"3,7 миллиард теңге жұмсалады": Алматы көшелері алғаш рет жаңа қағида бойынша қайта жасалмақ
Алматыда көшелерді жаңғыртудың жаңа қағидаты – "қасбеттен қасбетке дейін" енгізіліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы әкімі Ерболат Досаев 2025–2027 жылдарға арналған қалалық бюджет талқыланып жатқан мәслихат сессиясында мәлімдеді.
"Бүгінде әлемнің дамыған мегаполистерінде барлық инфрақұрылымдық қабатты жаңғырту арқылы көшелерді кешенді көріктендіру "қасбеттен қасбетке дейін" қағидаты бойынша жүргізіліп жатыр. Біз Алматыда алғаш рет осы халықаралық тәжірибені қолдана бастадық", – деді қала басшысы.
Әкімнің айтуынша, "қасбеттен қасбетке дейін" қағидаты бойынша қазіргі уақытта Достық даңғылының әл-Фараби даңғылынан Құрманғазы көшесіне дейінгі және Пушкин көшесінің Гоголь көшесінен Райымбек даңғылына дейінгі бөлігін жаңғырту жобалары аяқталды. Құрылыс 2025 жылдың наурыз айында басталады. Бұған 3,7 млрд теңге қарастырылған.
2025 жылы Радостовец, Мақатаев, Әуезов, Гоголь, Жандосов, Розыбакиев және Сәтбаев сынды тағы 7 көшені жобалау аяқталады.
Алматыда АҚШ пен Жапонияның тәжірибесі бойынша ғимараттар сейсмикалық тексерістен өтеді
"Алматыбасжоспар" ҒЗИ ЖШС-нің мәліметінше, жобалық жұмыстар аясында қалалық инфрақұрылымды кешенді қайта құру көзделген. Көшелер заманауи жаяу жүргіншілер жолдарымен жабдықталып, тұрғындардың қауіпсіздігін әрі жайлылығын қамтамасыз етеді. Тротуарларда жайлы орындықтар, күркелер, қоқыс жәшіктері және жаңа жарықтандыру бағаналары орнатылады.
Барлық жұмыс Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы, экологиялық және тартымды орта құруға бағытталған заманауи көріктендіру стандарттарын ескере отырып жүргізіледі.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір киіз үйді 13,5 миллион теңгеге сатып алған