Қарағанды тұрғыны әйелінің жүкті екенін босанғанда бір-ақ білген
Қарағандының Ақтоғай ауданы Қызыларай ауылында 42 жастағы әйел жүкті екенін дәрігерлерден, туған-туыстарынан, тіпті күйеуінен де жасырып келген.
Айы-күні жетіп толғатқан әйелді дәрігерлер үй жағдайында тосандырып алды, деп жазады Baq.kz.
Оқиға 8 наурыз күні болған. «Асқазаным ауырып тұр» деп шағымданған әйеліне ері дәрігер шақырып келген. Келіп жеткен дәрігер әйелдің асқазаны ауырмайтындығын, оның толғағы келіп, босанайын деп жатқанын көрген. Дереу акушерді шақырып, екеулеп жүріп әйелді аман-есен, үй жағдайында тудырып алады.
«42 жастағы әйел жүкті екендігін бізден жасырып келген. Сондықтан да тіркеуге алынбаған. 8 наурыз күні толғатып, дәрігер шақырған уақытта ғана жүкті екендігін білдік. Аман-есен тудырып алғаннан кейін, 60 шақырым қашықтықта орналасқан аудан орталығындағы ауруханаға апардық. Біраз күн дәрігерлердің қарауында болды. Қазір нәрестенің де, әйелдің жағдайы жақсы», – дейді акушер Мағзұмқызы.
Дәрігерлердің айтуынша, әйел адам жүкті екенін ешкімге айтпаған. Асқазаным ауырады деп шағымданып, көбінесе Балқаш, Қарағанды қалаларында болған.
«Көршіміздің аяғы ауыр екендігін білмей қалдық. Меніңше ішін көрсетпей тартып жүрген болуы керек. Ауырып жүрмін деп, қалаға барғыштап жүретін. 8 наурыз күні бала туғанын естігенде сенбей, дал болдық. Үй жағдайында босану қауіпті екендігі белгілі. Ауылымыздың дәрігерлерінің біліктілігінің арқасында аман-есен сәбилі болды деп ойлаймын», – дейді ауыл тұрғыны.
42 жасында төртінші баласын туған әйелдің жүкті екендігін тоғыз ай бойы дәрігерлерден, туған-туыстарынан, тіпті, күйеуінен не себепті жасырып келгендігі белгісіз.
Жіберіп алмаңыз:
Өзбекстанда анализ тапсырған ер адам жүкті болып шыққан
Қазақстандық әйел сегіз айда 40 кг салмақ тастағанын айтып мақтанды