Қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың өмірбаяны
Stan.kz алаш қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, артына өшпес мол мұра қалдырған қаламгер Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет ұсынады.
20 ғасырдың басында әдебиет көгінде жарқырай жанған жарық жұлдыздардың бірі Мағжан Жұмабаев 1893 жылы 25 маусымда қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Бұлаев ауданында орта дәулетті үлкен отбасында дүниеге келген. Әкесінің есімі Бекен, анасы – Гүлсім. Бекен мен Гүлсімнің отбасында 7 ұл бала мен 2 қыз тәрбиеленді. Әділдігімен, адамгершілігімен өз ортасының алды, беделдісі болған Бекеннің Мүсілім, Қахарман, Мағжан, Мұхаметжан, Салтай, Қалижан, Сабыржан, Гүләндан, Гүлбарам есімді балалары болды. Әке қамқорлығының арқасында барлық балалар қажетті бастауыш білім алды. Олардың ішінде Мағжан, Қалижан және Сабыржан жоғары білім алады. Ол уақытта кез-келген ата-ана мұндай молшылық көрсете алмайтын, бірақ Бекен балаларының болашағы үшін бәрін жасады.
Мағжан төрт жасынан бастап шығыс тілдері мен әдебиетін оқуға кіріседі. Алайда, Мағжанның жастайынан шығарған өлеңдері сақталмаған. Қызылжардағы Бегішев медресесінде мұсылмандық орта білім алып жүріп араб, парсы және түрік тілдерін меңгеруін жалғастырады. 1910 жылы Мағжан Уфа қаласындағы жоғарғы мұсылман мекемесі Ғалия медресесіне оқуға түседі. Бірақ, татар әдебиетінің класигіне айналған ұстаз Ғалымжан Ибрагимовтың ұсынысы бойынша, Мағжан білімін жетілдірудің басқа жолдарын іздейді. 1912 жылы Қазан қаласында Ибрагимовтың көмегімен жас Мағжанның шығармалары алғаш рет жарық көрді.
Сол кезеңде Міржақып Дулатов пен Ахмет Байтұрсыновтың басшылығымен Мағжан орыс тілін үйренеді. Осылайша, орыс және еуропа әдебиетімен танысады, «Қазақ» газетімен жұмыс істейді. 1913 жылы Мағжан Омбы мұғалімдер семинариясына түседі. Омбыда өткен жылдарында Мағжан «Бірлік» қоғамын құруға белсенді қатысады, оның «Балапан» атты қолжазба журналын редакциялайды.
Поэзиядағы алғашқы қадамдарынан кейін Мағжан жарқын әрі ерекше таланттың сырын ашады. 1912 жылы жарық көрген «Шолпан» атты поэзия жинағының арқасында Мағжанның есімі кең таныла бастайды. Жұмабаевтың шығармашылық жолының бірінші кезеңі 1910 жылдан 1917 жылдың ақпанына дейінгі кезеңді қамтиды. Ұлт-азаттық күрестің себептері ақын өлеңдерінде батылдықпен тарихқа бет бұрған сайын қатты айтылады.
Ақпан революциясынан кейін Жұмабаев есімі қазақ зиялыларының ортасында ақын ретінде белгілі бола бастап, Мағжан «Алаш» партиясының облыстық комитетінің құрамына қабылданады. Ол осы партияның қазақстандық конгрестерінде құрылтай жиналысының депутаттығына кандидат болып сайланса да, бірақ белсенді саяси қызмет жүргізбеді. Кейінірек, оның шығармашылық мансабының екінші кезеңінде 1917 жылдың ақпан айынан 1931 жылға дейінгі аралықта Жұмабаев өз көзқарасындағы стереотиптерден бас тартуға тырысады.
Журналистикамен айналысып, білім саласында жұмыс істейді. 1922 жылы «Педагогика» деп аталатын еңбегін шығарады. Мағжан біраз уақыт Омбыда басылып шыққан «Бостандық туы» газетінің редакторы болып жұмыс істеп, 1921 жылдан бастап Петропавл қаласында тұрды.
Жұмабаев өмірінің ширыққан және шығармашылық жемісті кезеңі 1922 жылы Ташкентке көшуімен байланысты. Онда ақын «Батыр Баян» поэмасын, Түркістан туралы өлеңдер циклін, Ақан Сері, Бұхара Жырау, Әбубәкір Диваев туралы мақалалар жазды. Сондай-ақ, «Ақ жол» газетімен және «Шолпан» журналымен жұмыс істеді. Ташкентте, 1922-23 жылдары Қазанда арты-артынан Жұмабаевтың екі өлеңдер жинағы жарық көрді. Бұл жинақтарда ақын талантының ерекшеліктері айқын көрініс тапты.
Мағжанның өмірінде академик Григорий Николаевич Потанин, қазақтың көрнекті ұлы ақыны және ғалым Міражақып Дулатов және семинар директоры Александр Никитич Сидельников үлкен рөл атқарды. Потанин Мағжанмен алғаш кездескеннен кейін оның болашақта екінші Шоқан Уәлиханов болатынын болжады. Ұлы ғалымның болжауы орындалып, Мағжан қазақ халқының көрнекті ақыны, жарық жұлдызы болды. Кейінірек Мағжан Жұмабаев орыс классикалық мектебінің рухында педагог, ірі түрколог, тарихшы, тіл маманы, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығының, «Педагогика» кітабының авторы болды.
