Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Онда неге тұрмысқа шықтыңдар?": Әйелдер күйеуге шыққан соң оның ата-анасын қарауы керек деген қазақстандық блогер көпке жақпай қалды

Желіде

Фото: Азамат Сәрсенбаевтың желідегі парақшасынан

Желіде қазақстандық азаматтың “күйеуінің ата-анасына қарағысы келмейтін қыз-келіншектер неге тұрмысқа шығасыңдар” деген сөзі қызу талқыға түсті. Көпшілік ер адамның бұл сөзіне ашуланып, ата-ананы әйелдер асырамайтынын айтып, сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Блогер Азамат Сәрсенбаев әйелдердің күйеуінің ата-анасы үшін ажырасатынын сынға алды. 

"Қыз-келіншектерге не болып жатыр өзі? Күйеуімнің ата-анасына қарағым келмегені үшін ажырасып жатырмын дейді. Қарғыс атсын, онда неге тұрмысқа шықтыңдар? Өздерің не айтып тұрғандарыңды естіп отырсыңдар ма? Адамдарға не болды өзі? Шынымен-ақ бәрі осыншалықты кері кеткен бе?", – деп жазды ол. 

“Әйелдер енді тегін қызметші емес, ол заман өтті”

Оның жазбасы біраз қыз-келіншектің ашуына тиіп, қызу талқыға түсті. 

“Қазақ әйелі ретінде айтайын, неке міндеті деп әйелін өз ата-анасына қарыз санайтын әрбір еркек құрысын. Неге әйелдеріңді бүкіл әулеттеріңе құлша жұмсағыларың келеді, білесіңдер ме? Өйткені өздерің олар үшін дым да істей алмайсыңдар”, “Ал сен әйеліңнің ата-анасына қарауға дайынсың ба? Өз ата-анаңа қарауға дайын емес екенің онсыз да түсінікті”
"Дәл солай! Тұрмысқа күйеуге шықтық, күйеуінің ата-анасына күтуші болу үшін емес. Оларға күйеудің өзі қарауы керек. Ал әйел өз ата-анасына қарайды. Айталық, сенің тек қыздарың болса, онда сендерге ешкім қарамай ма осы логикамен? Кешіріңіз, бірақ бұл жерде сіздер шектен шығып отырсыз" 
"Масқара әйел сонда: “Ооо, тұрмысқа шығып, бір бейтаныс әйелдің артын тазалағым келеді!” деген қалаумен тұрмыс құра ма”
“Бауырым, бұл – 21-ғасыр деп аталады. Әйелдер енді тегін қызметші емес, болды, ол заман өтті. Қазір әйелдердің де амбициясы бар, мансабы бар, өз табысы бар. Бізге өмір сүру үшін сендер енді қажет емессіңдер. Енді әйелдер некеге тек жүктемені азайтатын болса ғана тұрады. Ал қосымша салмақ артатын неке ешкімге керек емес. Үй шаруасы мен балаларға күтім – теңдей ортақ. Ал әркім өз ата-анасына өзі қарайды. Сендер үйленгенде құл аламыз деп ойлайсыңдар ма? Өкінішке орай енді бұлай болмайды. Үйренісе беріңдер", – деп жазды көпшілік. 

Алайда Азамат Сәрсенбаевты керісінше қолдағандар да болды. 

“Қарау керек емес, тек келіндік міндеттерді атқарсаңдар болды. Шәй құю, үйді таза ұстау, тамақ дайындау, балалар мен күйеуінің таза, ұқыпты жүруі, үйге қонақ келсе көмектесу. Бұл соншалықты қиын жұмыс па? Ал егер ата-ана әлсіз, күтімге мұқтаж болса, оларды көшеге тастайсыңдар ма? Сендер келін болып түскенде, олар сендер үшін қуанып, қаржылай да, моральдық жағынан да қолдау көрсетті ғой. Азаматтың жазғанының мәнін алдымен түсініп алыңдар, содан кейін ғана анау-мынау деп жаза беріңдер”, – деді қазақстандық.

 "Ал біз тамақ ішпейміз бе?": Енем тамаққа тола тоңазытқышқа емес, ауырып тұрған маған келді

Қазақстандықтан бұл мәселені талқылап қана қоймай, сонымен қатар өз оқиғаларымен де бөлісе кетті.

