Қайрат Боранбаевтың Medeu Park қонақүйі үш жылдан бері аяқталмай тұр
Фото: kursiv.media
Алматыдағы әйгілі "Медеу" мұз айдынының жанында орналасқан элиталық Medeu Park Hotel қонақүй кешенінің құрылысы 2022 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған еді. Алайда бұл жоба кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа тиесілі компанияға қарасты болғандықтан оның қамауға алынуы құрылыс жұмыстарына кері әсерін тигізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Кursiv.media порталына сілтеме жасап хабарлайды.
2023 жылдың наурызында Қайрат Боранбаевқа сот үкімі шықты. Ал сәуір айының ортасында Medeu Park Hotel компаниясы құрылыс жұмыстарының қайта басталғаны жөнінде хабарлама берген. Қазір құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.
Алматы қалалық жоспарлау және бақылау басқармасы құрылыс жұмыстарының қазіргі жай-күйін айтып берді.
Басқарманың дерегінше, нысан ішкі әрлеу және алаңішілік инженерлік желілерді тарту кезеңінде. Алайда аталған элиталық қонақүйдің құрылысының не себепті кешігіп жатқанына нақты жауап бере алмады. Қонақүйдің ресми сайты жоқ, бірақ Instagram парақшасында кешеннің 2025 жылы ашылатыны көрсетілген. Ал нысан төлқұжатында құрылыс 2025 жылдың желтоқсанында аяқталады деп жазылған.
Айта кетейік, Medeu Park Hotel ЖШС-і әлі де Кайрат Боранбаев негізін қалаған екі компанияның – "ААДТ" ЖШС және "АЛМАЛЫ" активтерді басқару компаниясы ЖШС-нің басқаруында. 2021 жылдан 2024 жылға дейін бұл жоба 72,8 млн теңге салық төлеген. 2024 жылы ең аз сома небәрі 6 550 теңге ғана төленсе, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында қазынаға 27,7 миллион теңге түскен. Қонақүйдің құрылысы толық аяқталып, нақты қашан ашылатыны әзірге белгісіз.
Қазақстанда "Nef Qazaqstan" құрылыс компаниясының басшысына іздеу жарияланды
Еске салайық, бұған дейін Қайрат Боранбаевтың "ҚазТрансГаз" АҚ-ның ақшасын жымқырғаны үшін 6 жылға сотталғаны туралы жазған едік. Қайрат Боранбаевтың компаниялары шетелден қайтарылған қаражат есебінен білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударды. Сондай-ақ оның компаниялары мемлекеттік мүлік комитетіне жалпы құны 1,4 миллиард теңгеден асатын "Comfort Hotel Astana" қонақүй кешенін мемлекет меншігіне өз еркімен беру үшін тиісті өтінімдер берген және оған тиесілі Phystech II мұнай компаниясы мемлекет меншігіне өтті. Мемлекет меншігіне сауда ойын-сауық кешенін, жылжымайтын мүлікті басқару компаниясын және фитнес клубтар желісін қайтарды. Залалды өтеуіне байланысты сот оның өтінішін қанағаттандырып, Боранбаев түрмеден босатылып, пробациялық бақылауға алынды.

“Партизан болған, 400-ден астам жаралы сарбазды құтқарған”: Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары кімдер
