Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қашып отыр": Талдықорғандағы белді зауытта қолын станок кескен жігіт көпшіліктен көмек сұрады

Алматы облысында 20 жастағы Біржан Ардабайдың қолын станок кесіп, жас жігіт қолсыз қалды. Мүгедек болып қалған азаматтың сөзінше, қайғылы жағдай "Алматинские краски" зауытында болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл Талдықорғанда дүркіреп тұрған зауыт. Түрлі сыйлықтарды алып, жарнамасы жер жарып тұрған мекеме. Бірақ мүгедек болып қалған Біржанның сөзінше, зауыттың басшылығы сен "Алматинские краски" зауытында емес, басқа жерде істедің деп жауапкершіліктен қашып, онсызда сағы сынған жетім баланы сандалтып жүр екен.

Басында баспанасы, жанында ата-анасы жоқ Біржанның осыдан үш ай бұрын 12 мүшесі сау болған. Бірақ бояу шығаратын зауытқа жұмысқа кіргеніне бар-жоғы 13 күн болғанда өндірістік жарақат алған. Сөзінше, тоқтап тұруы тиіс станок қосылып кетіп, қолын кескен.

"Жолға қоятын темір шығаратынбыз, сол темірге қойдық. Негізі қосылмауы керек станок еді, бірақ қосылып кетіп, менің қолымды кесіп кетті", - дейді Біржан Ардабай.

Біржан қазір ай-күні жағындаған келіншегімен бірге егістік басында арамшөп тіктеп, күн көріп жүр. Әйелі екеуі күніне 1100 шақырым болатын жүйектің шөбін тазалайды. Бір жүйекке 700-800 теңге ғана алады, яғни күніне 2 жолдың ғана шөбін тазалап үлгереді. Ал ең сорақасы, Біржан тіршілік қамын ойлап жүргенде, зауыттың адамдары келіп, бір құжаттарға қол қойдырмақ болған екен.

"Жасыратыны жоқ, қашып отыр. "Алматинские краски" деген аты шыққан фирма ғой. Негізі көмектеседі деп ойлағам. Менің қолымда сол "Алматинские краскиде" жұмыс істейтінімді дәлелдейтін құжатым бар. Қазір барсам, мені лақтырып жатыр, басқа жерде жұмыс істейсің деп", - деді зардап шегуші.

Зауытқа барған арна тілшілерін күзетшілер карантинге байланысты кіргізбей қойған. Ал "Алматинские краски" ЖШС басшылары жақын арада жауап беретіндерін айтқан.

Шарасыз қалған Біржан қазір өзіне адвокат жалдап, соттан ғана әділдік күтіп отыр. Қорғаушысының айтуынша, Алматы облысының енбек инспекциясынан да көмек болмаған. 

"Тексеріс барысында Ардабайдың жұмыс берушімен еңбек шарты емес қызмет көрсету шартын жасасқаны анықталды. Қызмет көрсету шарты біздің құзыретімізге кірмегендіктен, бұл кісілерге сотқа бару туралы хаттама бердік", - деді Алматы облысының енбек инспекциясы басқарасының мемлекеттік инспекторы Али Арапов.

Біржан өзін мүгедек қылған зауыттан секем алған, бірақ жігері мұқалмаған, болашаққа сеніммен қарайды. Егер зауыт Біржан сұраған 5 млн теңгені берсе, оған протез алу жоспарланған.

Талқылау