“Бір адаммен бірге тұрғанмын. Жұмыста сондай шаршайтынмын, тіпті тамақ ішуге де күшім қалмайтын. Демалыс күндері барлық уақытым азық-түлік дайындауға және үй жинауға кететін. Бірде жұмыстан келіп, ауырып қалдым. Киімімді де алмастыра алмай, жаттым, аздап демаламын деп ойладым. Сол кезде енем бөлменің есігін ашты. Ол жас еді, кітапханашы болып жұмыс істейтін. Үйге 5-те келген. Соған қарамастан "Ал біз тамақ ішпейміз бе?" – деді. Сонда ол менің шыққанымды күтіп отырған. Оны мен тамақтандыруға тиіс сияқтымын. Тоңазытқышта да тамақ толып тұр. Мен үйге шаршаған күйде кіргенімді көрді, не болғанын да сұрамады. Осыдан соң өз ата-анама қайттым!”, – деп жазды Әсем Ясмин есімді желі қолданушысы. 



Тағы бір келіншек тіпті қанша үй тіршілігін дөңгелетіп отырса да енесінің өзін жақтырмай араға түсетінін алға тартты. 

“Мен де күйеуімнің анасының құрбымдай болғанын қалар едім. Бірақ өкінішке қарай, ол керісінше менің кетуім үшін барлығын істеді. Ол күйеуім мен оның бауырын маған қарсы қойды. Үйдегі азық-түлік, су, жарық үшін үнемі мені айыптап отырды. Шын мәнінде, тұрмыстық жағынан бізде ешқандай мәселе болған жоқ, мен бәрін істей аламын. Сол себептен ол еш ескерту жасамады. Ал адамгершілік тұрғысынан қарасақ, мені “дұрыс жүрмейді, бірінші болып сәлем бермейді” деп арыздап, түрлі әрекеттер жасайды. Күйеуіме үнемі жазып, менің әр қадамымды сынап отырды. Мен үйден ешқайда шықпай, бәріне есеп беріп отыратынмын. Қатты шаршадым, төрт жыл бойы күйеуім мені қорғауға тырысты. Бірақ нәтиже жоқ”, – деді Әлімжанова есімді келіншек. 

Айтуынша ақырында қызын алып үйден кетуге тура келіпті.

“Күйеуім маған "төз, үндемей отыр, құрметте, бұл менің анам, ал сен келінсің" дейді. Алайда мені жақсы көретінін де жиі айтады. Ол менің бәріне шыдап күтуімді қалайды. Оның ойынша, сонда бір күні үйде бақыт орнайды. Ал мен ол ұйықтап жатқанда тіпті түнде жылайтынмын.

Соңында қызыммен кеттім. Ал ол "анамды тастап кете алмаймын" деді. Сегіз ай бойы күтіп жүрдім, бірақ ол керісінше, мені қайта шақырып жатыр. Ал мен сол үйге қайтқым келмейді. Тіпті бөлек тұруды да қаламайды. Қазір ол: "маған соңғы мүмкіндік бер, бірге тағы біраз уақыт тұрайық. Егер анам қайтадан қысым жасаса, мен көріп тұрсам, уәде беремін, бөлек тұрамыз" дейді. Бірақ іс жүзінде бәрін әлі де анасы шешеді. Маған нақты ештеңе айтпайды. Барлық қаржысын анасы басқарады. Некелескенімізге төрт жыл болды, қызымыз 2 жаста. Ойланып отырмын, маған осындай күйеу керек пе? Ол мені бақылауға тырысады, жұмыс істеуге немесе бір жерге қосымша баруға тыйым салады. Себебі ол намазхан және осыған ұқсас басқа да шектеулер бар. Осы себептен мен өзімді торда отырғандай сезінемін”, – деп қосты ол.

Ал көпшілік жазба астында әйелдерге еркін болып, өздерін таңдауға кеңес берді. Айтуларынша, әйел де, ер де екі жақтың ата-анасына бірдей қарауы тиіс әрі ешкім ешкімді міндеттемеуі тиіс. 

STAN.KZ
Жұма, 19 Желтоқсан, 2025 16:44