Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда жасөспірім қатарласына сіріңке лақтырып, өртеп жібермек болған

Қарағандының Ақтоғай ауданы Шашубай ауылында 16 жастағы жасөспірім 14 жастағы Нұрсұлтанның киімін өртеп жіберген. Салдарынан жасөспірім ауыр күйік алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Facebook.com/balakeshova

Жәбірленуші баланың анасының айтуынша, оқыс жағдай үй ауласында болған. Нұрсұлтанның жанында өзімен қатар тағы үш жасөспірім болған. Арасындағы үлкені бензинді иіскеп көруді ұсынғанда жанармай Нұрсұлтанның шалбарына төгіліп кеткен. Сөйтіп 16 жастағы жасөспірім бензин үшін өтемақы ретінде 4 мың 500 теңге сұраған. Нұрсұлтан өзінде ондай ақшаның жоғын айтқанда жасөспірім оның киіміне өрт қойған. 

Нұрсұлтан шалбарды шешуге тырысқанымен жанармай сіңген мата теріге жабысып қалған. 

“16 жасар баланың енжарлығына таң қалдым. Ол жедел жәрдем де шақырмаған, не жақындарынан көмек сұрамаған. Ол жай ғана үйіне барып, шалбар алып келіп, кисін деп ұлыма берген. Сондай-ақ ол болған жағдай туралы ешкімге айтпауды талап еткен”, – дейді Нұрсұлтанның анасы.

Аяғын күйік шалған Нұрсұлтан Балқаш ауруханасына жатқызылды. Дәрігерлер оған орта дәрежедегі күйік деген диагноз қойды. Оның анасы баласының мектепте де қатарластарынын қорлық көретінін айтты. Алайда ол іс жабылып қала ма деп қорқады. 



Қарағанды облысының полиция департаменті 18 қыркүйекте қылмыстық іс қозғалып, күдіктінің аты-жөні анықталып, одан жауап алынғанын мәлімдеді. 

“Күдіктінің жасына байланысты міндетті кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындалды. Қорытындыны алғаннан кейін қылмыстық іс сотқа жолданады. Тергеу Қарағанды ​​облысының полиция департаменті басшылығының бақылауында”, – делінген хабарламада.

Бұған дейін Ақтауда мектеп оқушысын қатарластары соққыға жыққаны туралы жазған едік.

Талқылау