Қаржы министрлігі шенеуніктердің шетелдегі мүлкі үшін ақшаны қайдан алатынын тексермейді
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов ведомство 71 елде мүлкін жария еткен үш мыңнан астам мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің кірісін тексермейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: © istockphoto.com
Вице-министрдің айтуынша, департамент бұл мүліктің барын декларациядан бұрын білген.
“Біз бұл кіріске қатысты ешқандай тексеру жұмыстарын жүргізбейміз. Дәл сол квазимемлекеттік сектор немесе аурухана қызметкерлері бұрын декларация ұсынбаған. Олар декларация негізінде біздің назарымызға іліккен емес, сондықтан тексеру жұмыстары жүргізілмейді”, – деді Ержан Біржанов мәжілістің жалпы отырысында.
Ол қазірдің өзінде төрт миллионнан астам азамат алғаш рет декларация тапсырғанын атап өтті.
Оның пікірінше, шенеуніктердің шетелдік мүліктің бар екенін көрсетуі жақсы көрсеткіш. Министр, осылайша, ешкім ешнәрсені мүлдем жасыра алмайды деп отыр.
“Біз бұл қызметкерлерді мұны декларацияда көрсетуге мәжбүрлеген жоқпыз. Себебі бұл ақпарат автоматты түрде алынды, яғни бұл факт және біз оны көрдік. Қалай болғанда да белгілі бір мемлекеттік қызметкердің, мысалы, оның қаражаты болмаса, үлкен коттедждер немесе виллаларды көрсететініне сенімді емеспін”, – деп қосты вице-министр.
Бұл ретте ол ресми кірістер мен шығыстарды салыстыру, үстелдік бақылау жалпыға бірдей декларацияны енгізуден басталатынын еске салды.
“Егер белгісіз мүліктің құны көп болып көрінсе, әрине, сұрақтар туындайды. Ал біз мұндай тұлғаға ескерту жіберіп, тиісті айғақтар жіберуін талап етеміз. Ал дәлелдей алмаса, санкция бойынша тексеру жүргізіледі. Шетелдегі заңсыз мүлік, қайтарылған кірістер туралы айтсақ, қазір бұл мәселелер бойынша ресми түрде комиссия құрылды. Құқық қорғау функциялары да бар, бұл мәселелер не олар арқылы, не біз арқылы бақыланады”, – деді ол.
Айта кетейік, қаңтар айында Ержан Біржанов мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің шетелдік банктердегі есепшоттарындағы 100 миллиард теңгеден астам қаражатын декларациялағанын хабарлады. Олардың көпшілігі Ресейде, АҚШ-та және Францияда ашылғанын атап өтті.
Сонымен қатар 2005 азамат әлемнің 52 елінде, негізінен Ресей, Түркия және Әзірбайжанда 2483 жылжымайтын мүліктерін жариялады.
Қаржы министрлігі де барша қазақстандықтардың декларациясы көпшілікке жариялану мүмкіндігін жоққа шығармады.
Еске салайық, бұған дейін бас прокуратура жанындағы активтерді қайтару комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков қазақстандықтың мүлкіне “негізсіз байлық” мәртебесі беріліп, ол 11 миллион доллар ақшаны мемлекетке қайтаратынын жазған едік.