Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Радикализмнен қорғанудың жолы – иммунитет қалыптастыру: Теріс ағымнан сақтануда сақтануда діни білімнің маңызы қандай

діни білімФото: freepik.com

Ата-баба заманынан дін тек ғибадат емес, рух пен тәрбие, салт-санамен байланыста болған. Бұл адамның ішкі әлемін бекем ұстап, жат идеологиядан қорғауға көмектескен. Дегенмен сарапшылар бүгінде сол рухани қорғанның әлсіреп бара жатқанын жасырмайды. Теріс ағымға еріп кеткендер көбіне дінді терең түсіне алмағандар. Осы тұста радикализмге қарсы ең мықты қару не? Неліктен діни білімді шетелде емес алдымен өз елімізде алған дұрыс? Бұл сұраққа дінтанушы Әл-Фараби Болатжан нақты жауап береді.

“Надандық бар жерде радикалдық ағым кең етек жая бастайды”

Әл-Фараби Болатжанның айтуынша, радикалды ағымның құрығына көбіне білімсіз адамдар түсіп жатады.

“Надандық бар жерде радикалдық ағым кең етек жая бастайды. Ал сыни ойлай алмайтын, діни білімі нашар адам тез алданады. 

“Дін махаббат, жақсылық жасау, әділдік сияқты әрекеттерді насихаттайды. Құранда “дінде зорлық жоқ” десе, теріс ағымда бұл керісінше. Радикалдық топта барлық қатысушы тек өз көсемдерінің ойын құптап, айтқанын істейді. Бұл құрылымсыз басқару және өте қауіпті. Мәселен, араб елінде сондай көсем “қабірлерде мазар, тас қоршау қойылмауы керек” деген пәтуа шығарды. Сөйтіп 2000 жылдары елімізде кейбір сәлафиттер барып бейіттерді бұзған жағдайлар болған”, – деді маман. 

“Ата-бабамыз дін мен дала заңын қатар ұстанған”

Осы тұста маман көшпелі заманда халқымыздың дін мен салт-дәстүрді қалай баланста шебер ұстанғанын да түсіндіріп берді. 

“Ата-бабаларымыз дінді ұстанғанда көптеген салт-дәстүріміздің, домбыраның харам емес екенін түсінген. Мұны ұлттық бірегейлігіміздің көрінісі деп есептеген. Ал қазір радикалды ағымдар сол ұлттық бірегейлігімізді жоқ қылып жібергісі келеді, яғни көбіне арабша мәдениетке тартады. 

Ата-бабаларымыз дінді әсірелеп, беріліп кетпеген. Себебі көшпелі өмір салтында белгілі бір медреседе отырып, діни идеологияны сіңіретін жағдай болмады. Халқымыз еркіндікті сүйген. Одан бөлек, дала заңын мықтап ұстанған. Тіпті кезінде сәлафилердің негізін қалаушысы түркілерді “кәпір” деп шариғат заңымен қоса дала заңын ұстанатыны үшін кінәлаған. Жеті жарғы, жеті атадан қыз алмау сияқты айта берсек көптеген ұлттық ұстанымдарымыз болған. Міне, бұл бізге теріс ағым жетегінде кетпеуге, рухани имунитет қалыптастыруға көмектесті”, – деді ол.

“Жастарға діни білім мен қоса зайырлы пәндерді де үйрету керек”

Әл-Фараби Болатжан қазіргі дамыған заманда адам діни білммен қатар ғылымнан да хабардар болуы керек екенін тілге тиек етті. Айтуынша, бұл жастарға кез келген жағдайда сыни ойлауға көмектеседі. 

“Ең бірінші адамдарға дінді тани алатындай сауаттылық керек. Жастарды оқу-ағарту арқылы қорғай аламыз. Жалпы діни мекеме, оқу-орнында білім тек дінмен ғана қамтылмауы керек. Себебі тек дінмен шектелген кезде адам қоғамнан оқшаулана бастайды. Діни оқу-орындарына физика, математика, психология секілді зайырлы пәндерді де қосу керек. Бұл дүниетанымды кеңейтіп, ой-өріс пен сыни ойлауды қалыптастырады. Кең ой-өріс болған кезде балада рухани имунитет қалыптасады. Ал радикализм адам қоғамнан оқшаулана бастаған кезде басталады. Яғни ол өз пікірін ғана дұрыс санап, басқаларды жат көреді”, – деп қосты маман. 

Дінтанушы осы тұста діни бағытта жоғары оқу-орнында білім алғысы келетіндерге де өз кеңесін айтты.

“Діни білімді ең бірінші Қазақстаннан алған жөн. Бізде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы университет сияқты біраз оқу орнында дінтану, исламтану мамандықтары бар. Мектеп бітіре сала шетелге кетіп діни білімді сол жақтан алу қауіпті. Шетелде теріс ағымдарға тап болу қаупі жоғары болғандықтан, дінді алдымен Қазақстандағы ресми оқу орындарында оқу маңызды. Ал магистратура немесе докторантура деңгейінде адам шетелдік білімнің бағытын ажырата алады”, – деді ол.

“Тіркелмеген медресе, интернеттегі бейресми деректер қауіпті”

Әл-Фараби Болатжан Сирияға барып сан соққан отбасылар мен теріс ағымда адасқандардың оқиғалары халыққа сабақ болғанын алға тартты. Алайда сонда да діни ақпарат іздегенде мұқият болу керек екенін де ескертті. 

“Дін туралы сұрақ туындаса, ақпаратты тек отандық, ресми тіркелген дінтанушылар мен мекемелерден алу керек. Себебі интернеттегі бейресми деректерді шетелдік ағымдардың салуы мүмкін. Ал олардың көзқарастары Қазақстанға сәйкес келе бермейді. Мысалы, кейбір ханафитпіз дейтін топтар шын мәнінде әсіре діншіл ағымдар.

Баласын діни мектепке берерде де ата-ана оқу орнының заңды тіркелгенін тексеруі қажет. Себебі бұған дейін елімізде ата-аналардың жалған медреселерге алданған оқиғалары болған. Тексеруді әкімдік жанындағы Дін істері басқармасы арқылы жүргізуге болады. Сонымен қатар елімізде радикализмнің алдын алуға бағытталған түсіндіру топтары мен оңалту орталықтары жұмыс істейді. Халық арасында діни сауат артып, ұлттық құндылықтарды қорғауға деген ұмтылыс та күшейіп келеді”, – деп қорытты маман. 
STAN.KZ
Сәрсенбі, 17 Қыркүйек, 2025 20:46
Талқылау