Антикордың экс-басшысы Талғат Татубаев ұсталды
Фото: qazaqstan.tv/Талғат Татубаев/headline.kz/Қайрат Қожамжаров
Қаржы полициясының бұрынғы жоғары лауазымды қызметкерлері, оның ішінде Қайрат Қожамжаровтың серіктесі Талғат Татубаев пен қаржы полициясының тергеу департаментінің экс-басшысы ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұрынғы күштік құрылым қызметкерлеріне қатысты іс азаптау бабы бойынша тергеліп жатыр. Татубаевқа бұл жағдайдан сытылып шығуға прокурорлар көмектесіп жатыр. Қожамжаровтың серіктестері саналатын бұрынғы және қазіргі прокуратура мен өзге де құқық қорғау органдарының қызметкерлері өз әріптесі әрі сыбайласын құтқарып қалуға тырысып жатыр деген ақпарат тарады.
"Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы 2025 жылғы 3 шілдеде Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігі 1) және 2) тармақтарында көзделген қылмысты (азаптау) жасады деген күдікпен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының бұрынғы басшысы Т.М. Татубаевты ұстады", – деп хабарлады Бас прокуратура.
Қазіргі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Қосымша дәлелдер жинауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етуге жатпайды
49 жастағы Талғат Татубаев 2005 жылдан бастап еңбек жолының көп уақытын қаржы полициясында өткізген. Қожамжаров аталған органда басшылық еткен кезеңде Татубаев Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес агенттігінің (Қаржы полициясы) сыбайлас жемқорлық қылмыстарды ашу және алдын алу департаментінің басшысы қызметіне дейін көтерілді. Кейін президент әкімшілігінің құқық қорғау жүйесі бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қысқа мерзім жұмыс істеп, қайтадан сол кездегі атауы өзгерген қаржы полициясына – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына оралды. Ал 2016 жылдың қыркүйегінен 2019 жылдың мамырына дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы болды.
Қайрат Қожамжаров Бас прокурор болып тұрған кезеңде Талғат Татубаев Бас прокуратурасының Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы болып қызмет атқарды, ал кейін 2022 жылдың наурызына дейін Әділет министрінің кеңесшісі лауазымында болды.

"Ет, құрт, қазы, музыкалық аспап алып кіре алмайды": Қазақстандықтар ұшаққа отырарда нені ескеруі тиіс
