Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кәсіпкерлер алаяқтарға тап болмауы үшін не істеулері керек? Мамандар кеңес берді

Бүгінгі таңда кәсіпкерлер нарықта бәсекеге қабілетті болып қалу үшін онлайн платформалар ашуды жиілеткен. Интернет-сауда сатушы және сатып алушы үшін жаңа мүмкіндіктерді ашқанымен, таяқтың екі ұшы бар екенін ұмытпаған жөн. Себебі ғаламтор кеңістігінде өз құрбанын іздеп, алдау арқылы қаржысын иемденетін алаяқтар көбейген. Juniper Research зерттеуіне сәйкес 2026 жылға дейін интернет алаяқтықтан келетін шығын 206 миллиард долларға жетеді. Қазіргі таңда кәсіпкер өз кәсібін алаяқтардан қалай қорғай алады? Алаяққа алданған жағдайда қалай әрекет ету керек? Stan.kz тілшісі бұл сұрақтардың жауабын іздеп көрді.

алаяқтық

2022 жылдың тамызына дейінгі статистиканың өзі Қазақстанда 15 мыңға жуық интернет-алаяқтық дерегі тіркелгенін көрсетеді. Ал келтірілген шығын 15 миллиард теңгеге жуықтайды.  

Елімізде сатып алушы да, сатушы да алаяқтықтың құрбаны болуы мүмкін екенін естен шығармаған жөн. Кәсіпке жасалған алаяқтық шабуылдар дүкеннің немесе бизнес иесінің имиджіне кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар клиенттер мен компанияның жеке деректеріне де қауіп төнеді. Құқық қорғаушылардың сөзінше, алаяқтар көп жағдайда шетелден жұмыс істейді. Сондықтан оларды табу және қаржыны қайтару қиынға соғуы мүмкін. Осы себепті азаматтарды абай болуға шақырады.

Онлайн-кәсіп жүргізетін азаматтар алаяқтарды бірнеше белгісінен ажырата алады. Мамандар бұл үшін тапсырыс берушінің электронды поштасына назар аудару керегін айтады. Сонымен қатар тауарды жеткізу үшін көрсетілген мекенжай мен есепшоттың мекенжайын салыстырып, тексерген абзал.

Кәсіпкерлер нені екеруі қажет? Заңгер кеңесі

Заңгер Альбина Бахтиярқызы алаяқтардың кәсіпкерлерді құрығына түсіру үшін түрлі тәсілдерді қолданатынын айтады. Солардың бірі – ұжымдық поштаны бұзып, клиенттер мен компанияның жеке деректерін ұрлау.

"Кәсіпкерлер жиі қолданатын ұжымдық пошта арқылы жеке деректер, банк есепшоттарын ұрлау ықтималдығы жоғары. Тағы бір тәсілді "фишинг" деп атап жүр, яғни алаяқтар әлеуметтік желіде компания немесе бизнес атауына ұқсайтын өзге бизнесті ашуы мүмкін. Кейде атаулары бірдей екі түрлі сайтты байқап жатамыз. Өзге кәсіптің атын пайдалану арқылы төлем қабылдап, адамдарды сан соқтырып жатады. Тіпті кәсіпкер де "фишингтің" құрбаны болып жатады", – дейді маман.

Кейде алаяқтар компанияға қызметкер ретінде орналасып, кәсіпкерді алдайтын жағдайлар кездеседі екен. Осылайша, бизнеске қатысты құпия немесе жеке мағлұматтарға қол жеткізеді. Заңгердің айтуынша, осыған ұқсас жағдай өз тәжірибесінде де болған.

"Қызметкер ретінде кәсіпкердің деректерін білу оңай. Сондай-ақ олар компания ұсынған қызметті немесе тауарды әлеуметтік желіде жарнамалап, тұтынушылардың қаржысын алады. Кейін клиенттер тауарын да, ақшасын да қайтара алмайды. Жақында ғана осыған ұқсас жағдай болды. Алаяқ жиһаз жасайтын компанияға менеджер ретінде қызметке орналасқан. Оның міндеті – тапсырыс қабылдап, үйде жиһаз жасау үшін өлшемдер жүргізу және төлем қабылдау. Нәтижесінде компанияның келісімшартын қолданып, бірнеше тапсырыс қабылдаған. Ал қаржыны алып, тайып тұрған. Қазір қылмыстық іс қозғалды, тергеліп жатыр", – деп қосты заңгер.

