Қазақ әдебиетінің классигіне айналған Мұхтар Әуезовтың өмірбаяны
Stan.kz ақпараттық агенттігі 20 жылдардың өзінде проза мен драматургияда келелі туындылар беріп, қазақ әдебиетінің классигіне айналған қажымас қайрат, үлкен дарын, сарқылмас шабыт, мол парасат, шалқар ой, терең сезім иесі, қазақтың гуманист жазушысы Мұхтар Әуезовтың өмірбаянын ұсынады.
Қазақ халқының ұлы жазушы-классигі, ғұлама ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде дүниеге келген.
Әуезовтар отбасы белгілі қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың отбасымен туыстық байланыста болды. Мұхтардың атасы Әуез Абайдың досы болған, әрі оның шығармашылығын ізет тұтқан. Абайдың әкесі Құнанбай Әуездің әпкесі Нұрғанымды алған. Абай да Мұхтар дүниеге келгенде Әуездің шаңырағына барған деген естеліктер бар.
Мұхтар Әуезов ата-анасынан ерте айырылды. Әкесі Омархан 1900 жылы, ал анасы Нұржамал 1912 жылы қайтыс болды. Ата-анасынан айырылып, жетім қалған кішкентай Мұхтар ағайы Қасымбектің қолында тәрбиеленеді. Кейіннен ағайы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде білім алған Мұхтарды бес сыныптық орыс мектебіне береді. Онда Мұхтар соңғы сыныпта оқып жүргенде «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады.
1912-1913 оқу жылында Мұхтар мұғалімдер семинариясының бірінші сыныбын үздік бітіреді. Ғылым-білімге талпынған Мұхтар Семей педагогикалық семинариясында оқып, оны 1919 жылы бітіріп шығады. Жас Әуезов мінсіз талғамымен, ерекше талантымен, сырт келбетімен және нәзік, талғампаз мінезімен, ақсүйектерге тән сымбатты дене бітімімен мұғалімдердің назарын өзіне аударды. Өзгелерден ерекшеленген спортшы қаладағы алғашқы «Ярыш» футбол командасында ойнады.
1917 жылы Абайдың әйелі Әйгерімнің киіз үйінде Абайдың немересі Ақыштың ұзатуына жиналған жұрттың алдында Мұхтар Әуезовтың алғаш жазған шығармасы «Еңлік-кебек» пьесасы қойылды. Осылайша, жазушының шығармасына қойылған алғашқы сахналық көрсетілімді Абайдың немерелері мен пьеса авторының жақын туыстары тамашалады.
1917 жылдың жазында Мұхтар бұрынғы әдет-ғұрып және жақын туыстарының өтініші бойынша 15 жасар Райханға үйленді. 1918 жылы олардың қызы Мұғамиля, ал бір жылдан кейін Шоқан есімді ұлдары дүниеге келді. Алайда, Шоқан ерте қайтыс болып кетеді. 1920 жылы олардың некелері бұзылып, Әуезов әйелімен ажырасып кетеді. Сонда Мұхтар қызын өзімен бірге алып, оған өмір бойы қамқорлық көрсетеді.
Кейінірек Мұхтар Абайдың кенже ұлы Тұрағұлмен достасып, ұлы ақынның немересі, Мағауияның қызы Кәмилаға үйленді. Бірақ бұл неке де көп ұзамай бұзылады.
1918 жылы Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов Семейде «Абай» журналын шығарды. Бірақ, бұл басылымның он екінші нөмірі шыққаннан кейін идеологиялық себептермен жабылып қалды. 1919 жылғы 1 желтоқсанда Семейде түбейгейлі кеңестік билік құрылды.
1919 жылы Мұхтар Әуезов большевиктер партиясына қосылып, кейіннен партия желісі арқылы Семей губерниясы атқарушы комитетінің төрағасы және Орынбордағы ҚазССР хатшысы қызметін атқарып, сонымен қатар драма және журналистика саласында бақ сынап көрді.
1922 жылдың күзінде «партиялық тәртіпті бұзу» және «ұлтшылдық көріністері» үшін Әуезов большевиктер партиясынан шығарылады. Ол партия құрамында үш жарым жыл болған. Осылайша, Әуезов ірі мемлекеттік лауазымын тастап, Ташкенттегі Ортаазиялық Түркістан университетіне ерікті тыңдаушы ретінде түсіп, «Шолпан» журналында жұмыс істейді.
1923 жылдың көктемінде Әуезов Орынбор кадет корпусының түлегі, тарихшы және фольклорист Әбубәкір Диваевтың ұсынысы бойынша Қарқаралы ауданының Шыңғыс болысында ғылыми комиссияға қатысады. Онда олар Абайдың философиялық жазбалары мен өлеңдерін, «Дрейпер, Льюис, Спенсердің» шығармаларының сақталған қолжазбаларын жинап, қабылдаумен айналысты. Сол уақытта оған Халел Досмұхамедов және Мағжан Жұмабаев көмектесіп, серігі болды. Кейінірек патша үкіметі бұл ынтымақтастығы үшін Әуезовті «Алаш Ордаға» қатысы бар деп айыптады.
Әуезов 1923 жылдың қазан айында Ленинград мемлекеттік университетінің филология факультетіне түседі. Мұнда Мұхтар Әуезов болашақ үшінші жұбайы Валентина Николаевна Кузьминаны кездестіреді. Бірақ, Әуезов бірінші курстан кейін Қазақстанға оралады. Дегенмен, 1925 жылдың күзінде Ленинградқа қайта оралып, 1928 жылы университет бітіріп шығады.
