Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қателесті немесе саналы түрде жасады": Үндістандағы ұшақ апатына қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр

Үндістандағы ұшақ апаты

Фото: Видеодан скрин

Үндістанда 260 адамның өмірін қиған Air India ұшағының апатына қатысты тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Тергеу кезінде ұшқыштардың әрекеттері мен әуе кемесінің техникалық жай-күйі басты назарға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сарапшылардың айтуынша, ұшақ көкке көтерілгенде бірден ұшқыштар кабинасындағы екі жанармай тетігі “өшіру” күйіне ауыстырылған. Салдарынан қозғалтқыштарға жанармай бармаған. Аталған тетіктерде қорғаныс жүйесі бар, оларды кездейсоқ басу немесе абайсызда іліп кету мүмкін емес. Оларды өшіру үшін тетіктерді көтеріп, бұру қажет.

“Бұл жайдан-жай болуы мүмкін емес. Бұл – не қате, не әдейі жасалған әрекет”, – дейді сарапшылар.

Ұшақтағы екінші ұшқыш 28 жастағы Клайв Кундердің ұшу тәжірибесі — 3400 сағат. Экипаж командирі — 55 жастағы Сумит Сабхарвал, ол әуеде 8200 сағаттан аса уақыт өткізген. Ол әріптесінің әрекеттерін сырттай бақылап отырған.

БАҚ мәліметінше, соңғы жылдары Сабхарвал бірнеше рет денсаулығына байланысты демалыс алып жүрген. Ол психикалық денсаулығына байланысты қиындықтарға тап болып, күйзелісте жүрген және анасының өлімін ауыр қабылдаған деген болжам бар. Алайда ресми түрде Air India әуе компаниясы ұшқыштың барлық медициналық тексеруден өткенін және ұшуға рұқсат алғанын мәлімдеді.

Ұшқыштардың бірі әріптесінен “Неліктен отынды өшірдің?” деп сұрап үлгерді. Бірақ әріптесі отынды өшірмегенін айтқан. Бірнеше секундтан кейін олар отынды қайта қоспақ болды, алайда бәрі тым кеш болды. Қозғалтқыштарды қайта іске қосуға биіктік те, уақыт та жетпеді.

Ұшақ көкке көтерілгеннен кейін екі минут өткен соң әуе толқынында “Mayday, Mayday, Mayday” деген апатты сигнал естілген.

“Ұшақта техникалық ақаулар болмаған. Салмағы норма шегінде, қауіпті жүк тасымалданбаған. Отын тексеруден өткен, ал маршрут бойындағы құстардың белсенділігі ықтимал себеп ретінде жоққа шығарылды”, – делінген хабарламада.

Алайда қаза тапқандардың туыстары есеп қорытындыларымен келіспейді. Олар әуе компаниясы мен билікті кінәні қаза тапқан ұшқыштарға жабуға тырысып жатыр деп айыптайды.

2018 жылы АҚШ-тың Федералдық авиация әкімшілігі қауіпсіздік механизмі істен шыққан жағдайда Boeing ұшақтарында жанармайдың тоқтап қалу қаупі туралы ескерткен еді. Алайда Air India компаниясы “Федералдық авиация әкімшілігінің ұсынымдары міндетті емес, тек кеңес сипатында болды” деп қосымша тексеру жүргізуден бас тартқан.

Еске салсақ, бұған дейін Үндістанда жолаушылар ұшағы апатқа ұшырағаны туралы жазған едік. Ұшақ апатынан 241 адам көз жұмып, тек бір жолаушы тірі қалды.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 14 Шілде, 2025 16:28
Талқылау