Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қарыз сұрап киіндірдім": Алматы облысында көп балалы аналар мектеп формасына бөлінген қаражатты әлі ала алмай жүр

Алматы облысында ата-аналар мектепке дайындау үшін мемлекет бөлетін ақшаны әлі ала алмай жүрген бір топ ата-ана наразылықтарын білдіруде. Ал Қарасай аудандық білім бөлімі шоттары бұғатталып қалғандықтан аударым жасай алмай отырғандарын жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Үш баласын оқытып отырған Назгүл Бекмұхамбетованың бір баласына аз қамтылған отбасы ретінде мектеп формасы берілген екен. Алайда әйелдің айтуынша, берілген форманың сапасы сын көтермейтіні өз алдына, оның ақсысын “Мектепке жол” акциясы аясында берілетін төлемақыдан қысқартып қалмақ. Демек, әр балаға бөлінген 37 мың теңгенің 15 мыңына киім алып қойдық деп, 22 мыңнан беретін болған. Алайда бұл ақша да көп балалы анаға әлі түспеген.

“Мен үш балама қарыз сұрап, 108 мың теңгеге киім алдым. Қарыз алған жандар ақшаны қайтар деп күнде есігімді қағуда. Олар жұрттың бәрі 37 мың теңгеден алып жатыр, сен де алып, бізге ақшамызды қайтар деп талап етуде. Мен әдейі істеп отырған жоқпын. Бұл қаражат түспесе, қалай қайтарамын?” – деді Назгүл.

9 баласы бар Гүлзира Байболсынованың 7 баласы мектепке барады. Оның үшеуіне мектеп формасы берілсе де ақысын ұстаймыз деп отыр екен. Алайда қалған қаражатты да түсірмей отырған білім бөлімі түрлі себеп айтып отыр екен. 

 



“9 баланы асырау оңай емес, 37 мыңды толықтай түсірсін. Киім десе, 3 киіміне 15 мың ұстап, қалған ақшамды толық түсіріп берсін”, – деді Гүлзира Байболсынова.

Үкімет бөлген қаражатты үлестіруге жауапты бас есепші тамыз айында бар ақшаны аударып үлгермедік дейді. Қарасай ауданы бойынша 598 баланың ақшасын берген де, қалған 4100-ден аса баланың қаражаты түспеген. Себебі 12 қыркүйектен бастап аудандағы мемлекеттік мекемелердің шоттары жабылған дейді бас есепші.

“Алматы мен Жетісу облысы болып бөлініп жатыр. Енді міне біздің барлық шотты жауып тастады. Аударғым келгеннің өзінде аудара алмай отырмыз. Қаражат тұр, бірақ аудара алмаймыз”,- деді  Алматы облысы Қарасай ауданы білім бөлімінің бас есепшісі Гүлнәр Досмайлова.

Алматы облысы әкімдік өкілдерінің айтуынша, ақшаны аударуға уақыт жеткілікті болған. Аудандағылардың кеше ғана жабылған шотты себеп қылуы еш шындыққа жанаспайды. Облыстық Білім басқармасы мәліметіне сүйенсек, "Мектепке жол" науқаны аясында ақшасын ала алмай, әрі берген киімдерінің сапасыз екенін айтқан ата-аналар аудандық білім бөлімінің үстінен арызданған. Сондықтан алдағы уақытта Қарасай ауданы әкімдігі, оның ішінде білім бөліміне қызметтік тексеру жүргізілмек.

Талқылау