Қаржы пирамидасы деп танылған “Asar Baspana” салымшылары депутаттардан кооперативті құтқаруды сұрайды
Asar Baspana салымшылары депутаттардан кооперативті сақтап қалуға көмектесуді сұрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ҚМА
Құқық қорғау органдары Asar Baspana кооперативінің қаржы пирамидасы ретінде жұмыс істегенін мәлімдегеніне қарамастан, мыңдаған салымшы оның ұйымдастырушыларына әлі де сенетіндерін айтады. Олар Asar Baspana негізін қалаушы Нұрбол Туғанбаев пен оның серіктесін қорғау мақсатында ауқымды кампания бастады.
Әлеуметтік желілерде Asar Baspana салымшылары кооперативке сын айтқан жазбалардың астына жағымсыз пікірлер қалдырып, олардың авторларын өтірік айтты және "арманызды бұзды" деп айыптауда. Сондай-ақ олар бірнеше күн ішінде мәжілістің Telegram-чатына мыңдаған хабарлама жолдап, депутаттардан кооперативті "құтқаруды" сұраған, тіпті президентке де жүгінген.
Психолог Ольга Третьякова Asar Baspana салымшыларының ұйымдастырушыларды қорғауы – күрделі, бірақ жиі кездесетін психологиялық механизм екенін айтады.
"Шығын 12,4 миллиард теңге": "Asar Baspana" қаржы пирамидасынан 86 мың адам зардап шеккен
"Адамға өзінің алданып қалғанын мойындау өте қиын. Біз өзімізді ақымақ сезінгіміз келмейді, қателескенімізді де мойындағымыз келмейді. Өз шешімің қате болып, ақшаңды өз сенгіштігіңнің салдарынан жоғалтқаныңды түсіну – жеңілісті мойындаумен тең. Сондықтан шындықты жоққа шығару оңайырақ. Осылайша, адамдар кооперативтің адал жұмыс істегеніне сеніп, оның жабылуын қаскөйлердің айласы деп қабылдайды", – дейді психолог.
Ал қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің пікірінше, мәселе тек жеңілісті мойындаудан қорқуда ғана емес, сонымен қатар еліміздегі ресми институттарға деген сенімсіздікте.
"Адамдарды мұндай схемаларға итермелейтін басты себеп – тез әрі оңай байып кетуге деген құмарлық. Бұл қаржылық сауатсыздық, сыни ойлау қабілетінің төмендігі. Біз мұндай жағдайларды бұған дейін де көрдік, "Гарант 24" оқиғасын еске алыңыз. Сол кезде де адамдар митингке шығып, ұйымдастырушыларды босатса, олар барлық салымшылардың ақшасын қайтарып береді деп сенді", – дейді сарапшы.
Психолог Asar Baspana ұйымдастырушыларының бірнеше тиімді манипуляция әдістерін қолданғанын айтады. Олардың басты құралы ұлттық ерекшелік болған.
"Алаяқтар салымшылардың сеніміне өте шебер кіріп алған. Олар халықтық дәстүрге сүйенеді "Асар – бұл біздің дәстүріміз", қарапайым адамдар бастаған игі іс, ал жаман шенеуніктер оны бұзғысы келеді деп сендіреді. Осылайша, олар "өзіміз – бөтен" механизмін пайдаланды. Салымшылар өздерін үлкен әрі дұрыс бастаманың бір бөлігі ретінде сезінді, ал пирамиданы сынға алушылар автоматты түрде жауға айналады", – дейді психолог.
Еске салсақ, бұған дейін "Asar Baspana" қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары ұсталғаны туралы жазған едік.