Кәсіпкерден 320 млн теңге талап еткен: Қорғаныс министрлігінің шенеунігі төрт жылға сотталды
Қорғаныс министрлігі "Қарулы күштердің әскери инфрақұрылымы бас басқармасы" РММ күрделі құрылыс басқармасының бұрынғы бастығы пара алуға әрекеттенгені үшін төрт жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: istockphoto.com
Ақмола гарнизоны әскери сотының мәліметінше, 2023 жылы Қарулы күштердің қажеттіліктері үшін модульдік ғимараттарды жеткізуге жалпы сомасы 3,5 млрд.теңгеге мемлекеттік сатып алу шарттары жасалған. Бұл қаржының 3,2 миллиард теңгесі кәсіпкердің қолына тиген.
Полковник келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындап жүрген кәсіпкерді кабинетіне шақырып, шарттың жалпы сомасының 10%-ын, 320 млн теңгені өзіне беруді талап еткен. Егер кәсіпкер келіспесе келісімшартты бұзатынын айтқан. тараптар біраз саудаласып, 200 млн теңгеге келіскен.
-
Ақтаудағы әскери тергеу басқармасының бастығы пара алды деген күдікке ілінді
-
296 млн теңге жымқырған: "ҚазАвтоЖол" Жамбыл облыстық филиалы басшысының орынбасары сотталды
Шенеуніктің әрекетінің заңсыз екенін түсінген кәсіпкер әңгімені диктофонға жазып алған. Полковник алдымен 10 миллион теңге беруді сұраған. Ол әңгімеде параны "жобалар" және "эскиздер" сөздерімен алмастырып отырған. Кәсіпкер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хабарласқаннан кейін оған 10 миллион теңге берілген, оның 9 миллион теңгесі жалған. Ақша делдал арқылы беріліп, содан кейін шенеунік ұсталды.
Сотта полковник өз кінәсін мойындамады.
Бірақ сот барлық дәлелдемелерді сараптап, шенеунікті кінәлі деп тауып, төрт жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ сот шенеуніктің мемлекеттік қызметте қызмет атқаруына өмір бойына тыйым салды.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда пара беретіні туралы сөз қозғағандарды да жауапқа тарту ұсынылған еді.