Жастайынан орысша оқып, орыс әдебиеті мен мәдениетіне еркін қаныққан Мағжан қазақ поэзиясына өзіндік ерекшелігімен, дарынды болмысымен келеді. Әдебиетімізде түркі тақырыбын тұңғыш рет жеке дара көтерген де Мағжан еді. Бұл тақырыптың тууына да әлденеше себеп бар. Сол уақытта түркі ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Мұстафа Кемальдың атағы жер жарды. 1920 жылы Түркия тәуелсіздігі туралы декларациясын жариялады. Бұл жеңіс қазақты да қуантты, жігеріне жігер қосты. Жеңіс лебі Мағжанның осы Түркістан өлеңінен айқын аңғарылады. Ақынның еліне, жеріне деген нағыз шынайы перзенттік сезімін осы поэманың өлең жолдарынан байқауға болады.
Оның қаламынан «Батыр Баян», «Қорқыт», «Жүсіпхан» секілді поэмалар туған. Ақын халыққа білім беру саласына арнап «Педагогика», «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні» атты еңбектер жазған. Ол Гете, Гейне, Лермонтов, Горький шығармаларын қазақ тіліне аударған. Таңдаулы прозалық шығармаларды аударумен қоса Мағжан Жұмабаев «Шолпанның күнәсі» әңгімесі арқылы қазақ әдебиетіне психологиялық талдау, сана ағымы әдістерін енгізді.
Жалпы, Жұмабаев – махаббат лирикасының шебері. Ол махаббат сыйын бақыт пен қуаныш ретінде қадір тұтты. Мағжан құмарлықты, оның жалынын және қызу ағынын суреттеді. Ақынның махаббат тақырыбына арнап жазған өлеңдері де қазақ поэзиясының қазынасына айналды. Мағжан символизмге құрмет білдіре отырып, осы үрдістің басқа өкілдері сияқты әдебиетті дамыту үшін көп пайдалы нәрсе жасады.
Мағжан Шығыс пен Батыс халықтарының рухани дамуының екі ағынын біріктірген Орта Азия мен Қазақстан аймағындағы алғашқы ақындардың ұрпағына жатады. Ол заманауи көркем ағымдар ағынына түсуге тырысып, әлемдік әдеби процесті құшырлана бақылады. Батыс және ресейлік символистер секілді Жұмабаев та «терең әлемге» үңілуге тырысты. Ол бейнені символмен алмастырып, тек шынайы оқиғаларға назар аударды.
Сол кезеңде ұлтшылдық, түркішілдікке қатысты айыптау толқыны басталды. Бұл жала Мағжан 1923-26 жылдары Мәскеудегі әдеби-көркемсурет институтында оқып жүрген кезінде де артынан қалмады. Сонымен қатар Мағжан Мәскеудегі шығыс баспасында жұмыс істеді.
1927 жылы жазда Мағжан Жұмабаев Отанына оралып, Петропавлда, Бурабайда оқытушылық қызметпен айналысты. Сол уақытта ол жаңа өмірді даңқтайтын патриоттық өлеңдер топтамасын құрастырды. Жұмабаев балаларға арналған әдебиеттерді жасауға белсенді қатысып, оқулықтар жазды.
1929 жылы Жұмабаев жалған айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын Солтүстікте өтеп жүрген Мағжан 1935 жылы Максим Горькийдің өтініші бойынша ерте босатылып, бостандыққа шығады. Алайда даңқты ақынның бостандығы ұзаққа созылмады. Орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып жұмыс істеген Жұмабаев Сәкен Сейфуллиннің шақыртуымен Алматыға келді. 1937 жылы 30 желтоқсанда ақынға зәрлі жала жабылып, Жұмабаев қайтадан қамауға алынды. Жалған жала жабылып, Кеңестік жүйенің қуғын-сүргініне ұшыраған қазақ ақыны ақыры 1935 жылы 19 наурызда Ежов зындандарында ату жазасына кесілді.
1989 жылы Қазақ академиясының әдебиет және өнер институты құрастырып, жариялаған «Шығармалар» басылымында Аймауытовтың Мағжан Жұмабаевтың ақындығы туралы жазған мақаласына қосымша бар. Мақалада 1923 жылы Ташкент студенттері алдында айтылған сөздің мәтіні берілген. Аймауытов Мағжанның шығармашылығын бағалай отырып оны қорғауға, ақынға тағылған айыптауларды алып тастауға тырысады.
Сондай-ақ, Жұмабаевтың екінші әйелі Зүлейха 20 жылдан астам уақыт бойы ақынның мұрағатын шатырда сақтап, Мағжанның қайта туылуына сенді. Ақыры, 1960 жылы 8 шілдеде Мағжан Жұмабаев Түркістан әскери округінің әскери сотының шешімімен қайтыс болғаннан кейін ақталып шықты. Осылайша, оның өлеңдері халыққа қайтарылды.
1993 жылы Мағжан Жұмабаевтың жүз жылдығына арнап Петропавлда үш метрлік гранит ескерткіш орнатылды. Бұдан бөлек 2000 жылы Бұлаев ауданында Жұмабаевтың мүсіні ашылды, ал 2003 жылы Мағжан Жұмабаев ауданының Сарытомар ауылында ақынға арнап ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ, Қазақстанның әр өңірінде Мағжанның атымен аталған мектептер мен көшелер де бар.
Мағжан Жұмабаевтың туындылары: Ел мен әйел тағдыры туралы 5 өлең