Катарлық инвестор Атырау әуежайының құрылысына қанша ақша бөлетіні белгілі болды
Хиуаз Доспанова атындағы Атырау әуежайындағы жаңа әуежай кешенінің құрылысы 2026 жылы аяқталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Атырау әкімдігі
Көлік министрі Марат Қарабаев Атырау облысына жұмыс сапары барысында әуе айлағын аралап, нысанның қазіргі жағдайын тексерді.
Министрліктің хабарлауынша, катарлық инвестор 2025 жылы Атырауда жаңа әуежай кешенінің құрылысын бастайды. Құрылыс аясында әуежайдың инфрақұрылымын кеңейту, модернизациялау, сондай-ақ қазіргі әуежай ғимаратын жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Осыған шетелдік инвестор шамамен 50 миллион доллар немесе 24 миллиард теңге инвестиция бөлмек.
Жаңа әуежай кешенінің ауданы – 16 500 шаршы метр. Әуежайға үш жаңа телескоптық көпір орнатылады.
"Эскиз бойынша ғимараттың негізгі қасбеті шығысқа бағытталып, ортағасырлық Сарайшық қаласының мотивтерін еске түсіретін шығыс мәдениеті стилінде жасалады. Ғимараттың платформаға қарайтын қасбеті батысқа қарай бағытталып, батыстық стильге негізделеді", – деп хабарлайды көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Жұмыс аяқталғаннан кейін әуежайдың жолаушылар ағыны жылына 800 мың адамнан 2,9 миллион жолаушыға дейін артады деген жоспар бар.