Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарамағындағы қызметкерін зорлауға оқталды деген қарағандылық әкімнің жазасы жеңілдемек

Фото: Видеодан скрин

Қарағанды облысында қарамағындағы қызметкерін зорлауға оқталды деп айыпталған ауылдың бұрынғы әкіміне қатысты іс қоғамда резонанс тудырды. Прокурор айыпты жеңіл бапқа өзгертуге ниет білдірсе, жәбірленуші тарап мұны әділетсіз деп санап, істі қайта қарауды талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қарағанды облысында қарамағындағы қызметкерін зорлауға оқталды деген айыппен жауап беріп жатқан ауылдың экс-әкімінің жазасы жеңілдеуі мүмкін. Себебі, соттың кезекті отырысында прокурор айыпталушының бабын өзгертіп, "денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруге" өзгерткен. Бірақ бұған бастығымнан қорлық көрдім деген 23 жастағы қыздың туыстары келіспейді. 

Жәбірленуші тараптың айтуынша, Ақшатау ауылының бұрынғы әкімі қол астында істеген бас маманмен қызметтік үйде бірге тұрған. Сол кезде ол Айтолқын Рақымжанованы зорламақ болғанын, қарсылық танытқан соң соққыға жыққанын айтады. 

Ең сорақысы, экс-әкім қыздың әкесімен тай құлындай тебісіп өскен жан жолдасы екен. Бірақ күдікке ілінген 48  жастағы Нұрлан Сейілбековтың өзі тағылған айыппен келіспей отыр. 

Қызымыз денсаулығынан айырылып, күйзеліске түсті деген әкесі Асыл Рақымжанов мемлекеттік айыптаушының бапты өзгерткенін түсінбейді. Сондықтан олар істің қайта қаралғанын талап етеді. 

"Жан жолдасым келіп, осылай Ақшатауға жұмысқа орналастым. Менің қызым сол жылы оқу бітірген. Мен келіп жұмысқа алып кетейін. Специалист қып аламын. Қасымда болады. Бірге тұрамыз үйде деп. Жарайды дедім. Жан жолдасым ғой енді. Зорламақшы болған. Ұрып-соғып, басын пешке тығып, төрт аяқтатып қойып. Шашынан ұстап орап, үйде пеш бар жер үйде. Сол пешке басын тыққысы кеп, пештің аузын ашып, тығып, артынан шашынан ұстап кәдімгідей пешке басын тығып зорлағысы келген", – деді жәбірленушінің әкесі Асыл Рақымжанов.



Еске салайық, бұған дейін Оралда 5 жасар қызды зорлаған ер адам өмір бойына сотталғанын жазған едік. Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта адам ұрлады және бес жасар қызды зорлады деген айып тағылған БҚО тұрғынына қатысты үкім жарияланды. 32 жастағы ер адамға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің аса қатаң қауіпсіздік режиміндегі мекемесінде өтейді.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 07 Қаңтар, 2026 15:00