін” деген сияқты. Немесе “қазақ тілінен тұрмыстық сұхбатта кез келген сұраққа жауап бере алатындай” деген сарында мақсат қажет.
Содан соң тілмен айналысатын уақытты белгілеу керек. Мәтінді оқып-талдаймын, қазақша сериал көремін, аптасына үш рет жаңа сөздерді үйренемін дегендей нақты жүйелік қажет. Үшіншіден, грамматика мен лексиканы бірден үйрену керек. Бұл тілді оңтайлы үйренуге көметесетін тәсілдер.
Қазақ тілі мен үйренген тілдер ішінде жеңіл тигені болды. Меніңше, ұстазымның арқасы деп ойлаймын. Қызығушылықты арттыратын әртүрлі тапсырмалар: сыни тұрғыда ойлау, топта жұмыс істеу, суретке қарап мәтін құрастыру, қандай да мәселені екі жақты қарастырып, артықшылықтары мен кемшіліктерін анықтау арқылы зейінім ашылды. Осының арқасында тілді меңгеруге деген ынтам, қызығушылығым оянды”, – деп бөлісті Юлия.
“Қазақ тілін төрт айда үйреніп шығуға болады”
Арудың сөзінше, мемлекеттік тілді қысқа уақытта меңгерген шәкірттері бар.
“Тіл үйренген шәкірттерімнің арасында оқушылар да, ересектер де бар. Бірнеше жыл бұрын 51 жастағы ұлты корей әйел оқыды. Он сабақтан кейін нөлден бастап қазақша үйреніп шықты.
Қазақ сөздерін түсінбейтін, оқи алмайтын. Әріптерді, дыбыстарды, қазақша қарапайым сөздерді үйреніп, сұрақтар құрастырып, оларға өз бетінше жауап беруді үйренді.
Ол маған тіл үйренудегі мақсаты жайлы былай дейтін: “Мен өмір бойы Қазақстанның азаматшасы болып, осы мемлекетте туып-өсіп, тұрып жатырмын, қазақ тілін білмеу ұят екенін соңғы жылдары ғана түсініп келе жатырмын. Қазір мен зейнеткермін, бос уақытым бар, сондықтан қазақ тілін үйренуге кірістім” деген еді сол кезде.
Содан кейін тағы бір шәкіртім, 7-сынып оқушысы тілді нөлден бастап үйреніп, төрт айдан кейін менің қойған сұрақтарыма жауап бере алатын деңгейге жетті. Осындай мысалдардан кейін, қазақ тілін төрт айда үйреніп шығуға болады деген тұжырымымды дәлелді түрде айта аламын”, – дейді Юлия.
Юлия Лагуткина, жеке архивтен
Әдістемемнің арнайы сыры жоқ, жаңа нәрсе ойлап тапқан жоқпын дейді ару.
“Бұл – қарапайым дүниелер. Жалпы қазақ тілін меңгеруді грамматикадан бастаған жөн екенін тағы бір айта кеткім келеді. Лексикалық тақырыптан бастаған адамға кейбір аспектілер түсініксіз болуы мүмкін.
Жеке басым әдеби сөйлеймін деп айта алмаймын, бірақ қазақтың философтарын көп оқимын, осылайша, тілімді байытуға тырысамын”, – деп қосты ол.
“Ресейліктерге үлгі көрсетуіміз керек”
Юлиядан ресейліктердің көптеп келуі қазақ тіліне қалай әсер етуі мүмкін екенін сұрадық. Оның пікірінше, қандай жағдай болмасын, қазақстандықтар шетелдіктерге үлгі болуға тырысу керек дейді ол.
“Магистратурада оқып жүріп, бізге Польша, Ресейден студенттер келетінін байқадым. Араға уақыт салып, кейбір қазақша сөздерді оларға үйрететін болдым. Қазір ресейліктер елімізге көптеп келіп жатыр. Біз оларға үлгі көрсетіп, кез келген жерде бір-бірімізбен қазақша сөйлесуіміз керек деп есептеймін.
Ресей мен Украина арасындағы соғыс та қазақстандықтардың қазақша сөйлеуіне түрткі болғандай. Тіпті менің өзге ұлт достарымның арасында “Мен орысша емес, қазақша сөйлеймін”, “Елімнің мемлекеттік тілі қазақ тілі”, “Бәріміз қазақша сөйлесіп үйренейік” деп ұрандатып жүргендері бар. Бұл да бір жақсы тенденция сияқты”, – дейді Юлия.
- Мобилизация жарияланғалы қазақ тілін үйрене бастаған ресейліктердің саны күрт артты - Тіл орталығы жетекшісі
- "Қатты қиналып, жылайтынмын": 20 жасында қазақ отбасына келін болған орыс қызы дәстүрлерге қалай үйренгенін айтты
“Қазақ тілінің болашағы зор”
”Қазақ тілінің болашағы зор деп ойлаймын. Бірнеше жыл бұрын ғана қазақстандық жастар қазақша аз сөйлейтін, қазір тілдің қолдану аясы кеңейгенін көріп отырмыз. Қанша өзге ұлт өкілдерінің қазақша сайрағанын көреміз. Әлеуметтік желіде, әсірісе, көрініс тауып отыр.
Меніңше, бір-бірімізге кеңес беріп, үйретіп, білгенімізбен бөліссек, бәріміз қазақша сөйлеп кетпейтінімізге кім кепіл?
Бүгінгі таңда қазақстандық кинемотограф мемлекеттік тілдің дамуына түрткі болып отыр. Сералдар, заманауи фильмдер, комедия арқылы аудиторияның қазақша сөйлеуге ынтасы артып келе жатқан тәрізді”, – дейді ол.
“Орыс халқының салтына қарағанда, қазақтардікін жақсырақ білемін”
Қазақ халқының салт-дәстүрлерін жақсы білемін дейді ару. Сөзінше, салт-жоралғылар өзіне мектеп табылдырығынан таныс. Ал дәстүр мен жоралғы арқылы сол елдің мәдениеті мен тілін тереңірек түсінуге болады.
“Қазақ тілі сабағы болсын, мейрамдарда кейбір дәстүрлерді жақыннан тани бастадым. “Шілдехана”, “Бесік той”, “Сырға салу”, “Қыз ұзату”, “сәлем салу” деген дәстүрлерді қазір жақсы білемін. Отбасымда анам – орыс, әкем орыс болғанымен, қазақтарға тән менталитет біздің үйде бар.
Ресейдегі орыстардың менталитеті, әлемге көзқарасы, талғамы басқаша. Ал бізде қазақтардың менталитеті басым. Неге десеңіз, біз де қазақтар сияқты қонақтарды түнгі 1-2-де қарсы алуға дайынбыз.
Одан бөлек, Наурыз кезінде, басқа да мереке кезінде бесбармақ дайындаймыз. Кейде жылқының етінен емес, үйрек, тауықтың етінен бесбармақ жейміз. Ал анам бауырсақты тамаша дайындайды. Бұл да бір ерекшелік деп ойлаймын”, – дейді ол.
Сөзінше, қазақ халқының салт-дәстүрлері жүрегіне жақын.
“Шынымды айтсам, орыс халқының салтын жақсы білмеймін. Кез келген халықтың ерекшелігі салт-дәстүрінде. Егер халық оны біліп, ұстанса, оны ары қарай ұрпақтан-ұрпаққа таратып жеткізсе, сол халықтың тілі де, мәдениеті, тарихы ешқашан жоғалмайды деп ойлаймын”, – дейді ол

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
