Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кәсіби деңгейде емес": Тоқаев үкімет пен әкімдердің жұмысын қатаң сынға алды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы күрес мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

астана

"Баяндама бетінде жағдай бақылауда болғанымен, іс жүзінде олай емес. Президент Әкімшілігіне еліміздің барлық дәріханаларындағы дәрі-дәрмектерді тексеру жөнінде тапсырма бердім. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматыда дәрі тапшылығы, ұзын-сонар кезек әлі де бар. Аса қат дәрілердің бағасы қымбат екені анықталды. Көлеңкелі бизнестің көлемі артып бара жатыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Құқық қорғау органдары көтерме және бөлшек саудамен айналысатын дәріханаларда рейдтер мен тексерулер жүргізген. Тексеру қорытындысы бойынша заңсыз дәрі-дәрмек саудасымен айналысқан 270 адам қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның 116-сы медицина қызметкері. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың жалғаса беретінін, сондай-ақ, кінәлілер заңға сәйкес жазаланатынын атап өтті.

Президент үкіметтің коронавирус пен өкпе қабынуының статистикасын біріздендіру туралы шешімі пандемияның таралу көлемін нақты көруге мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар статистика мен сараптамалардағы кемшіліктердің, жоспарлаудың тиімсіздігінің кесірінен өңірлер өздеріне қажетті дәрі-дәрмектің көлемін нақтылай алмай отырғанын жеткізді. Барлық проблема жұмысты дұрыс жоспарламаудан басталатынын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев, мұны кәсіби шеберліктің төмендігі деп бағалады.

Елімізде шектеу шаралары қабылданғанымен халық әлі де отбасылық мерекелер жасауды жалғастырып жатыр. Атап айтқанда, мұндай жағдай Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Шымкент қаласында байқалады. Президент әкімдер карантин режимін сақтауға бағытталған түсіндіру жұмыстарын әлсіз жүргізгенін сынға алды.

"Әкімдер аса күрделі жағдайда жұмыс істей алмайды. Өзекті проблемаларды шұғыл шешуді, азаматтарға мемлекеттік саясатты дұрыс түсіндіруді білмейді", - деп мәлімдеді президент. Оның ойынша, үкімет мүшелері де, әкімдер де "тоқмейілсудің, масайраудың қақпанына түскен".  

Жиын барысында азаматтарды тесттен өткізу мәселесі де қозғалды. Қазір күніне 32 мың адамнан сынама алатын деңгейге жеткенбіз. Дегенмен өңірлер арасында көрсеткіштердің алшақтығы байқалады.

"Ауру жұқтырған адамдардың санын анықтаудың төмендігі – жергілікті жерлердегі лабораториялардың тиімсіз жұмысының нәтижесі. Мұны нақты көріністі жасырып қалу деп бағалауға да болады. Үкіметке аймақтар арасындағы тестілеу нәтижесін реттеуді қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Біз ешнәрсені жасырмауымыз керек", - деді мемлекет басшысы.

Бүгінде жұқпалы ауру жұқтырған азаматтарға арналған төсек-орындар көбейген. Бірақ бұл өзге медициналық қызмет көрсету орталықтарын жабудың есебінен артып отыр. Соның салдарынан азаматтарға медициналық көмек көрсетудің қол жетімділігі төмендеп кеткен. Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен әкімдерге созылмалы ауруы бар азаматтарға, сондай-ақ, жүкті әйелдерге жоспарлы медициналық көмек көрсетуді кезең-кезеңімен қалпына келтіру жөнінде тапсырма берді.

Талқылау