1928 жылдың тамыз айында Ленинград университетін бітіргеннен кейін, жас отбасы Ташкентке көшіп кетеді. Мұнда Әуезов Орта Азия университетінің аспирантурасына оқуға түседі. Ал 1929 жылы олардың қызы Лейла дүниеге келді. Кейіннен Лейла Мұхтарқызы тарих ғылымдарының докторы, Мұхтар Әуезов мұражай-үйінің директоры болды.
1930 жылы Әуезовты «Алқа» жас қазақ жазушыларының ұйымына байланысы бар деп айыптап, 2,5 жылға түрмеге қамайды. Сол кезде әйелі мен қызы Ленинградқа қайта оралады.
Әуезов бостандыққа шыққаннан кейін Алматының университеттерінде сабақ беріп, пьесалар жазуын жалғастырады. Жазушының досы, әрі ақын Ілияс Жансүгіров Әуезовке саясатты тастап, танымал туысының шығармашылығын зерттеуге кеңес береді. Осылайша, қазақ ақынының асыл мұрасын зерттеуді қолға алған Әуезов 1933 жылы Абайдың толық өлеңдер жинағын латын қарпімен басып шығарады. Қызылордада жарық көрген жинақ «Абай Құнанбайұлының толық жинағы» деп аталады.
Содан кейін Абай шығармаларының алғашқы ғылыми жинағын дайындайды. Және сол аралықта Әуезовтың жазған пьесалары қазақ музыкалық театрында сахналанды.
Сондай-ақ, ол отбасымен қауышады және 1935 жылы болашақ биолог, Ернар есімді ұлы дүниеге келеді. 1937 жылы мамыр айында өткен Қазақстан жазушылар одағының алғашқы пленумына қарай Әуезов – Қазақстанның әдеби көкжиегіндегі ең жарқын тұлға болды.
Бірақ, жергілікті органдар оның ескі және ең көп қудаланған еңбектерін оқуға тыйым салып, кітапханадан алып тастап, жұмысынан шығарып жібереді. Содан кейін Әуезов Мәскеуге кетіп, жазушы Леонид Соболевпен көп жұмыс істейді. Онда олар «Абай» трагедиясын, «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» ғылыми зерттеуін жазады және «Қазақ халқының әндері» жинағын шығарады.
Соғыс басталарда Әуезов Қазақстанға оралады. Еліне оралған жазушы тіл, әдебиет және тарих институтында жұмыс істейді. 1942 жылы ол «Абай» романының алғашқы кітабын шығарды. Сол жылдары Әуезов 1937 жылы қуғын-сүргіннің құрбаны болған досы Ілияс Жансүгіровтың жесірі Фатима Ғабдуллинамен азаматтық некеге отырады. 1943 жылы олардың Мұрат есімді ұлдары дүниеге келді. Мұрат Мұхтарұлы кейінірек мәдениет қайраткері, Мұхтар Әуезов қорының негізін қалаушысы болды.
1945 жылы Абайдың жүз жылдығына орай Әуезов «Абай» операсының либреттасын, «Абайдың әндері» көркем фильмінің сюжетін, Абайдың өмірбаянының жаңа нұсқасы мен осы туралы бірнеше мақала жазды. Сондай-ақ, Мәскеуде «Абай» кітабының алқашқы нұсқасы жарық көріп, Әуезов Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Бір жылдан кейін филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ССР Ғылым Академиясының академигі болды.
1947 жылы «Абай» романының екінші кітабы қазақ тілінде жарық көрді. 1948 жылы екі кітап та орыс тілінде басылып шықты. 1949 жылы роман бірінші дәрежелі Сталиндік жүлдемен, Құрмет белгісімен марапатталды.
Қанша уақыт өтсе де, бірақ Әуезовтың жаулары тынышталған жоқ. 1947 жылы Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің «Қазақ ССР Ғылым академиясының тіл және әдебиет институты жұмысындағы жалпы саяси қателіктері туралы» қаулысы шығарылып, жазушы үнемі қудалауға түсіп, тыныштықта жұмыс істей алмады.
1952 жылы «Абай жолының» бірінші кітабы қазақ тілінде жарық көрді. Ал сол жылы «Правда» газетінде тағы да «азаматтық қырағылық жетіспейді» деп Әуезовті айыптаған мақала шықты. Келесі күні «Казахстанская правда» газеті: Профессор, академик Мұхтар Омарханұлы Әуезов «буржуазиялық-ұлтшылдық қателіктері» үшін университеттегі жұмысынан және «Қазақ КСР-нің тарихы» көптомды кітабының авторлар қатарынан шығарылды, деп «Правда» мақаласын қайта басып шығарды.
Осындай қысымға ұшыраған Әуезов жасырын түрде Мәскеуге кетуге мәжбүр болады. Онда ол Мәскеу мемлекеттік университетінде екі жыл бойы қазақ әдебиеті туралы дәрістер оқыды.
1954 жылы ол Мәскеуде «Абай жолы» тетралогиясын аяқтайды. Онда Әуезов «Шетел әдебиеті» және «Халықтар достығы» журналдарының редакциялық кеңесінің мүшесі болды және Мәскеудегі кәсіподақтар үйінің бағаналы залындағы салтанатты кездесуде Абай шығармашылығы туралы баяндама жасады. Осыдан кейін Әуезов Алматыға оралып, барлық лауазымдарын қалпына келтірді.
1960 жылы ол Совет жазушыларымен бірге АҚШ-қа барып қайтты. Қайта оралғаннан кейін «Америкалық әсерлер» атты очерк пен жаңа роман жазумен айналысады.
1961 жылдың жазында Әуезов емделу үшін Мәскеуге барып, 1961 жылдың 27 маусымда ота кезінде қайтыс болды.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.