Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көлік астына түсіп, газға тұншығып өледі": Балалар арасында тараған қауіпті ойындар қандай және олардың мақсаты не

Күні кеше әлеуметтік желіде елімізде көлік астына жүгірген оқушылардың видеосы тарап, жұртшылықтың жағасын ұстатқан еді. Деректерге сүйенсек, бұл – балалар арасында тараған жаңа қауіпті ойын. Қоғам бір кездері “Көк кит” деген атаудан үрейленсе, қазір өлімге итермелейтін мұндай ойындардың түр-түрі тарауда. Қанша тыйым салынса да, балаларды әуес қылған қауіпті ойындарға Stan.kz ақпарат агенттігі шолу жасады. 

Сурет pixabay-дан алынған

Әлемде тараған үш қауіпті ойын

"От перілері" (Феи огня)

Деректерге сай, бұл ойын ең алдымен ғажайыпқа сенетін балаларды құрыққа түсіреді. Мұнда интернет шабуылдаушылары танымал "Винкс клубы: Сиқыршылар мектебі" мультсериалын мысал етіп, сондағы кейіпкерлердей болуға жәрдемдесеміз деп сендіреді. Ал пері болғысы келетін кішкентай қыздар олардың берген тапсырмасы ретінде түн ортасында сиқырлы сөздерді айтып, асүйдегі газды отсыз қосып, сол жерде ұйықтауы керек. “Сиқырлы газ шығады. Ал онымен демалған адам періге айналады!” – деп алдайды қаскөйлер. 

"Жүгіріп өт немесе өл" (Беги или умри)

Мұнда балаларды ұпай беру арқылы қызықтырады. Тапсырманы кім қаншалықты жақсы деңгейде орындаса, соншалықты көп бонус сыйлыққа алады. Ойын алгоритмі бойынша бала мүмкіндігінше көлік көп жүретін көшеден жүгіріп өтуі керек. Ал екіншісі оны телефонына түсіріп тұруы қажет. Осыдан кейін олар әлеуметтік желілердегі арнайы топтарда өздерінің “жетістіктерін” жариялап, ұпайларға ие болады. Дегенмен көптеген жасөспірімнің мұндай “тапсырманы” орындап, аман қалуы екіталай.

"Көк кит" немесе "Тыныш үй" 

Мұнда кураторлар жасөспірімдерге психикаға әсер ететін тапсырмалар береді. Көпшілік алғашында өлім туралы ойға жол бермей, тек қызығушылықпен бастайды. Бірақ уақыт өте келе мұның соңы қысымға жалғасып,  өмірден түңілуге итермелейді. Ойын бір аптадан аса уақытқа дейін жалғасуы мүмкін. Алдымен жай сурет салып, оны желіге жүктеу тапсырылады. Кейін тапсырма қиындап, бұл суреттерді бірте-бірте денеге қаламмен, кейін тіпті өткір заттармен ойып салу міндеттеледі. Ойын шартын орындамағандарға алдымен өмірдің пайдасыздығы және шешімі жоқ проблемалар туралы барынша дәлелдер айтылып, өмірден баз кешуге үгіттейді. Ал егер мұндай манипуляциялар нәтиже бермесе, топ кураторлары бопсалай бастайды. Жасөспірім ата-анасы мен туыстарына зияным тимесін деп қорқып, оларды құтқару үшін өз-өзіне қол жұмсап жатады.

Сурет pixabay-дан алынған

Қаһармандық пен батырлық: өзіне көңіл аударту үшін жасалған әрекеттер...

Психолог Айгүл Асқарқызының айтуынша, балалардың өздері білмейтін қауіпті ойындарға қызығушылығы “қаһармандық” сезімінен туындайды.

“Бұрын ұлдар атаман (топтың басшысы дегенге саяды – авт.) болуға талпынатын. Мұндай сезім қазіргі балаларда да басым. Олар біреудің істегенін қайталау арқылы ерлік көрсеткісі келеді. 

Тағы бір себеп – ата-ана назарының жетіспеуі. Балалардың көпшілігі олардың көңілін өзіне аулау үшін түрлі қитұрқы әрекетке барады. Ал жақындарының назарын бұра алмаған жағдайда басқа ортаны іздеп, солардың көңілінен шығуға тырысады”, – деді маман. 

Психолог әлеуметтік желінің ашықтығы да балаларға теріс әсерін тигізетінін алға тартты.

“Бұл – сырттан келіп жатқан ағым. Мемлекет болып қандайда бір шешім қабылдап тоқтатпасақ, жағдай қиындай түседі. Бұл бір жағынан сырттан жүріп жатқан саясаттың көрінісі”, – деп қосты ол.

ВВС-дің мәліметінше, жасөспірімдерге алдымен белгісіз топтардан хабарлама мен видео келеді. Бала ойын туралы видео мәліметті ашып көргенде ойынды жүргізушілер оның смартфонындағы барлық мәліметке қол жеткізе алады екен. Осылайша, баланың барлық дерегін алған белгісіз топ оны тапсырманы соңына дейін орындауға мәжбүрлейді.

Сурет pixabay-дан алынған

Мәселен, аргентиналық 12 жасар қыздың өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат әлем назарын аударған еді. Cол кезде полиция баланың өлімінің ойынмен байланысты екенін растамаса да, қыздың телефонында күдікті WhatsApp хаттары мен оның қайтыс болғанға дейін түсірген бейнежазбалары табылды. Билік мұның бәрі ойынның бір бөлігі және біреу баланы өзін-өзі өлтіруге әдейі мәжбүрлеген болуы мүмкін деп болжады.

Баланың қауіпті ойын ойнап жүргенін қалай білуге болады?

Мамандар балалардың мұндай ойынға қатысып жүргенін оның мінез-құлық пен әдеттерінен-ақ байқауға болатынын айтады. Мәселен, олардың ұйқысы қанбай, ештеңеге құлқы болмауы мүмкін. Түрлі киттердің, көбелек пен мүйізді жылқылардың суретін жиі салуы да баланың қауіпті ойын құрсауына түскенінің белгісі болуы мүмкін. 

Осындай ойындарға қатысып жүрген жасөспірімдер көбіне әртүрлі күдікті топтарға тіркеліп, хэштегтерді қолданады. Мұндай қатердің алдын алу үшін мамандар балаға көңіл бөліп, оны түрлі қызықты үйірмелерге қатыстырып, уақытын барынша тиімді өткізуге атсалысуды ұсынады.

Еске салсақ, Риддер тұрғынының қауіпті ойынның куәсі болғаны туралы хабарлаған едік. Ер адам көліктің алдынан жүгіріп өткен жасөспірімдерді түсіріп алған.

ватсап канал

Талқылау