Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көрші-туысының сөзіне еріп алаяққа ақшасын ұстатып жібереді": Маман қаржы пирамидаларының белгілері және оларды анықтау жолдарын айтып берді

Қаржылық мониторинг агенттігі қазіргі таңда 15 ұйымға қатысты қаржы пирамидасының белгілері бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Ал пирамидалардан келген шығын көлемі 12 миллиард теңгеден асып кеткен. Бүгінгі таңда ТМД аумағында, оның ішінде Қазақстанда қаржыпирамидалары проблемасы ушығып тұр. Жауапты органдар күдікті ұйымдарға ақша салмауды ескерткенімен, алаяқтарға алданған саны көбеймесе, азаймайды. Бұл мәселеге қатысты Stan.kz тілшісі қаржы маманымен сұхбаттасып, қаржы пирамидаларының негізгі белгілері және олардан сақтану жолдарын сұрап көрді. 

Сурет pexels-тен

Әсел Әулбекова қазақстандықтардың қаржылық сауаты төмен екенін мәлімдеді. Сондықтан жылдан жылға қаржы пирамидаларын байытып жатыр дейді. 

“Біздің халық пирамидалар ұсынған жобаларға қайта-қайта кіре береді. 2 апта бұрын Ақмола облысында “Eolus” пирамидасына қарсы қылмыстық іс қозғалды. Сол пирамиданың өкілдері “Қазақтарды 3 миллиард теңгеге тонап кеттік” деп хат жазып, мазақ етті. Адамдарды осы секілді пирамидаларға ақша салуға 2 нәрсе итермелейді. Біріншісі – ашкөздік. Бай болсын, кедей болсын, жеңіл ақша табуға уәде бергенде көздері ештеңені көрмей, соқыр әрі саңырау адамдай болып қалады. Жеңіл ақша табамын деп компанияның пирамида екенін біле тұра барлығын сол пирамидаға ақша салуға үгіттейді. Нәтижесінде басқаларға қазылған орға өздері түседі. 

Ал екінші себебі – қаржылық сауатсыздық. Бізде көпшілігі компанияларды қалай тексеру керегін білмейді. Пирамидалардың негізгі белгілерінен де хабарсыз. “Қомақты қаржы береді” деген көрші-туыстарының сөзіне еріп, жиған-тергенін алаяқтарға ұстатып жібереді”, – дейді қаржы кеңесшісі. 

Қаржы пирамидасының белгілері қандай?

Әсел Әулбекованың сөзінше, қаржы пирамидасын негізгі 5 белгі арқылы тануға болады. 

  1. “Компанияның ақша тартуға лицензиясының болмауы. Қазақстанда eGov жүйесі арқылы 5 минутта ЖШС ашып, “Бізде БИН номері бар” деп халыққа көрсетеді. Ал халық соған сеніп, мұны лицензия деп ойлайды.
  2. Үлкен табыс табуға уәде беру. Мұндай ұйымдар банк депозитінен 10, 20, тіпті 100 есе көп жылдық мөлшерлемеге уәде береді. Мәселен, банк депозитінің мөлшерлемесі 16% болса, пирамидалар 50-100% ұсынады. Дегенмен тегін ірімшіктің тек қақпанда болатынын естен шығармаған жөн. 
  3. Әлеуметтік желіде, Телеграм, WhatsApp, Instagram-да жаппай жарнама орналастырып, үлкен табыс табуға болатынын жария етеді. Ал жарнамада қауіп-қатерлер жайлы бір ауыз сөз айтылмайды.
  4. Қаржы пирамидалары басқа адамдарды шақырса, одан да көп ақша табуға болатынын айтады. Көбіне рефералды код береді, бірақ бізде сол кодты таратып ақша табатын адамдар баршылық. Олар мұның соңы не боларын тіптен ойламайды. 
  5. Тағы бір белгісі – анонимділік. Қаржы пирамидаларының өкілдері бет-жүздерін көрсетпейді, аудио және бейне қоңырау жасамайды. Тек мессенджер арқылы байланыс орнатады. Есімдері “Джессика, Уильям” деп тұрса да, қазақ және орыс тілдерінде таза сөйлейді. Осының өзі адамдарда күдік тудыруы керек емес пе?” – дейді Әсел Әулбекова.

Әсел Әулбекова

“Қазақ қазақты жеңіл ақша үшін сатып жүр”

Қаржы кеңесшісі еліміздің аумағында белсенді жұмыс істеген бірнеше қаржы пирамидасын құлатқан. Алайда ұйымның пирамида екенін ашып көрсетсе де, мұндай компанияларға ақша салатындар өте көп дейді. 

