Қазақстандық өзінің кәсібін әлдекімдерге жалға беріп, енді 12 миллион теңге айыппұл төлеуге мәжбүр
Қарағандылық Адай Бекбаев өзінің кәсібін белгісіз адамдарға онлайн жалға беріп, алаяқтардың алдауына түсті. Ол қазір соттың есігін тоздырып, 12 миллион теңге айыппұл төлеуге мәжбүр. Stan.kz тілшісі кәсіпкердің өзіне хабарласып, істің қалай болғанын сұрап білді.
Фото: Видеодан скрин
Қарағандылық Адай Бекбаев Instagram желісінде жарнаманы көріп, байланысқа шыққан. Оның айтуынша, олармен ешқандай ресми келісімшарт жасалмаған, тек WhatsApp арқылы ауызша келісім болған. Адай өзінің маркетплейстегі шотын олардың қызметкеріне тіркеген. Алғашқы күні-ақ сатылымнан 12 миллион теңге пайда түсіп, сол сәтте оны бұғаттап тастаған.
"Instagram желісін қарап отырғанда "Жалға аламыз" деген жарнамаға көзім түсті. Сілтемені басып, WhatsApp-тағы чатқа өттім. Сол жерде үш күндей сөйлестік. Екінші күні хабарластым, бірақ телефонды көтермеді. Қазір бос емеспіз, кешірек хабарласамыз деді. Кешкі сағат 22:00 шамасында өздері қайта хабарласты. Бірақ мен баламды ұйықтатып жатқанымды айтып, сөйлесе алмадым. Келесі күнге келісіп, таңертең қайта байланыстық. Түскі сағат 12:00 шамасында олар маған өз онлайн дүкеніме кіруге рұқсат беруімді сұрады. Мен сеніп, олардың қызметкерін қосып бердім. Сөйтсем, олардың командасы ұйымдасқан алаяқтар болып шықты. Олар Instagram-дағы жалған парақшаларында 20 мың, 30 мың, тіпті 100 мың жазылушысы бар сияқты көрініп, адамдардың сеніміне кіреді. Видео қаралымдар мен лүпілдерді қолдан көбейткен. Олар онлайн дүкен арқылы төлем жасалады деп сендіреді, бәрі ресми сияқты көрінеді. Бірақ адамдарды алдап, ақшаны иемденеді екен. Міне, осылайша мен 12 миллион теңгеден айырылып қалдым", – деді Адай Бекбаев.
Адай Бекбаев бұл жағдай басқаларға сабақ болуы керек екенін айтты. Әлеуметтік желіде бейтаныс адамдарға сеніп, маңызды деректерді мүлдем бермеу қажет дейді Адай.
"Қосымша арқылы ресми түрде тапсырыс жасасаңыз, ол қауіпсіз болуы мүмкін. Бірақ Instagram, TikTok сияқты әлеуметтік желілер арқылы жұмыс істейтін алаяқтардан абай болу керек. Алғандардың бірі ретінде өзімді мысалға келтіре аламын. Олар Қазақстанның түкпір-түкпірінен адамдарды тауып, жалған мәмілелер жасап, алдап хабарласады екен. Алаяқтар менің атымнан 950 мың теңгелік шотты қойды. Құжат бойынша біреу маған квадроцикл сатып алыпты-мыс. Бірақ мен оны жеткізіп бермеген деп көрсетілген", – деп күйінді Адай Бекбаев.
Бастапқыда Адай Бекбаевқа алаяқтар күнделікті саудадан кейін есеп айырысу керек деп айтқан.
"Тәулік соңында сатылымның 6%-ын, оның ішінде 3%-ын салыққа, 3%-ын сыйақы ретінде аудару керек болған. Бірақ алғашқы сатылымнан кейін-ақ (12 миллион теңге көлемінде) олар мені бұғаттап тастады, ешқандай төлем жасалмады. Өкінішке қарай, ешқандай ресми құжат немесе келісімшарт жасалған жоқ. Полицияға арыз бердім. Алайда олар алаяқтарды табу мүмкін емес екенін айтты. Қазір сот процестері жүріп жатыр. Барлық дәлеліме қарамастан, сот мені бұл іске кінәлі деп тауып, онлайн дүкен арқылы тауарға төлем жасаған адамдарға ақшаны қайтаруды міндеттеді. Осылайша, олар мені кінәлі етіп көрсетіп, өздері ақшаны қалтасына басты. Ақша онлайн әмиянға түскен сәтте-ақ, олар оны дропперлердің есепшотына аударады. Дропперлер бұдан өз үлестерін алады, кейін ақшаны криптовалюта биржаларына немесе басқа жолдармен аударып жібереді", – деді Адай Бекбаев.
Адайдың айтуынша, басты қатесі – асығыс шешім қабылдауы. Енді ол барлық деректі екі рет тексеріп, күдікті ұсыныстарға сақтықпен қарайтынын айтты.
"Әлеуметтік желіде немесе интернетте бейтаныс адамдарға сенуге болмайды. Өте тиімді ұсыныстарға, шұғыл шешім қабылдауға итермелейтін әрекеттерге күмәнмен қарау керек. Қаржылай деректер мен жеке ақпаратты тексермей ешкімге бермеу маңызды. Бұл оқиғаны айтып, мені біреу аяғанын қаламаймын. Бар ойым – барынша көп адам бұл туралы біліп, осындай алаяқтықтан сақ болсын", – деп түйіндеді Адай Бекбаев.
Ал заңгер Нұрсұлтан Орынбеков алаяқтар қазір жауапкершіліктен қашу үшін және іздерін жасыру үшін делдалдарды (дропперлерді) пайдаланады. Оның айтуынша, кей дропперлер бұл қадамға біліп немесе білмей барады. Көбіне білмей баратындар маркетплейстің деңгейін көтеріп береміз, 12 ай бойы айналымды арттырып беремін деп сендіреді.
“Бірнеше айда оларға полиция шотыңызға ақша түсті деп хабарласып шақырады. Себебі ақша кімнің шотына түседі, сол жауапты болып тіркеледі. Өкінішке қарай, бізде дропперлерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған. Алайда дропперлердің шотына түскен қаржы есірткі айналымына қатысты болса, сол кезде оларға жаза қарастырылуы мүмкін. Егер басқа да ақшалай алаяқтық әрекеттер тіркелсе, Азаматтық кодекстің 953-бабына сәйкес “Негізсіз байлықты қайтару міндеті” бойынша Азаматтық сотқа талап-арызын жолдап, өндіре алады. Сонымен қатар екі арада келісімшарт жасалмай, үшінші адамға ақшаны аударып жіберген жағдайда да осы бап жүзеге асырылады”, – деді Нұрсұлтан Орынбеков.
Фото: Нұрсұлтан Орынбековтің жеке архивінен
Заңгердің сөзінше, жәбірленуші сотқа жүгінсе, заңгерлік өкілдікке берген шығыны – 10%, мемлекеттік БАЖ салымы – 1%-ды қайтарып беруге міндеттеледі.
“Әр адам өзінің банктегі жеке шотына, персоналды түрде жеке жауап береді. Кәсібіңізді туысыңыз, досыңыз жалға алса да, құжатта сіздің атыңыз көрсетілсе, сіз жауапты боласыз”, – деді Нұрсұлтан Орынбеков.
@aday.bekbayev история о том как не нужно делать и как я попал на 12 000 000 тенге #историяизжизни #попал #рекомендации #каспи ♬ оригинальный звук - Aday Bekbayev