Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда әкімдік жетім қыздың пәтеріне таласуда

Қарағандыда жергілікті билік жетім қыз бен оны қамқорлығына алған әйелді баспаналарынан шығаруға тырысып жатыр. Ал сот оларды баспанадан шығаруға келіспеді. Әкімдік енді апелляцияға бермек.

Даудың басы – көлемі бірнеше шаршы метр болатын шағын бөлме. Қарағанды қаласы әкімдігі жетім оқушы қыз бен бірнеше жыл бұрын оны ресми түрде қамқорлығына алған әжесін әлгі жұпыны баспанадан шығаруға әрекеттеніп жатыр. Қыздың әке-шешесі де, баспанасы да жоқ, деп хабарлайды Азаттық.

Әжесі Сайран Әбенованың айтуынша, пәтерді жалға алып тұрған немесе таныстарының босағасын жағалаған талай жылғы сергелдеңнен кейін 2015 жылы жергілікті билік жетім немересі екеуіне бір бөлмелі аядай пәтер берген. Оның тіпті жеке ас бөлмесі де жоқ. Бірақ әйел осының өзіне риза екенін айтып, «тек қуып шықпаса екен» дейді.

Шағын бір бөлмеде тоңазытқыш, газ пеші, қол жуғыш, кішкентай үстел, екі орындық, шағын кереует пен шкаф сығылысып тұр. Бөлмеде тіпті екінші кереует немесе шағын диван қоятын да орын жоқ. Әжесінің немересін барынша аялап, оған қамқор болуға тырысатыны көрініп тұр. Ол баланың онсыз да сот сергелдеңінен әлсіреген психикасын жаралай бермес үшін тіпті өзі жайлы деректерді де толық келтірмеуді сұрайды.

“Мен тіпті тұрмысым нашар деп те шағынып жүрген жоқпын. Қысылып-қымтырылсақ та, немерем екеуімізге жетеді, мынадай болса да баспана ғой. Осы жерден шығармауларын сұраймыз, өйткені барар жеріміз жоқ, баспананы жалға алуға ақшамыз жетпейді. Мына пәтердің коммуналдық қызмет ақысын қалтқысыз төлеп отырмыз. Пәтер кілтін беріп алып, енді неге қуып шығайын деп жатқандарын түсінбеймін. Немерем – тұлдыр жетім, өзім зейнеткермін. Ал жетім баланың баспаналы болу құқығы бар емес пе. Соттарынан да шаршадым, баспана үшін күреспей, немеремді тәрбиелеп, жеткізуім керек қой, бірақ пәтер үшін күресуге тура келіп жүргенін көрмейсің бе?” – дейді Сайран Әбенова.

Азаттық тілшісі жетім қыз бен әжесі тұрып жатқан үйге барған еді. Бір кездері бұл ғимарат емхана болған. Бірақ 2013 жылы оны жетім балаларға арналған баспана мен әкімшілік бөлмелер ретінде қайта жөндеген. Қазір оның бірінші қабатында жетім балалар тұрады.

«Баспанадан шығару» ісін қараған сот қарашаның 6-сы күні аяқталды. Қарағанды қаласы Октябрь аудандық сотының судьясы Сағындықова әкімдіктің «Әбенованы тұрып жатқан баспанадан өзге баспана бермей шығару» туралы өтінішін қанағаттандырмады. Бірақ құқық қорғаушы Әбілда Әбдікәрімовтің сөзіне қарағанда, «бұл – тек жартылай жеңіс». Өйткені, жетім баланы баспанадан шығарып тастамау үшін сот пәтерді жалға беру келісім-шартын заңды деп тануы керек.

“Адам құқықтары конвенциясында балалардың құқықтары анық жазылған тармақ бар. Бұл – атқарушы билік тарапынан жасалып жатқан барып тұрған жүгенсіздік. Біреуде бәрі бар, ал біреудің қолындағы барын тартып алады – олай бола ма екен?! Бұл заңсыздық қана емес, бұл – нағыз әділетсіздік! Мына баспананы дұрыстап заңдастырып, баспананың тиісті құжаттарын Әбеноваға беру керек. Заң бойынша жетімдерге баспана кезексіз бөлінуі тиіс. Әкімдік оларды өзге баспана берместен шығарып жібергісі келеді”, – дейді Әбдікәрімов Азаттық тілшісіне.

Сотқа азаматтық арызбен жүгінген талапкер – Қарағанды қаласы әкімдігі «жауапкерлерге бұл пәтерге ешқандай құжат, мысалы, жалға алу келісім-шарты берілген жоқ» деген уәжбен оларды өзге баспана берместен шығаруды талап етіп отыр. Олардың уәжі бойынша, «бұл баспана – коммуналдық меншік, ал Әбеновалар ол жерде құжатсыз тұрып жатыр». Әкімдік апелляциялық шағым беруге бекініп отыр.

