"Қасымовқа қарсы куәгерлік етсін деп жатыр": "Қазақстан" шипажайының экс-басшысының әйелі мәлімдеме жасады

"Қазақстан" шипажайының бұрынғы басшысының әйелі күйеуінің денсаулығы нашарлап кеткенін айтуда. Қазір Қазыбек Сұлтан сегіз айдан бері абақтыға жабылыпты. Ол 974 млн теңге жымқырды деп айыпталуда. Бұған қоса Альмира Сұлтан жарының кінәсіз екенін айтып, ағынан жарылды. Сөзінше, ІІМ шипажайдың экс-басшысын қыспаққа алып, оның Қалмұхабет Қасымовқа қарсы куәгерлік етуге күштеп жатқан көрінеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Қазақстан шипажайы

Альмира Сұлтан мен "Қазақстан" шипажайының экс-басшысы Қазыбек Сұлтан

Альмира Сұлтан арыз жазбаған жері қалмағанын айтады. Оның сөзіне сүйенсек, ол осы уақытқа дейін бас прокуратураға, "Nur Otan" партиясына , басқа да құзырлы органдарына бірнеше рет хат жолдаған. Альмира Сұлтан күйеуі, "Қазақстан" шипажайының экс-президенті Қазыбек Сұлтанның "Қомақты сомадағы біреудің мүлкіне алаяқтықпен қол жеткізіп, талан-таражға салды" деген айыптың негізсіз екенін алға тартады. 

"Тергеушілер жұбайыма қысым көрсетуде. Олар Қазыбекті өзінің бұрынғы басшыларына қарсы айдап салып жатыр. Істің әділ өтуін қалаймын және менің балаларыма тиіспесе екен деп өтінемін", - дейді Альмира Сұлтан. 

Қазыбек Сұлтан ішкі істер министрлігіне тиесілі "Қазақстан" шипажайының президенті болып жеті жыл бойы қызмет атқарған. Қазір ол тұтқынға алыныпты. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ол 2013 жылы жөндеу жұмыстарын жүргіздім деп, банкке жалған ақпарат ұсынып, 2,5 млрд теңге көлемінде несие алған. Осылайша шипайжайдың экс-президенті жалған кәсіпорындар арқылы ақшаны шығарып, 974 млн теңгені қалтасына басқан. 

2015-2019 жылдары спорттық-сауықтыру кешенін Қазыбек Сұлтанның қызы басқарып келген. Тергеушілер оны ақша жымқыруға көмектескен деп айыптауда. Қазір айыпталушының қызы үйқамаққа алыныпты. 

Ішкі істер ақшаны жымқыру фактісіне қатысты дәйектердің бар екенін алға тартты. Десек те отбасының адвокаты айыпталушылардың кінәлі еместігін айтады.

"Қазыбек Сұлтанға барып, қызыңның кінәсін мойында, қолхат жазып бер, өз кінәңді раста деп тиіседі екен. Алайда тергеушілер сегіз айдан бері оның не үшін қамалғанын айтпаған да", - дейді адвокат Бауыржан Бибатыров. 

Қаражаттың ұрлануы туралы істі ішкі істер министрлігі өз қадағалауына алған. Алайда айыпталушының әйелі тергеуді басқа құзырлы орган жүргізсін деп талап етуде. Өз кезегінде ІІМ өкілдері істі прокуратураның бақылауымен тексеріп жатқанын мәлім етті. 

"Қылмысқа қатысы бар азаматтардың кінәсін сот анықтайды. Қалмұхамет Қасымовтың іске қатысы жоқ", - делінген ресми хабарламада. 

Қазір "Қазақстан" АҚ банкрот болудың аз-ақ алдында. Мекеме банктерге 3,5 млрд теңге қарыз екен. Қазыбек Сұлтанның тағы екі қызы күдікті ретінде тергеуге алыныпты. Ал Альмира Сұлтан болса 62 жастағы күйеунің денсаулығын айтып шырылдауда. Сөзінше, соңғы кездері оның жүрегі мен бауыры сыр беріп жүрген көрінеді. 

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр