Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайрат Нұрдәулетов ресми түрде "Оқжетпес" клубының бас бапкері атанды

Оқжетпесті жаттықтырадыФото: Kff.kz

Көкшетаулық "Оқжетпес" футбол клубы Қайрат Нұрдәулетовты бас жаттықтырушы қызметіне тағайындағанын ресми түрде хабарлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі клубтың Instagram парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

47 жастағы маманмен жасалған келісімшарттың шарттары әзірге жарияланған жоқ.

Нұрдәулетовтың тағайындалуы Андрей Ферапонтов кеткеннен кейін орын алды. Ферапонтовтың басшылығымен "Оқжетпес" Бірінші лигадан ҚПЛ-ға жолдама алып, биылғы маусымда күтпеген табысқа жетті. Қазір команда 14 турдан кейін 21 ұпай жинап, турнирлік кестеде алтыншы орында тұр.

Қайрат Нұрдәулетов – Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы қорғаушысы. Ол құрама сапында 27 матч өткізіп, бір гол соққан. Клубтық деңгейде "Ордабасы", "Жеңіс", "Ақтөбе", "Атырау" және "Тобыл" секілді командалардың намысын қорғаған. Әсіресе Қостанайдың "Тобыл" клубындағы кезеңі табысты болды — ол чемпионат пен Қазақстан кубогын жеңіп алды.

Футболшы ретіндегі мансабын аяқтағаннан кейін Нұрдәулетов бапкерлік жолын бастады. Ол әртүрлі жастағы Қазақстан құрамаларының жаттықтырушылар штабына кірді, сондай-ақ ұлттық құраманың бас бапкерінің көмекшісі болды. Сонымен қатар, ҚПЛ мен Бірінші лига клубтарында дербес бапкер ретінде жұмыс істеген тәжірибесі бар. Бұл маусымды Қайрат Бірінші лигада өнер көрсететін "Ертіс" командасының бас бапкері ретінде бастаған еді. Алайда бірнеше турдан соң қазақстандық маман өз еркімен  жұмыстан кетті.

Абылайхан Палмағанбет
Жұма, 04 Шілде, 2025 17:58
Талқылау