Альбина Бахтиярқызы OLX пен өзге де интернет-дүкендерде алаяқтардың көптеп шоғырланғанын айтады. Сондықтан алаяқтың құрбаны болмауы үшін клиент те, кәсіпкер де өзін қорғай алуы керек дейді.

"Мысалы, ұжымдық поштадағы деректерді, компанияның логотипі мен брендін қорғау – кәсіпкердің мойнындағы жауапкершілік. Әрине, елімізде заңдық тұрғыдан да қолдау көрсетіледі. Егер кәсіп иесі алаяқтың құрығына тап болса және өзінің алданып қалғанын білсе, уақыт өткізбей есепшоттарын бұғаттап, банк қызметкерлеріне және полицияға ескерту керек. Кәсіпкер түрлі жағдайда алданып қалуы мүмкін. Сондықтан мұнда әрекет етудің нақты алгоритмі жоқ", – деп түсіндірді заңгер.

Маманның пайымдауынша, алаяқтың түпкі мақсаты – ақшаны иемдену. Сондықтан олар өз әрекеттерін жасыру үшін түрлі қадамға барады. Кәсіпкерге де алаяқты бірден ажырата қою қиынға соғады, дейді ол.

"Әйткенмен кәсіпкер нарықтағы қауіп-қатерлерді біледі. Ал алаяқ одан жеке ақпараттарды сұрай бастаса, бірден күдік туындауы керек. Бұдан бөлек төлемдер мен ақша аударымдарын қабылдағанда абай болған жөн. Себебі қазір интернет-банкинг дамыған заман. Сондай-ақ қызметке жаңа маманды қабылдамас бұрын тексерген абзал. Ол адамның бұрын сотты болғаны-болмағаны маңызды. Бұрынғы жұмыс орнындағы мінездемесін шолып шығу керек", – дейді Альбина Бахтиярқызы.

Заңгер интернеттегі алаяқтардың көпшілігі шетелден жұмыс істейтінін айтады. Осы себепті банк деректері мен жеке мағлұматтарды құпия ұстау қажет.

"Қазақстанда заңды тұлғаларға қарағанда жеке кәсіпкерлер жиі алаяқтардың құрбаны болады. Компанияда алаяқтық ақша жымқыру арқылы көрініс табады. Бұдан өзге екі заңды тұлға арасында келісімшарт жасалғанда алаяқтық дерегі орын алуы ықтимал. Сондықтан серіктестерді де тексеру қажет", – деп түйіндеді заңгер.

Кәсіпкерлерді қалай алдайды? Банк ЦентрКредит жауап берді

Еліміздегі банк жүйесіндегі көшбасшылардың бірі Банк ЦентрКредиттен соңғы бірнеше жылда алаяқтық шабуылдарға арналған жаңа құралдар және клиенттердің шағымдары туралы сұраған едік. 

Банк ЦентрКредит өкілі соңғы жылдары азаматтарды алдаудың жаңа құралдары пайда болмағанын мәлімдеді. Сөздерінше, клиентті алдау сценарийі ғана өзгерген.

"Әрине, кез келген азамат алаяқтықтың алдын ала алады. Банк ретінде біз өз клиенттерімізге жеке деректерді өзге адамдарға беруге болмайтынын түсіндіреміз. Уақытылы СМС-код арқылы ескертпелер жіберіп, арнайы мақалалар дайындалады. Дегенмен кәсіпкерді қорғау үшін банктің қандай шара қабылдайтынын жария ете алмаймыз", – деп жауап берді Банк ЦентрКредит өкілдері.

Банк өкілдерінің айтуынша, алаяқтар бизнесін онлайн жүргізіп отырған кәсіпкерлерден жеке деректерді алуға тырысады екен. Бұл үшін фишинг, яғни мәліметтерді қолды етуге арналған фишинг сайттарды көптеп қолданады.

"Сондай-ақ әлеуметтік инженериядан ешкім сақтандырылмаған. Мәселен, кәсіпкер тауарды жіберіп, ал клиент төлем жасамауы мүмкін. Тіпті алаяқ кәсіпкерге жалған төлем формасын беруі де ықтимал. Клиент бұл формаға өткенде ақша немесе есепшот жайлы мәліметтер алаяқтардың қолына түседі", – дейді банк өкілдері.

Талқылау