“Жақында “Eolus” қаржы пирамидасын құлату үшін 2 ай уақытымды бөлдім. Бірақ адамдар желідегі видеоларымды көре тұра бәрібір ақшаларын салған. Қылмыстық іс қозғалған соң ондаған адам “Әттең, видеоларыңызды көрсем де ақша алуға үлгеремін деп қаржы құйып тастап едім. Енді ақшасыз отырмын” деп хат жазыпты. Сондықтан пирамиданы құлату адамдардың көзін ашпайды дер едім. ”, – деп қосты маман. 

Маманның сөзінше, қаржы пирамидаларын кез келген азамат құлата алады. Бұл үшін халықтың қаржылық сауатын арттыру керек. 

“Пирамиданы құлату туралы сөз еткенде ар-намыс мәселесі де күн тәртібінде тұруы керек. Сондықтан қазақтар арасында этикалық-моральді норманы көтерген жөн. Себебі қоғам азғындап барады, қазақ қазақты жеңіл ақша үшін сатып жүр. Адамдар өз тойымсыздығымен жұмыс істегені абзал. Арамдық жолымен келген ақша береке әкелмейді, түбі тек кедейлік пен қасірет. 

Екіншіден, қаржылық сауатты арттыру қажет. Әр адам сақтық танытып, сыни тұрғыдан ойлай бастаса, пирамидаларға клиент жиналмай өздері-ақ жабылып қалады. Сондықтан адамдар өз тойымсыздығымен жұмыс істеуі керек”, – дейді ол. 

Әсел Әулбекова қаржы пирамидасын жарнамалайтын блогерлерді “этикалық нормалары төмен адамдар” деп атап, оларды жауапқа тарту керегін алға тартты.

“Блогерлердің аудиториясы үлкен. Қарапайым адамдар олардың өмірін айлап-жылдап тамашалап отырады. Әрине, желідегі туысы секілді болып кеткен соң блогер жарнамалаған компания сенімді болып көрінеді. Қаржылық мониторинг агенттігі оларды экономикалық тергеу департаментіне шақыртып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуі керек деп ойлаймын. Қаржы пирамидаларын жарнамалайтын блогерді “этикалық-моральдық нормалары төмен адамдар” деп ойлаймын. Алдын ойламайдығ жарнама немесе рефералды бонуспен берілетін ақшаны көргенде “жүрегін жауып қояды”. Олар, әрине, жауапқа тартылуы керек. Егер жауапқа тарту мәселесі қозғалса, “Біз ештеңе білмедік, пирамида екенінен хабарсыз болдық” дейді. Бірақ мен олардың мұндай сөзіне сенбеймін”, – деп түсіндірді Әсел Әулбекова. 

“Ақша салмас бұрын компания жайлы ақпарат іздеу керек”

Қаржы кеңесшісі белгілі компанияға ақша салмас бұрын ол туралы мәлімет жинау керегін мәлімдеді. Бұл үшін қарапайым Google секілді іздеу жүйелерін пайдалануға болады екен. 

“Мысалы, Google-да ұйымның атын жазып, “алаяқтар”, “скам” немесе “пікірлер” деп іздеу керек. Қазақ тілінде мағлұмат өте аз, себебі пирамидалар көбіне Ресей немесе Украинада ашылады. Сондықтан орыс тілінде іздеген дұрыс. Егер “алаяқтар” деген тақырыппен бір мақала болса, мұндай ұйымға ақша салмау керек. Сондай-ақ қаржылық мониторинг агенттігінің “Байқа пирамида” боты бар. Оған компанияның БИН-нөмірін немесе атауын жіберіп, жауап алуға болады. Егер бот “Компанияның лицензиясы жоқ” деп жауап берсе, ақша құймаңыз”, – деп қосты қаржыгер. 

Қаржылық сауатты арттыруды неден бастау керек?

Қаржыгер сөз соңында қаржылық сауатты арттыруға арналған бірнеше кеңестерімен бөлісті. 

“Алдымен азаматтар 6 айлық шығынға тең қаржылық қауіпсіздік қорын құру керек. Егер ай сайынғы шығын 250 мың теңге болса, қорыңызда 1,5 миллион теңге тұруы қажет. Сонымен қатар ай сайынғы табыстың кем дегенде 20%-ын инвестициялаған жөн. Бұдан бөлек “басқа адамдардың ойында ерекше әсер қалдырамын” деген оймен заттарды несиеге алуды доғару керек. Адамдар жеңіл ақша табу жолдарынан бас тартып, сыни тұрғыдан ойлауды дамытуы қажет. Қаржылық сауаттың негізі осы”, – деп түйіндеді Әсел Әулбекова. 

Талқылау