Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыдағы жаппай улану: Тағы екі бала ауруханаға жатқызылды

Қарағанды ​​облысының денсаулық сақтау басқармасы Қарағанды ​​облыстық мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан ауруханаға түскен екі тәрбиеленушінің жағдайы туралы баян етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Балалардың жағдайы тұрақты, нашарлаған жоқ. 1 тамызда жаңадан түскен екі баланың біреуінің жағдайы орташа ауырлықта, екіншісі қанағаттанарлық. Екеуі де бөлімшеде жатыр. Жағдайы тұрақты", – делінген хабарламада.

Облыстық клиникалық аурухананың жұқпалы аурулар орталығының бөлімшесінде емделіп жатқан екі бала үйге шығарылды. Олар дәрігерлердің бақылауында.

Сондай-ақ, Қарағанды ​​облыстық мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығы емханалардың медицина қызметкерлерінің кезекшілігін ұйымдастырғаны айтылды.

Айта кетейік, 1 тамызда Қарағанды ​​облысындағы арнайы орталықтан 12 баланың уланып ауруханаға жеткізілгені хабарланған болатын. Бір бала медициналық мекемеде қайтыс болды, тағы алтауы жансақтау бөліміне жатқызылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қарағандыда балалардың жаппай уланғаны,  Министр мен бір топ дәрігерлердің Қарағандыға кеткені және Бас Прокуратура осы іс бойынша тергеу жүргізіп бастағаны туралы жазған едік. 

Талқылау