Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қайрат" бас бапкерге қатысты күтпеген шешім қабылдады

Фото: ilivaldoduarte.com

Алматылық "Қайрат" футзал клубы бас бапкер лауазымына қатысты таңдауын өзгертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Vesti.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Дереккөздің мәліметінше, бастапқыда клуб бразилиялық маман Алемаомен келіссөз жүргізіп, ол жұмыс істеуге келісімін берген еді. Алайда кейінірек оның жұбайы Қазақстанға көшіп келуге қарсы болып, бапкер бұл ұсыныстан бас тартуға мәжбүр болған.

Осы жағдайға байланысты "Қайрат" назарын басқа бразилиялық маманға — қазіргі таңда Бразилияда "Кампу Моурау" командасын жаттықтырып жүрген 45 жастағы Даниэл Жуниорға аударды. Клуб пен жаттықтырушы арасындағы келіссөздер аяқталуға жақын, және ол алматылық команданың жаңа бас бапкері атануы әбден мүмкін.

Даниэл Жуниор бапкерлік мансабында бірқатар жетістікке жеткен: 2022 жылы 20 жасқа дейінгі командалар арасындағы Бразилия кубогының иегері, сол жылы Парана штатының "Алтын серия" чемпионы атанды, ал 2020 жылы Бразилия кубогының күміс жүлдесін жеңіп алған. Сондай-ақ, ол халықаралық деңгейде де табысқа жетіп, Бразилияның 17 және 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамаларымен екі мәрте Оңтүстік Америка чемпионы атанған.

Бразилиялық маман "Қайрат" сапындағы алғашқы ресми кездесуін 23 тамызда өткізеді деп күтілуде. Бұл күні алматылықтар Орал қаласында Қазақстан кубогының иегері "Семейге" қарсы Суперкубок үшін ойнайды.

Абылайхан Палмағанбет
Бейсенбі, 31 Шілде, 2025 12:20
Талқылау
`