Қарағанды облысында 5 маман жұмыстан босатылып, 40 дәрігер жауапқа тартылды
Қарағанды облысының прокурорлары жүргізген тексерістен кейін ақхалатты 5 маман жұмыстан босатылып, 40 дәрігер жауапқа тартылды. Бақылау органдары аймақтағы туберкулезге қарсы диспансерді тексере келе көптеген заңбұзушылықты әшкерелеген.
Бұл туралы 24.kz хабарлайды.
Облыстық туберкулезге қарсы диспансерде санитарлық-эпидемиологиялық ережелер бұзылған. Атап айтсақ, қолданылған медициналық қалдықтар зарарсыздандырылмай, ашық алаңда қалған.
«Сонымен қатар мәжбүрлі емдеуге жіберілген, жұқпалы ауруға шалдыққан 27 науқас ем-шарадан бас тартқан», – дейді прокурорлар.
“Бұл бойынша тексеріс құжаттары сыбайлас жемқорлық қызметіне жіберіліп, ол бойынша алдын ала тергеу жүргізіліп жатыр. Тексеріс нәтижесі бойынша, 10 прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, олар бойынша 25 тұлға, оның ішінде 4 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал 17 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, – дейді облыстық прокуратураның бірінші басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Мағжан.
Облыстық туберкулезге қарсы диспансер жетекшілерінің айтуынша, барлық тіркелген заңбұзушылықтар жойылып, емделуден бас тартқан науқастар тиісті ем-домдарын қабылдап жатыр.
“Аурулар емге көнбей, үйлеріне қашып кетеді. Көбінесе олар үйлері жоқ, абақтыдан шыққандар, құжаттар дайындалып үлгермеген, оған әртүрлі себептер бар. Біреуінің төлқұжаты жоқ, қазір біздің заңгерлер ішкі істер қызметкерлерімен 27 адамды қашқандары үшін құжаттарын дайындап, соттан өткізді. Оның төртеуі Ресейге көшіп кеткен, – дейді облыстық туберкулезге қарсы диспансер директоры Ноян Бидайбаев.
Айта кету керек, Қарағанды облысында туберкулез ауруының көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда – 10%-ға, ал өлім деңгейі 3,5%-ға қысқарған. Жалпы аймақта 20 мыңға жуық адам арнайы есепте тұр.