“Бірінші қабат – толығымен Қарағанды қаласы әкімдігінің коммуналдық меншігі. Мұны растайтын құжаттар бар. Жауапкерге әлгі пәтерді жалға беру келісім-шарты немесе өзгедей құжаттар берілген жоқ. Қарағанды қаласы әкімдігінің талаптары заңды әрі қисынды. Жауапкерді өзге баспана бермей шығару туралы талап-арызымызды қанағаттандыруды сұраймын. Әкімдік баспанаға мұқтаж дәл осы жандарды шығаруды мақсат тұтпайды. Қарағанды әкімдігі, бар болғаны өз міндетін орындап, коммуналдық меншік саналатын мүлкін қайтаруға әрекеттеніп жатыр”, – деді сотта талапкер болып отырған Қарағанды қаласы әкімдігінің өкілі.

Бірақ судьяның сұрақтарына жауап берген кезде талапкер өкілі «жетім балаларға арналған жеке баспана кезегі бар, бірақ дәл осы үйге жетімдер кезекте тұрған жоқ» деді.

Істі қарауға қатысқан прокурор әкімдіктің «пәтерді жалға беру келісім-шарты берілген жоқ» деген түсініктемесіне сілтеме жасап, соттан Қарағанды әкімдігінің баспанадан шығару туралы талап-арызын қанағаттандыруды сұрады. Бұған қоса, прокурор әлгі үй «жетім балалар уақытша қоныстанатын» үй екенін айтты.

Әкімдік шығаруға әрекеттеніп жатқан кәмелетке толмаған жетім балаға Қарағанды қаласы білім беру бөлімі араша түсті. Сотта қамқоршылық және қорғаншылық бөлімі секторының өкілі Айдын Ботаев баланың әке-шеше қамқорлығынсыз қалғанын, оны қамқорлығына алған әжесі екеуінде де өзге баспана жоқ екенін ескеруді өтінді.

“Қазақстан Республикасының бала құқығы туралы заңында ҚР тұрғын үй заңдарына сәйкес әр баланың баспаналы болу құқығы бар және заңның 14- бабында ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, оның ішінде жетім балалар тұрып жатқан баспанасынан өзге баспана бермей шығарылмайды деп жазылған. Қамқоршылық органдары әке-шеше қамқорлығынсыз қалып, қамқоршы адамның қарауына берілген баланы жақтайды. Біз бала далада қалмауы, тұратын баспанасы болуы және оған тұрмыстық жағдай жасалуы тиіс деп санаймыз”, – дейді Айдын Ботаев.

Қарағанды қаласы қамқоршылық және қорғаншылық бөлімі секторының бас маманы Айдын Ботаев Азаттық тілшісімен әңгімесінде баспанадан бұлай шығару оқиғалары Қарағандыда «жиі болмайды» дейді.

Құқық қорғаушы Әбілда Әбдікәрімовтің сөзінше, жергілікті биліктің ертеректе берілген баспанада тұруға рұқсат беретін құжаттары жоқ болып шыққан жетім балаларды баспанадан шығару әрекеттері Қарағандыда бұрын да болған.

Мысалы, биыл қазан айында балалар үйінің түлегі, кәмелетке толған жетім қыз – К.Гордеева мен оның кішкентай баласының үстінен Қарағанды әкімдігі берген талап-арызды қарау аяқталды. Әкімдік мемлекеттік тұрғын үй қорындағы баспана саналатын әлгі пәтерге қатысты келісім-шарт бекітілген жоқ деген уәжбен оны да өзге баспана бермей шығаруды сұраған.

Жауапкер жалға беру келісім-шарты бар деп тануды және әлгі келісім-шартты беруге міндеттеуді сұрап сотқа қарсы талап-арыз түсірген. Сот тең аяқталды – әкімдіктің баспанадан шығару туралы арызы қанағаттандырылған жоқ, бірақ жетім қыздың талаптарын да орындаудан бас тартты.

Жас ана кішкентай баласымен әлгі даулы пәтерде тұрып жатыр. Әкімдік жетімді шығаруды талап етіп, апелляциялық шағым бермек.

Тағы да оқыңыз:

Атамбаев шекараны нығайтып, қорғанысты күшейтуге тапсырма берді

Түркістанда жатқан Арыстанбаб кім: «Пайғамбар сахабасы» деген сөз рас па

Мұстафа Шоқайдың берген садақасы оны өлімнан аман алып қалған

Талқылау